Атырауда шприц зауыты ашылады
Мұнайлы аймақта инвестициялық жобалардың жүзеге асуы қарқын алуда. Шикізат шығаруды ғана емес, оны өндіруді мақсат еткен Атырау аймағында ағымдағы жылдың маусым айында бір реттік шприц шығаратын жаңа зауыт пайдалануға беріледі.
Қазыналы өлкеде бұрын болмаған жаңа жобаның бірі – медицина саласына пайдаланылатын бір реттік шприц өндіру зауытын осы аймақта ғана емес, жалпы Қазақстанда алғаш қолға алынып отырған жоба деп тануға болады.
Әрине, кеңес кезеңінен Павлодар қаласында осындай зауыт салынып, қызмет етіп келеді. Бірақ қазіргі таңда бұл зауыт елдегі бір реттік шприцке деген сұранысты қанағаттандыра алмай отыр десек те болады. Ал Атыраудаға зауыттың қуаттылығы жылына 250 млн дана шприц өндіруге жетеді. Болашақта оған деген сұраныстың туындауына сәйкес, зауыт өз көлемін молайта алатын жағдайда.
Отандық өнімге қадам жасаған жаңа зауыттың директоры Дәулет Досалиевтің айтуынша, шикізат Оңтүстік Корея, Бельгия, Ресей елдерінен алынуда. Зауыттың «Пресс-машина» цехында шикізат өңделіп, қалып дайындалады. Оны мамандар микроскоп арқылы тексеріп, жарамдылығын қарайды. Осы жүйеден өткен соң, «Жинақтау» цехында шприцтің барлық бөліктері құрастырылады. Содан соң, «Залалсыздандыру» жабдығына салынған 3, 5, 10, 20 грамдық шприц түрлері 10 сағатқа дейін соның ішінде тұрып, уақыты болған соң пайдалануға шығарылады.
Оңтүстік Кореяның заманауи жабдықтарымен жасақталған зауытта осы елде шприц шығарудың жолдарын жіті меңгеріп келген алты маман өз әріптестеріне тәжірибелерін үйретуде. Жергілікті кадрлардан құрылған ұжым екі ауысыммен қызмет істейді.
«Елімізде бір реттік шприцке деген сұраныс қандай мөлшерде?» десек, әр қазақстандыққа жылына 20 шприцтен келеді екен. Атырау аймағында 500 мыңдай халыққа 10 млн шприц қажет болады.
Зауыт директоры Д.Досалиев үш грамдық шприцтің құны – 5 теңге, өзгелеріне мөлшеріне сай баға белгіленетінін айтып отыр. Болашақта елімізде тұңғыш рет халықаралық стандартқа сай өнім шығаратын зауыт өнімі Атырау облысына көршілес облыстар мен еліміздің барлық аймағына, қала берді, алыс шетелдерге шығарылуы көзделіп отыр. Денсаулық саласына аса қажетті отандық өнім шығаруды мақсат еткен зауыт ағымдағы жылдың жартыжылдығында пайдалануға беріледі.