Автомобиль апатынан алты адам қаза болды
Өткен жексенбіде алты адамның өмірін қиған үш ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы облысының Үштөбе-Көпбірлік тас жолының 10-шақырымында «Тойота» және «Газель» көліктері соқтығысқан. Соққыдан аунап түскен шағын автобус бірден отқа оранады. Оқиға орнында оның екі жолаушысы (әйел адамдар) қаза тапты. Үш адам ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Сондай-ақ дәл осы күні кешкісін Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында екі «Ауди» көлігі түйісті. Жеңіл көліктерден бірден от шығып, түгел жанып кеткен. Жол апатынан екі адам қаза болды. Үшінші қайғылы оқиғаны мамандар 22 сағат 40 минутта тіркеді. Астана қаласында «Мерседес» көлігінің жүргізушісі жарық бағанын соққан. Осының салдарынан көлікте отырған екі адам мерт болды. 27 жастағы жүргізуші мен 4 жасар бала ауруханаға түсті.
Р.S.
Жаз келген сайын елімізде қайғылы оқиғалардың жиілеп кетуі жұртшылықты шынымен алаңдатып отыр. Біз де өз тарапымыздан жүргізушілер жол ережесін сақтап, көліктерінің техникалық жағдайына дер кезінде көңіл бөліп жүрсе екен дегіміз келеді.