Ауыл тұрғындарына берілетін шағын несиелер тек жеке кәсіпкерлікті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс

Ауыл тұрғындарына берілетін шағын несиелер тек жеке кәсіпкерлікті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келді. Оңтүстік сапарын үш бидің басы қосылып, кеңес құрған, жауға қарсы күш біріктірген тарихи Ордабасы тауының атымен аталатын ауданнан бастап, ондағы түйетауық өсіру, сою және оның етін еуропалық стандарттарға сай қайта өңдеу ісін қолға алған «Ордабасы Құс» ЖШС-інде болды.
Мұрат Тағаев басшылық ететін серік­тестіктің жобалық қуаттылығы 4800 тонна халал түйетауық етін өндіруге бағыт­талса, ол өнімдерді ел аума­ғымен қатар жақын шетелдерге де шығару көзделуде. Екі жыл бойына жүргізілген құрылыс жұмыстарына 3 миллиард 294 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оның 715 миллион теңгесі өз қаражаты, қалғаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның несиелік қаражаты есебінен жүргізілген. Бірінші кезеңде 270 адам жұмыспен қамтылса, екінші кезеңде жұмыс орны 500 адамға дейін ұлғаяды деген жоспар бар. Сапар барысында Президентке осыдан 2-2,5 ай бұрын жұмыртқадан шыққан балапандардың алғашқы партиясын көрсетті. Жылдам ет алатын бұл балапандар небәрі үш-төрт ай уақыттың өзінде бір тоқтының салмағындай сал­мақ бере алады екен.
Қазақта «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар, яғни әр кәсіпті өз маманы атқаруы керек. Осыны негізге алған серіктестік басшысы мал дәрігерлері мен құс мамандарын бұл саладағы тәжірибелері мол шетелдерге арнайы жіберіп, түйетауық өсіру және оны күту технологиясын үйреніп қайтыпты. Ал кешендегі жабдықтар Бельгия, Словения, Израиль, Ресей мен Қытайдан әкелінген екен. «Қаз­АгроҚаржы» сарапшыларының баға­лауынша, кәсіпорын толық өндірістік қуатына жеткеннен кейін бюджетке 232,3 млн теңге түседі. Құс кешенін аралау кезінде Мемлекет басшысы облыста Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму мемлекеттік бағ­дар­ламасы мен шағын кредиттік ұйым­дардың жобаларымен танысты. Оң­түстік Қазақстан облысында өткен жылы сомасы 34 млрд теңгеден аса­тын жеті индустриялық нысан іске қо­сыл­ды. 1800 жұмыс орны құрыл­ды. Биылғы жылы тағы алты инно­ва­ция­лық кәсіпорын құрылатын болады, инвестиция көлемі екі есе өседі. Облыста құрылған «Ырыс» және «Оң­түстік-Фи­нанс» шағын кредиттік ұй­ымдары тек өткен жылы сомасы 1 млрд 800 млн теңгенің 1800-ден астам жобасын қар­жыландырды.

Соны­мен қатар 4700 адам жұмыспен қам­тыл­ды. Дайындық орталықтарын, мал шаруа­шы­лығы өнімдерінің өндірісі мен өңдеуді ұйымдастыру басым­дық­қа ие болды. Өткен жылы шағын кре­дит­тік ұйымдар таңдаулы мал шаруа­шылығын, құс шаруашылығын, ара өсіру шаруа­шылығы мен өсімдік зерттеу ғы­лымын дамытуды, наубайхана, жы­лы­жайлар шаруа­шылығын, құрылыс мате­риалдар өн­ді­рісін жолға қоюды қаржы­ландырды. Оң­түстік Қазақстан облы­сының әкімі Асқар Мырзахметовтің Елбасыға айт­қа­ны бойынша Үдемелі ин­дус­триялық-ин­нова­циялық бағдарлама бары­сында 2010 жылы облыс көлемінде 30 жоба іске қо­сыл­са, үстіміздегі жылы 64 жобаға жан бітіру жоспарланып отыр екен.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Үде­мелі индустриялық-инновациялық мем­лекеттік бағдарламаның іске асырыл­у барысымен танысқан Мемлекет басшысы микронесиелендіру жүйесін дамыту — ел халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында айтылған жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының элементтерінің бірі екендігін еске салды. Елбасы атап өткендей, ауыл тұрғындарына берілетін шағын кредиттер тек жеке кәсіпкерлікті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс. «Биылғы жылы Үкіметке осы мақсатқа қосымша 3 млрд теңге қарастыру туралы, ал 2012 жылдан 2015 жылдар аралығында қаржыландыруды жыл сайын 10-15 млрд теңгеге арттыру туралы тапсырма берілді. Мемлекеттік желі бойынша бөлінген барлық микронесиелер тек өз ісін ұйымдастыруға жұмсалып, халықтың жұмыспен қамтылуы деңгейін арттыра түсуі тиіс. Қазір жұмыс істеймін деген адамға ауылды жерлерде де көп мүмкіндіктер жасалып жатыр. Тек жалқау болмау керек, жұмыс істейтін болсаң, екі қолға бір күрек табылады. Күн сайын түрлі өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Ең бастысы, бір-бір мамандық алып, кәсіпке үйреніп, жұмыс істеу керек», — деді Президент Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы Шымкент қаласы «Нұр­сәт» ықшамауданындағы заманауи үлгіде салынған 120 орындық №4 облыстық перинаталды орталықтың жаңа ғимаратының сапасына да жоғары баға берді. Бұл нысан Біріккен Араб Әмір­лігін­дегі Шейх Халифа бин Зайда әл-Нахайан атындағы қордың демеушілігімен тұрғызылған. Жалпы ай­мағы 11304,5 шаршы метрді құрайтын ғи­мараттың сме­талық құны 52 957 616 АҚШ долларын құрады.
