Ауғандықтар «соғыс ардагері» мәртебесін сұрайды
Ауған соғысына қатысқан қазақстандық азаматтар өздеріне «соғыс ардагері» деген құқықтық мәртебе берілуін қалайды. Ауған соғысына қатысқандардың пікірінше, бұл мәселе Парламент қарауында он жылдан аса уақыт талқыланып келсе де, әлі күнге дейін нақты бір шешім қабылданбаған. Жуырда Алматыда интернационалист жауынгерлер осы мәселеге байланысты кезекті баспасөз мәслихатын өткізді.
Ауған соғысының ардагерлер және мүгедектер бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіровтің айтуынша, заңды тұрғыда «соғыс ардагері» деп танығанда ғана қоғам мен билік өкілдерінің Ауған соғысына қатысушыларға деген көзқарасы өзгереді. Ал қазіргі қолданыстағы «Ардагерлер туралы» Заң 1995 жылы қабылданғандықтан, ол заман талабына сәйкес келмейді. 1999 жылы Үкімет шешімімен заңдағы бірқатар жеңілдіктер алынып тасталып, тек арнайы жәрдемақылар ғана қалған. Оның өзі айына 9-ақ мың теңге. Ол не болады, неге жетеді? «Сондықтан «Ардагерлер туралы» заң жобасында әлеуметтік қолдау мәселелері жүйелі түрде ретке келтірілуі тиіс. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын есепке ала отырып жүзеге асырылуы қажет», – дейді ол. Ауған соғысының ардагерлері халық қалаулыларына төмендегі сұрақтарды қойып отыр:
1. Әскери шиеленіс қатысушыларына бірыңғай мәртебе беру керек деп ойлайсыз ба?
2. ҰОС-тың ардагерлері және соларға теңгерілген азаматтарды мемлекеттік қорғау жөніндегі заң жобасын қолдауға дайынсыз ба?
3. ҰОС-тың ардагерлері мен соларға теңгерілген азаматтардың өміріне лайықты арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемі қандай болу керек?
5. Әскери шиеленіс қатысушыларына қатысты заңды жаңадан енгізу қажет пе, әлде 1995 жылғы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет пе?
Ауған соғысының ардагерлері бір ай ішінде депутаттар осы сұрақтарға жауап бергеннен кейін тағы да баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берді.
Шәріпбай ӨТЕГЕНОВ, Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы:
–«Ардагерлер туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, Ауған соғысына қатысқандарға «соғыс ардагері» деген мәртебе берілуі керек. Мұны айтып келе жатқанымызға он жылдан асты. Әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Елбасымыздың өзі бұл төңіректе депутаттарға тапсырма бергенімен, ешқандай нақты жұмыс жүргізілмеді. Жыл сайын уәде береді, ол орындалмайды. Кезінде ауған соғысының ардагерлері 100 мыңнан асатын еді, енді қазір 20 мыңнан сәл-ақ асып отыр. Сонда да бізге ешқандай мәртебе, жеңілдік беріліп отырған жоқ. Кедей мемлекет саналатын көрші Қырғызстанда кеңес дәуіріндегі жеңілдіктер сақталған. Ал бізде барлық жеңілдіктер мемлекеттік жәрдемақымен алмастырылды. Бар-жоғы – 9 мың теңге. Мұнымен күн көруге бола ма? Егер біздің мәртебеміз айқындалса, онда жәрдемақы да, жеңілдіктер де көбейер еді.
Мұрат ӘБДІШҮКІРОВ, Ауған соғысының ардагерлер және мүгедектер бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрағасы:
– «Ардагерлер туралы» Заң қайта қабылданады дегенге, міне, он жылдан асты. Әлі қабылданбай отыр. Біз осы уақытқа дейін депутаттармен, шенеуніктермен кездескенімізде олардың ешқайсысы «мұндай заңның керегі жоқ» деп айтқан емес. Бәрі қолдайды. Бірақ осы мәселені көтеруге, заң жүзінде қабылдауға келгенде енжарлық танытуда. Сондықтан халық қалаулыларының назарына тағы бір ұсыну үшін осы жиналысты өткізіп отырмыз. Бұл заң ең бірінші ел үшін керек. Жастардың патриоттық рухын көтеру үшін қажет. Отан үшін соғысқа шыққан азаматтар әлеуметтік-моральдік жағынан қорғалуы тиіс. Егер алда-жалда дүрбелең туындаса, жастар соғысқа аттанар кезде ертең өзіне мемлекет қамқор болатынын сезінуі керек. Олардың артынан тәлім-тәрбие алар ұлдар өсуі қажет. Қалай десек те, біз осы заңның қабылдануына барымызды саламыз.