Астанада зергерлік өнер көрмесі ашылды
Елордада Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Зерде» атты зергерлік өнер көрмесі ашылды. Көрмеге зергерлік өнердің қас шеберлері қолынан шыққан бұйымдар қойылған. Олардың ішінде алтын жалатылып, түрлі бағалы тастармен әшекейленген қару-жарақ, қылыш, қанжар, айбалта, сондай-ақ асатаяқтар бар. Сонымен қатар алтын домбыра, күміс ер-тұрман және әйелдердің асыл бұйымдарын да көруге болады.
Желтоқсанның 14-і күні Астана қаласында Назарбаев орталығының күміс залында ҚР Тәуелсіздігінің 21 жылдығына орайластырылған зергерлік өнер көрмесінің ашылу салтанаты өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі мамандарының хабарлауынша, алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайының залдарында өткен көрме зергерлік өнердің қас шеберлері: Берік Әлібай, Естай Даубаев, Надырбек Жээренчиев пен Үсен Сейдалиев сынды Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлерінің өткені мен бүгінгісін тұтастырып, өрнектердің құпия сыры мен металдың пластикасын паш еткен. «Зергерлік өнер көрмесінде ұсынылған зергерлік бұйымдар бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған», – дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, «Зергер» зергерлік өнер көрмесі 2013 жылдың 15 қаңтарына дейін жұмыс істейді. Көрмені ұйымдастырған: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алтын және бағалы металдар мұражайы және Назарбаев орталығы.
Рауан ЕСҚАЛИ, ҚР мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз хатшысы:
– Көрменің ашылу салтанатында ҚР мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай: «2017 жылы елімізде өткелі отырған халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінде тек экономикамызды ғана емес, мәдениетімізді де, білімімізді де, өнерімізді де паш ететін мүмкіндік туады», – деп атап өтті. Соған осы бастан әзірленіп, осындай қолөнер туындыларын көптеп дайындауымыз керек. Шынымен-ақ «Зергер» көрмесі қазіргі заманғы отандық зергерлік өнерді жаңа белеске шығарған айшықты да тартымды қолөнер туындыларын топтастырған.