Ауыл шаруашылығы кешендері жаңа техникалармен толықты
Елбасы тапсырмасымен Алматыда азық-түлік белдеуін құру және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында бірнеше жоспар бекітілген болатын. Кеше осы бастаманы іске асырып, одан әрі жетілдіру үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаладағы бірнеше кешенге су жаңа техникаларын табыс етті.
5 КАМАЗ, 4 ЗИЛ көлігін салтанатты түрде «Жетісу» корпорациясының директоры Арыстанбек Тәниев «Алтын Дала Жетісу Агро» ЖШС басшысына тапсырды. А.Тәниевтің айтуынша, бұл – осы саладағы бағдарламаның бастамасы. Оның негізгі міндеті – Алматы облысының ауылшаруашылық саласын қолдау, Алматы қаласы аймағында сауда-саттық белдеуін дамытып, ауыл өнімдерінің бағасын тұрақтандыру болып табылады. Ұсынылған техникалар агроөнеркәсіп кешендеріне қайтарымсыз берілді. Оның есесіне, кәсіпорындар халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағаға сатуды міндетке алды. Бұл өнімдер елге «ЖетісуАгроСауда» ЖШС желісімен жеткізіліп отырмақшы. А.Тәниевтің пікірінше, осы жоспарды орындау арқылы біз өнім бағасын бір қалыпты ұстап отырамыз. Себебі бұл өнімдер тұрғындарға делдалсыз, тікелей жеткізіледі. «Біздің корпорация арқылы халық отандық сапалы ауылшаруашылық өнімдерін арзан бағаға сатып ала алады. Аталған желі арқылы жеткізілетін тауарлар базар бағасынан 15-20 пайызға төмен болады», – дейді ол.
Қазіргі күні «Жетісу» корпорациясының меншігінде 22 сауда нысаны, екі коммуналдық базар, 400-ге жуық дүкен т.б бірнеше нысандар бар. Корпорация сондай-ақ алдағы уақытта қалада минимаркеттер санын көбейтуді жоспарлап отыр. Мекеме басшысының жоспарынша, ағымдағы жылдың соңына дейін мегаполисте осындай 30 сауда орны ашылады.
Бір жылда Алматы қаласының тұрғындары 78 375 тонна нан, 12 505 тонна күріш, 441 000 тонна сүт, 21 900 тонна пияз, 16 425 тонна сәбіз, 25 550 тонна пияз, 16 425 тонна қияр өнімін пайдаланады екен. Сонымен бірге қала халқы бір жылда жалпы 785 мың тоннаның сауда-саттық тауарын тұтынады. Оған барлығы 2 млрд теңге шығын кетеді. Бұл Алматы қаласының бөлшек тауар айналымының 25 пайызын құрайды.
«Жасыратыны жоқ, бұл бұрын пайдаланылған техникалар. Бірақ әлемді жайлаған дағдарыс кезінде мұның өзі үлкен көмек. Егер қалған кемшіліктер болса, оны кәсіпорындармен бірлесіп шешуге дайынбыз. Бүгінде ауыл шаруашылығындағы көп жерлер игерілмей, бос жатыр. Бұл көптеген қиыншылықтар тудырып отыр. Мәселен, ол біздің шетел импортына тәуелділігімізді арттырады. Сондықтан қазір осындай бағдарламаларды қабылдау маңызды», – деді А.Тәниев.