Атырауда ауа жоқ
Белгілі бір жайт бар: қара алтынымен алысқа аты озған Атырау бүгін ауаға зәру. Қаланың қақ ортасында орналасқан мұнай өңдеу зауыты, басқа да өндіріс орындары қоршаған ортаның ахуалына, қала тұрғындарының саулығына оң әсер етіп отырған жоқ. Бұл – біздің ойдан шығарған сөзіміз емес, «Республикалық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС ресми мәліметі. «Аджип ҚКО» компаниясымен арадағы келісімшартқа сәйкес, Республикалық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы өткен жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында ауада көмірсутек пен меркаптанның таралуына зертханалық сараптама жасаған болатын. Нәтижесінде мұнайлы қалада нафталин, фенантрен, антрацен сынды хош иісті көмірсутектердің көбейіп кеткені анықталды.
Атыраулықтар тыныстап жүрген ауаның құрамында күкіртсутек пен азот оксиді бірнеше есеге көп. Бұл туралы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында белгілі болды. «Республикалық атмосфералық ауаны қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры Рысты Құттығұлова «Қазгидромет» РМК, «Аджип ҚКО», «АМӨЗ» ЖШС мекемелеріндегі ауа мониторингісінің автоматтандырылған тоғыз стансысы ұсынған мәліметтерді негізге ала отырып жасаған баяндамасында тағы бір «қызықты» атап өтті: стансылардан алынған мәліметтер бір-біріне қайшы келеді екен. Мысалы, «Аджип ҚКО»-дағы мәліметтер зиянды заттектердің шектеулі мөлшерінің көбейгенін көрсетіп тұрса, «АМӨЗ» ЖШС-ға қарасты стансыларда бір қалыпты нормадан аспаған. Сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс болғаны? Әзірге белгілісі, 46 кәсіпорын мен 832 шығарындылар көзі қоршаған ортаны ластау көздері санатына еніп отыр. Ауа сапасы мониторингісінің аджиптік стансысы көрсеткен мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы қаладағы ауада күкіртсутектің шамадан тыс болғаны байқалған. «Облыстық әкімдік», «Восток» стансылары болса «Химиктер кенті» ауданында күкіртсутектің әсіресе кеште, түнде және таңертеңгі уақыттарда жоғары екенін көрсетеді. Ал «Вокзал маңы», «Шағала» стансыларында азот диоксидінің артуы тіркелген. Және осы екі ауданға қоса «Әкімдік», «Авангард» ықшамаудандарында орналасқан стансыларда меркаптандардың мөлшері көбейіп кеткені байқалыпты. Мұнымен қоса атмосфералық ауаның жерасты қабатында органикалық емес шаң-тозаңдар, бензол, күкіртсутек, ксилол, толуол, этилбензол сынды заттектердің жоғары концентрациясы тіркелген. Осы жерде баса айта кетер бір мәселе – ауа қабатына шығарылған күкіртсутектің 80 пайызының Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі екендігі. Ауа ластаудан одан кейінгі орындарды «ҚазТрансОйл» АҚ, «Атырау ЖЭО» ЖШС, КТК компаниялары иемденеді.
Бүлінген топырақ, тыныс тарылтқан автокөлік түтіні
Автокөлік құралдары да ауа бассейнінің ластануына біраз «үлес» қосып отыр. Күні бүгін Атырау қалалық жол полициясы басқармасының мәліметі бойынша, қаланың өзінде 31 680 автокөлік тіркелген. Көлік түтіндерінің өзінде екі жүзге тарта химиялық заттар болады екен. Бұл онсыз да экологиялық ахуалы мүшкіл аймақ үшін тағы бір соққы іспеттес. Қанша жерден көпірлер бой көтергенімен, қалада магистральдар мен бұрылыстардың жоқтығы біраз проблеманың бастауы болып отыр. Сонымен қоса, жерасты сулары мен топырақты зерттеген ғалымдар топырақтың, әсіресе Балықшы ықшамауданының өнеркәсіпті бөлігінде және Вокзал маңында, «Восток» ауданында, бұрынғы булау-шаю стансысының маңында бүлінгендігін анықтаған. Қорғасын концентрациясының жоғары болуымен қатар, Атырау жеріндегі топырақ ауыр металдармен бүлінген, яғни күшән концентрациясы – 4,3 ШМК, мырыш – 2,2 ШМК, хром 19,2 ШМК-ін көрсетіп отыр. Атыраудың ауасы мен адамдарының саулығын зерттеуге алған ғалымдар тобы тағы да бір жарым жыл жұмыс жасайды. Екінші зерттеу жұмысы атыраулықтардың немен және неге ауыратындарын саралауға арналып отыр. Ақтөбе медицина академиясының кафедра меңгерушісі Шадыман Насухтың айтуынша, экологиялық зерттеулер нәтижелері дайын болған күннен бастап медициналық зерттеулер басталмақ және онымен құрамында доктор, профессор, тәжірибелі мамандардан құралған арнайы топ айналысатын болады.
