Ауруын жасырған өледі...
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бір жылдың ішінде ел азаматтарының орташа өмір сүруін 0,59 жасқа ұзартыпты. Бұл – басты көрсеткіш. Одан бөлек, соңғы үш жыл ішінде аналар өлімі 3,7 есеге төмендеп, нәрестелердің шетінеуі – 25 пайызға, ал қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітім 20 пайызға төмендеген. Тәп-тәуір көрсеткіш-ақ. Алайда сапасына сай келмейтін мұндай сандық көрсеткіштер депутаттардың көңілін көншітпеді. Мәжілістегі Үкімет сағатында денсаулық сақтау басшысы Салидат Қайырбекованың баяндамасынан соң қалаулылар министр ханымға «лап» қойды.
Алдымен сандық көрсеткішке тоқталсақ, министрлік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегіне бағытталған қаржыны тиімді пайдалана бастаған. Мәселен, 2012 жылы 2,7 млн адам стационарларда жатып шығыпты. Күн сайын орта есеппен алғанда елімізде 2000-нан астам ота жасалыпты. Шағып есепке салсақ, былтыр бір күнде мыңға жуық әйел босанған. Ал тұрғындардың әрқандай шақыртуымен «Жедел жәрдем» бір күнде 18 мыңға жуық шығыпты. Сала-сала болып қабылданған бағдарламалар һәм басым бағыттар бойынша бір жылдары құлдырап төмен кеткен көрсеткіштер де елдің жағдайының жақсарып келе жатқанын көрсететіндей. Мәселенки, бір кездері қазаққа тән болып жабысқан құрт ауруы біршама ауыздықталған. Оның негізгі ошағы Ішкі істер министрлігінің жабық мекемелерінде көрінеді. Сол тұстағы туберкулезбен де министрлік бекем күреспек ниетте. Онкология саласында да озық технологиялар келе бастады. Ендеше, нәтиже бір-екі жылдың ар жақ-бер жағында байқалады. Дегенмен денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова еліміздегі қан айналымы жүйесінен туындайтын аурулар көрсеткіші жалпы ауруларға шаққанда жоғары деңгейде қалып отырғанына алаңдайтынын жасыра алмады. Халық арасындағы өлім-жітім көрсеткішінде де осы ауру бірінші орында тұр. «Осыған орай, соңғы үш жылдың ішінде еліміздің барлық өңірінде 16 кардиохирургиялық орталық пен бөлімдер ашылды.
Алдыңғы қатарлы технологиялар енгізу жүзеге асып та жатыр. Жүрекке 20 мыңнан астам ота жасалды. Өткір инсульт дертіне шалдыққан науқастарды емдеу үшін өңірлерде халықаралық стандарттарға сай 20 инсульт орталығы ашылды. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін біз тағы да 20 орталықты ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді министр Салидат Зекенқызы.
Азаматтар шетелдік емес, отандық клиникада емделеді
Министр мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы Қазақстан азаматтарын шетелдерге емдеуге 680 млн теңге бюджеттен бөлінген. Бұл қаржыға 55 ауыр науқас, оның ішінде 34 бала шетелдік клиникаларда ем қабылдаған. Ал сол 55 науқастың 30-ы органдары мен тіндерін, оның ішінде кемік майын, бүйрек және бауырды транспланттауға жіберілген екен. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдерге емдеуге жіберілетін науқастарды азайту һәм оларды отандық клиникада емдеуге қатысты біршама шаруаның басын қайырған. Дегенмен медицина дамымай, технология келмесе, ондайдың оңайға соқпайтыны да айқын. Ендеше, денсаулық жүйесіндегі ілгерілеушілікті де осы тұстан байқауға әбден болады. Мәселен, былтырғы сенсация – күрделі саналатын жүрек алмастыру отасы алғаш рет елімізде, отандық мамандардың қатысуымен сәтті жүзеге асты. Бұл ғана емес, 2012 жылы шетелдерге емделуге жіберілуі тиіс болған 99 науқас қазақстандық клиникаларда емделіп шыққан. Олардың ішінде 50 бүйрек трансплантациясы, бір жүрек трансплантациясы, ересектерге 22 кемік майы трансплантациясы, балаларға 8 кемік майы трансплантациясы атқарылған. Сондай-ақ шетелдік мамандарды шақыра отырып, 12 балаға Қазақстанда күрделі ота жасалыпты. Дегенмен бүгінгі таңда әлі де 161 науқас шетелдерге емдеуге жіберу кезегінде тұр. Олардың 133-і органдарды алмастыруға мұқтаж екен. «Осы орайда ерекше атап өтетін жайт, науқастарды органдар мен тіндерді транспланттауға жіберу қаржыға емес, қажетті донордың табылуына байланысты. Ондай донорды іздеуге әдетте 6 айдан 2-3 жылға дейін уақыт кетеді», – дейді министр Салидат Қайырбекова.
