Атырау облысының Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды
Ойыл өзенінің тасуына байланысты Миялы ауылының батыс бетінде 50 метр жер биіктетіліп, қорғаныс бөгеттері күшейтілді.
Ойыл өзенінің тасуына байланысты Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды. Миялы ауылының батыс бетінде 50 метр жер биіктетіліп, қорғаныс бөгеттері күшейтілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі таңда қорғаныс мақсатында өзен жағалауына 300 тонна құм мен 500-ден астам топырақ толтырылған мөшек қойылды.
Оқиға орнында 3 ауыр техника (2 КАМАЗ, 1 погрузчик), 70-ден аса ауыл жастары еріктілер жүр. Төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкері қаупі бар аймақтарда күшейтілген кезекшілікте тұр, деп мәлімдеді Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің хабарлауынша, бүгін ауылдағы үйлерді су басудың алдын алу үшін «Миялы – Қарабау – Индер» автожолын жыру туралы шешім қабылданды. Қауіп сейілгеннен кейін жол қалпына келтіріледі.