Атырауда тұтас ауыл құм астына кетуі мүмкін
Исатай ауданының Исатай ауылын биыл бұрын-соңды болмаған құм көшкіні басып қалуы мүмкін. Ауыл аудан орталығынан 100 шақырым жерде. Үстімен теміржол өтеді. 1500 тұрғыны бар елді мекен әйгілі Нарын құмының етегінде орналасқандықтан, мұндай жағдай исатайлықтарға таңсық емес еді. Бірақ қазіргі ахуал ауыл тұрғындарын түгел алаңдатып отыр.
Себебі көшені басқан құм төбешіктерін айналып өтпесең, емін-еркін жүру мүмкін болмай қалған. Тіпті кейбір үйлер шатырына дейін құмға көмілген. Газ, су құбырлары да құм астында жатыр. Құбыр жарылса, апаттың орнын табу да оңай емес. Электр бағандарының тоқ жүретін сымына кей жерлерде қолыңды созсаң жетіп тұр. «Көшкіннің жолын бөгеп тастау қиын, ерте ме, кеш пе, бәрібір құм басып қалады», – дейді жергілікті тұрғындар.
Қалыптасқан жағдайдан атқарушы билік органдары хабардар. 2008-2010 жылдары теміржолды құм көшкінінен қорғау үшін ауылдың айналасына, сегіз гектар жерге сексеуіл отырғызылған екен. Алайда жақсы бастама кейін жалғасын таппаған. Тығырықтан шығар жол сексеуіл отырғызу жұмысын қайта бастау, дегенмен сексеуілге қажетті су алатын каналды да құм басып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, тұтас ауыл құм астына кетуі ғажап емес.