Атыраудың Исатай ауданына биылға екінші мәрте жаңа прокурор тағайындалды
Атырау облысының Исатай ауданына жаңа прокурор тағайындалды. Бас прокурордың бұйрығымен бұл лауазымды Аслан Тұрғанов атқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, Аслан Тұрғанұлы 1983 жылы Атырау облысында дүниеге келген.
«Прокуратура органдарында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Әр жылдары Жылыой және Исатай ауданы прокурорларының көмекшісі, Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Исатай ауданы прокурорының орынбасары, облыс прокурорының көмекшісі қызметін атқарған. 2019 жылдың сәуір айынан осы тағайындауға дейін облыс прокурорының ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі аға көмекшісі болған», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Сыныптық шені – әділет кеңесшісі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау қаласы мен облыс аудандарының прокурорлары тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.
Исатай ауданының прокуроры лауазымын 2019 жылдың тамызынан бері Руслан Айтимов атқарған.
Ол биылғы қаңтарда Атырау қаласының прокуроры болып тағайындалып, оның орнына Дәурен Медетбеков кіріскен еді.
Дәурен Түзелбекұлы бұрын Жамбыл облысы Мойынқұм, Жамбыл аудандары прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Жамбыл облысы прокуратурасының мемлекеттік органдарының қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры, аға прокуроры жұмыс істеген.
Кейін Тараз қаласы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау бөлімінің бастығы, Жамбыл облысы прокурорының табиғат қорғау заңнамасының қолданылуын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының прокуроры болған.
2017 жылдың қарашасынан бері Атырау облысы Жылыой ауданының прокуроры лауазымын атқарған.