Құрылысы 2007 жылы басталып, был­тырғы жылы толығымен аяқталған әйел­дер босанатын үйде 614 бөлме бар. Бұл нысанның облыс тұрғындары үшін қажет­тілігі өте жоғары екені айтпай-ақ сезілетін. Оның себебін түсіну қиын емес. Республика бойынша балағынан бала саулаған батыр аналардың басым бөлігі осы оңтүстік өңірінен екені даусыз. Мәселен, бүгінге дейін Елбасы Жарлығымен облыста 22306 ана «Алтын алқа» иесі атанса, «Күміс алқа» алған аналардың қатары 28183-ке жетті. Өткен жылы облыста 75703 сәби дүниеге келді. Демографиялық өсімге қомақты үлес қосып отырған мұндай облыстың құрсағы құрғамайтын аналары үшін қандай қамқорлық жасаса да, көптік етпейді. Бұл мәселені жақсы білетін Елбасы да оңтүстікте денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінудің, халықаралық стандартқа жақындатудың арқасында ана мен бала өлімінің азайып отырғанын ерек­ше атап өтті.
— Соңғы жылдары денсаулық саласына көп көңіл бөлініп, біздің сапалы жұмыс жасауымызға мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Бұл бірінші кезекте Сіздің арқаңыз деп білеміз. Біз Сізбен біргеміз, — деді жаңа перинаталды орталықтың реабилитациялық орталығының бас дәрі­гері Тәшбибі Тыныштықбаева.
Осындай жобалар бәрінен бұрын ден­саулық сақтау саласын дамытуға және қазақстандықтардың денсаулығын жақ­сартуға бағытталған. Соның нәтижесінде бүгінде бала туу 25 пайызға артты, өлім 11 пайызға төмендеді. Халықтың табиғи өсімі 1,7 есеге ұлғайды, ана мен бала өлі­мінің көрсеткіштері азайды. Медицинаны қаржыландыру бес жыл ішінде 4 есеге өсті және қазір 660 млрд-тан астам теңгені құрайды. Тек соңғы 3 жылда өңірде заманауи талаптарға жауап беретін 100 қуатты медициналық және көппрофильді арурухана тұрғызылды. Оларда халыққа білікті медициналық көмек көрсетіліп келеді. Қазақ медицинасы жоғары технология мен заманауи емдеу тәсілдерін игеруде. Бүгінде еліміз бойынша алғаш рет ең күрделі медициналық бағыттар бойынша операциялар жасалуда. Тиімді кардиологиялық және кардиохирургия­лық қызметтер құрылды. Қазақстандық хирург­тер жүрекке арналған күрделі операция­ларды жасауда. Республикалық емхана базасында алғаш рет жілік майына трансплантация жасау және бүйректі алмастыру бойынша бірегей операция жасалды. Танымал халықаралық ғылыми орталықтармен серіктестік үшін Астанада өмір туралы ғылыми орталық ашылуда. Онда рак, жүрек-қан тамырлары және өз­ге де аурулардың алдын алудың тиімді әдістемесін, диагностиканы, емдеуді қа­рас­тыратын болады. Адам гені саласында, органдар мен тканін трансплантация жасау, клеткалар өзегіне қолдану, био­инженерия мен ұзақ жасау медицинасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізілетін болады.
Халықтың 40 пайыздан астамы ауыл­дық жерлерде тұратынын ескере оты­рып, ауылдықтар үшін қолжетімді меди­циналық көмекпен қамтамасыз ету мәсе­лесі бірінші кезектегі мәнге ие. Бұл мақ­сатта көптеген істер атқарылды. 2010 жылы жаңа әлеуметтік жоба іске қосыл­ды. «Денсаулық» атты екі емдеу-диаг­ностикалық пойыз жұмысын бастады. Нәти­жесінде еліміздің шалғай аумақ­тарында тұратын он мыңдаған адам дәрі­герлік тексерістен өтіп, ем алды. Биылғы жылы тағы бір пойыз іске қосы­лады. Заманауи жабдықтармен жарақ­тан­дырылған және дәрігерлік бригадамен қамтамасыз етілген 50 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана салынатын болады.
Сондай-ақ бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Түркістан қаласында қоғам өкіл­дерімен кездеседі және жақында ашыл­ған жергілікті мәдени-тарихи эт­но­гра­фиялық орталыққа барады деп күтілуде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста