Астана қаласындағы бесінші ауданының атауы белгілі болды
Бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың төрағалығымен Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтіп, Астана қаласындағы жаңа ауданның атын бекіту мәселесі қаралды. Комиссия шешіміне сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ұсынған «Нұра» атауы бекітілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар, вице-министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Астана қаласындағы бірқатар жаңа көшелерге «Тарихи тұлғалар» тізіміндегі белгілі азаматтардың есімі берілгенін жеткізді.
– Астана қаласы әкімдігінің ұсынысына сәйкес шаһардағы бесінші ауданға «Нұра» атауы беріліп, бірқатар көшелердің және алаңдардың атауы жаңартылды. Олар:
Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы;
Әл-Фараби даңғылы;
Гейдар Алиев көшесі;
Асқар Забикулин көшесі;
Әскен Нәбиев көшесі;
Сырбай Мәуленов көшесі;
Мәншүк Мәметова көшесі;
Шапық Шөкин көшесі;
Санжар Асфендияров көшесі;
Бердібек Соқпақбаев көшесі;
Бейбарыс Сұлтан көшесі;
Мағжан Жұмабаев даңғылы;
Қарамерген көшесі.
Өткен жылы асқан ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімі Астана қаласы Есіл ауданындағы Е 583 көшесіне берілді, – деп жазды ол.
Еске салайық, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге көше атын беру бастамасын Президент көтерген еді.