«Жасылдандыру бағдарламасы» жарылқаса жақсы
Мұнай-газ өндірісінің әсері, бұрын теңіздің орны болған жерлерден үздіксіз көтеріліп тұратын миллиондаған тұз аралас шаң-тозаң, химиялық заттармен қаныққан су, құнарсыз сор, сазды топырақ... Атыраудың «бас ауруына» айналған экология мәселесі осындай анықтамалар арқылы да түсіндіріледі. Жыл сайын ауаға лас қалдықтарды тастау көрсеткішінің артып келе жатқаны тағы бар. Өткен жылы облыста 99,8 мың тонна қалдық таратылса, соның ішінде қалаға 74 мың тоннасы жайылған. Бір ғана «Атырау су арнасы» мекемесінің өзі 29 мың тоннадан астам қалдық тастапты. Бұл – әзірге облыста интеграциялық мұнай-химия кешені, газ-турбиналық электрстансысы, мұнай өңдеу зауыты хош иісті көмірсутекті өндірісі кешені, ТШО-дағы үшінші буын зауыты, «Аджип ҚКО»-дағы екінші зауыт, автономды мұнай-битум зауыты іске қосылмай тұрғандағы көрсеткіш. Күндердің күнінде осы аталған ірі өндіріс орындарының бәрі ашылып, жұмыс жасаған кездегі халіміз қандай болмақ? Жергілікті атқарушы биліктің «бас қатырып отырған» басты мәселесі – осы. Тығырықтан шығар жалғыз жол ретінде жақында облыс әкімі «Жасылдандыру бағдарламасын» жасақтап, ұсынды. Қаланы көгалдандыру мен абаттандыру мақсатында біраз жұмыстар жасалып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. «Жасылдандыру бағдарламасының» негізінде 2020 жылға дейін қаланың іші мен сыртындағы сортаң дала, 4280 гектар жер жасыл алқапқа айналатын болады. Бірақ бұл жерде де проблема жоқ емес. Мысалы, Атыраудағы топырақтағы тұздың мөлшері ағаш өсетін қалыпты жағдайдан 70 есеге артық. Жер қойнауының су қосындысы да сортаң мен батпақтан тұрады. Жауын-шашынның аздығы да топырақтың бүлінуіне әкеліп отыр. Егілген көшеттің сондықтан да жапырақ жайып кете қоюы неғайбіл. Осы мәселені жан-жақты білетін ғалымдар тобы жұмыс жасап, олар облыс орталығындағы бірқатар аудандардың топырақтарын зерттеді. Соның нәтижесінде қалада өседі-ау деген 72 түрлі өсімдіктің аты белгілі болды. Енді «Жасылдандыру бағдарламасының» аясында алдағы он жыл ішінде Қарабатан зауыты мен ТШО, Аджип ҚКО-ның аймағы, қаланың шығыс жағы жасыл желекке оранбақ. Соның арқасында микроклимат пен экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады деген үміт бар. Бұл жоба, сондай-ақ Жайық өзенінің суын молайтуға да үлес қосатын болады. Мамандар «Егер жағалауды жасыл желекке толтыратын болсақ, өзен суының мөлдірлігі екі есеге артады» деп отыр. Облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы жергілікті ақпарат құралдары арқылы таратқан үндеуінде аталмыш бағдарламадан күтілетін нәтижені де жасырып қалған жоқ, қадап тұрып айтты: «Жоба лайықты жүзеге асқан жағдайда ауадағы лас заттар бекітілген нормаға сәйкестенеді, халықтың ауруханаға жатып емделуі 4-6 млрд теңгеге кемиді, сәби өлімі 50 пайызға азайып, денсаулығы нығаяды. Балалар мен жастардың үнемі таза ауада болып, спортпен айналысуына жағдай жасалады, сондай-ақ 2800 жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнес субъектілері 140 бірлікке өседі», – деп. Расымен де, көгалдандыру кең құлаш жайса, қаланың жалпы ахуалы, өмірге қолайлылығы артар еді. Атыраулықтардың аталған бағдарламаға сенім артып отырғаны да сондықтан.