Дәрігердің қателігін есепке алу жүйесі енеді
Саннан кейін сапаға қарай ойысқан Салидат ханым әуелі қандай да болсын қызметтің көрсетілген сапамен бағаланатынын айтып, біршама жайтты мойындауға баратынын да ұқтырып алды. Сосын жұртшылық арасынан келіп түсетін арыз-шағымды саралап шықты министр. Оның айтуынша, жұрттан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі дәрігердің науқасты қараудағы және емдеудегі сапасына қатысты екен. Сондай-ақ науқастарды қабылдауды ұйымдастыруға (ең бастысы – медицина мекемелеріндегі кезек мәселесі) қатысты көп арыз түскен. Министр ханым мұндай шағымдардың үштен бір бөлігін негізді деп тани келе, басты проблеманы тұрғындардың мемлекет кепілдік берген құқықтарды білмейтіндігімен ұштастырып әкетті. Сосын бірсыпыра тәуелсіз зерттеулерді алға тартты. «Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі жүйенің көп жағдайда сынға ұшырауына қарамастан, тәуелсіз зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 82 пайыз респондент бұл жүйеге қанағаттанатындықтарын жеткізген. Жүйенің «нашар» жағдайын әрбір 6-шы сұралушы атап өтіпті. Бұл проблемаларды шешуді былтырдан бері қолға алып келеміз», – дей келе, Салидат Зекенқызы медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында дәрігерлердің қателіктерін есепке алу жүйесі әзірленіп жатқанын жеткізді.
Дәулетті жұртты тісіне қарап танитын болдық па?
«Алла алдымен тісіңді алады, содан кейін ісіңді алады». Бізде неге тіс емдеу құны шарықтап кетті?» – деп бастады денсаулық сақтаудағы проблеманың бірін көтерген депутат Қожахан Жабағиев. Оның айтуынша, тіс төңірегінде атқарылатын істің құн-пұлы тым қымбат. Қаладағы тіс емдеу жүздеген мың теңгенің үстіне шықса, ауыл халқының 50-60 пайызы тістерін сапалы емдете алмай жүрген көрінеді. Яғни тісті тек қалталылар ғана емдететін жағдайға жеткендейміз. Сосын депутат Қожахан Көкірекбайұлы «тісі саудың – іші сау» қағидатын еске сала келе, шетелдегі қамқорлыққа тәнтілік білдірді. «Мәселен, Жапонияда «Тістің саулығы – ұлт саулығы» атты ұзақ мерзімді бағдарлама бар. Бұл бағдарламаның мәні 80 жасқа толған әрбір қарияның бүтін жиырма тісі болуы шарт дегенге саяды. Ал бізде отыз жасқа толмай жатып, отыз тіссіз жүргендер жетерлік. Медицинаның бұл саласын нарыққа беріп, бақылаусыз қалдырған жоқпыз ба?» – дейді Қожахан Көкірекбайұлы. Өз кезегінде денсаулық сақтау саласында ең бірінші боп жекешеге өткен тіс емдеу саласындағы проблеманы министр ханым еш жоққа шығара алмады. «Бүгінгі таңда еліміздегі кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде тісінің сырқаты жанына батқандарға шұғыл көмек көрсетілуі керек және балаларға, жүкті әйелдер мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың кейбір топтарына 10 қызмет түрі тегін көрсетіледі. Ауылға барғанда бұл мәселенің өзекті екенін көргенмін. Бізде жылжымалы денсаулық пойыздары бар ғой, енді осындай стоматологиялық жылжымалы пойыздарды іске қоссақ дейміз», – деп қысқа қайырды министр.
Омархан ӨКСІКБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– 1995 жылы мемлекеттік бюджеттен денсаулық сақтау саласына 30 млрд теңге бөлінсе, былтыр 739 млрд теңге жұмсалды. Яғни жыл сайын бюджет 1,5 есе, жалпы алғанда, 24,4 есеге артқан. Елімізде басқа бірде-бір бағдарлама осындай қарқынмен өскен жоқ. Сондықтан денсаулық сақтау саласы қаржыдан тапшылық көріп отыр деп ешкім де айта алмайды. Ал осындай орасан зор көлемдегі қаржыға көміліп отырған әлеуметтік сала қалай жұмыс істеп жатыр? Шыққан шығындарға сай ұлт денсаулығы түзелді ме? Министр ханымның айтуына қарағанда, бірталай шаруа атқарылған. 60 мыңнан аса дәрігер, 120 мыңнан аса орта буынды медициналық қызметкер бар. Дегенмен жоғарыдағы сауалдарға мен толық жауап таппадым. Тіпті кейбір жағдайда бұл санның кері кету фактісі байқалады. Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласында саннан сапаға ауысатын кез жетті. Көрсеткіштерді тізбектей бермей, «әттеген-айларды» ашық айтып, солардың алдын алуымыз керек. Әйтпесе «ауруын жасырған өледі»...
Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Жетістіктер бар, ел-жұрт біледі. Дегенмен осы саланың шалғайдағы жағдайына көз жүгіртсек, біршама жайтты аңғарамыз. Ана мен баланың әрбір өлімі біздің елімізде төтенше жағдай ретінде қаралуы тиіс деп санаймын. Өйткені біздің 400-500 грамм салмақпен туған баланы аман сақтап қала алатын жағдайымыз баршылық. Жан-жақты қамқорлық та қарастырылған. Алайда кейбір жағдайға кері кетулер орын алып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. «Тісін емдеймін» деп тілін кесіп тастағандар, ер адамды «жүкті» етіп тастаған фактілер де жоқ емес. Әрине, бұл керемет жоғары біліктілікті емес, барынша жауапкершілікті талап етеді емес пе?!