Атырауда төбелескен оқушылардың ата-аналары айыппұл төледі
Атырауда төбелескен оқушылардың ата-аналары айыппұл төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы №27 И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушылары арасындағы төбелес туралы ақпарат тараған.
Осыған орай аталған мектептің директоры Ару Қосымбаеваның айтуынша, 10-сынып оқушылары сабақтан кейін үйлеріне қайтар жолда бір-бірімен келіспей қалған. Келіспеушіліктің соңы төбелеске ұласқан.
«Төбелес жайлы естіген бойда оқушыларды, олардың ата-аналарын мектепке шақырып, мән-жайды анықтадық. Ата-аналар да, балалар да өзара келісімге келіп, татуласты. Оқушылар сабаққа қатысып жүр. Кейіннен ата-аналары өзара келісе алмай, екеуі де мектепке ескертпестен сотқа шағымданған. Ата-аналарды мектепке қайта шақырып, түсінік жұмыстары жүргізілді. Мектеп әкімшілігінің ықпалымен ата-аналар өзара ымыраға келіп, татуласты. Сот шешімімен ата-аналар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төледі. Қазір төбелескен оқушылардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасы түзелді», -дейді Ару Сүндетқызы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлік жүргізген жассөпірім ұсталғанын жазған.