Бабалар сүйегінің сұрауы қайда?
Өткенге салауат, болашаққа ғибадат айтпай, бүгінмен ғана өмір сүру біздің салтымыздан болмаса керек-ті. Бірақ әзірге ғасырлар құндағында қалған қасиетті қазыналарымызға оң көзқарас танытқан сыңайымыз болғанымен, сынымыз келіспей тұр. Ата-бабамыз жүріп өткен жолдарды қаншалықты зерттеп-зерделей алдық? Біздің заманымыздан бұрынғы өркениетті тануға өреміз жетті ме? Басқа аймақтарды қайдам, аспанмен таласқан тауы мен сылдырай аққан бұлағы жоқ Атыраудың алыс-жақыннан бетке алған меймандарының алдында мейманасы тасып, мақтана көрсетердей қандай қасиетті орындары бар? Мәдени ескерткіштер еленіп-ескеріліп жатыр ма? Жауап беру қиынға соғатын бұл сауалдар мәдениетке маңыз берілмей келетінінен ғана хабардар қылады. Қара алтынды, былайғы ел бай санайтын аймақ рухани байлығын әлі күнге толық танып болған жоқ. Өкінішке қарай. Бұған Жайықты бойлай орналасқан жердегі тарихи құндылықтар мен көне шаһарлардың бүгінгі аянышты халі де дәлел бола алады.
Сарайшық жер бетінен жоғала ма?
Бұл сауалға «иә» деп жауап беру ауыр. «Жоқ» деп кесіп айту да тағы қиын. «Мүмкінмен» ғана мүдіріп қаламыз. Өйткені «Енді бір бес жылдан кейін Сарайшық жер бетінен тып-типыл болып жоғалады», – дейді Атыраудағы Археология ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Марат Қасенов. Шашылған бас сүйектер мен үгітілген саз балшықтардың алаңына айналған көне шаһардың орны – бүгінгі ұрпақтың тарихи құндылыққа деген көзқарасын айшықтап тұрғандай елес береді. «Аспан астындағы мұражай» деп әспеттегеніміз де – сөз жүзінде ғана. Республикалық маңызы бар тарихи һәм мәдени ескерткіштердің тізіміне алынғанымен, Сарайшықтың сынын бұзбауға әрекеттенгеніміз шамалы. Ал көшпенді өркениеттің белгісіндей болып бүгінге жеткен көне шаһарды Жайықтың суы жалмап барады.
Сарайшық мәселесіне сырт қарамай, үн қосып жүрген Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Астана бөлімшесінің директоры, профессор Зейнолла Самашев кезінде ескі қаланың орнын сақтап қалудың өзіндік нұсқаларын да ұсынған болатын. Бірақ мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреп, жылы жауып қоя салдық. «Ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласында 52 мыңнан астам ескерткіш бар. Солардың тек екеуі ғана (Қожа Ахмет Ясауи кешені мен Таңбалы тас) халықаралық ЮНЕСКО-ның қорғауына енгізілген.
Бұл – өте өкінішті және ұят нәрсе», – дейді белгілі археолог. Сарайшықты әлемдік мәдениеттің бір бөлшегіне айналдырып, халықаралық беделді қоғамның қорғауына іліктіру бүгінгі ұрпақтың парызы болуы керек.
Таскешу керуен сарайы – тарихтың тәбәрігі
Сарайшық пен көне Үргеніштің арасына сара жол салған Ұлы Жібек жолының бойындағы Таскешу керуен сарайы да күні кешеге дейін ескерусіз қалып келеді. Енді ғана атыраулық археологтер керуен сарайының кереметін тануға жұмыла кірісіп жатыр. Бұл ортағасырлық ескерткіш Алтын Орда мемлекетіне тиесілі және бір ерекшелігі тұтастай қыш кірпіштен тұрғызылған. Облыстық тарих және археология орталығының басшысы Амандық Ғарифолладан білгеніміздей, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында өткен жылдары сарайдың жартысы аршылып алыныпты. Мақат, Қызылқоға, Жылой аудандарының шекаралас қиылысында орналасқан Таскешу керуен сарайы – Сарайшық қаласынан шығатын Ноғай жолы бойындағы алғашқы керуен сарай. Кезінде көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қонақүй ретінде салынған бұл мекен Сағыз өзенінен өтетін өткелді қамтамасыз етіп, керуен сарайдың хабаршыларының атын ауыстыратын пошта бекеті де болыпты. Әскери бөлімше де осында орналасқанға ұқсайды. Амандық Ғарифолла, археологиялық қазба жұмыстары кезінде солтүстік-батыс бұрыштан бүтін шеңбер құрайтын мұнара және батыс жардың ортасынан жарты шеңбер тәрізді мұнара ашылғанын айтады. «Зерттеу жұмысы кезінде жерасты қойма мен көлемі үлкен жатын бөлме ашылды. Бөлмелердің ішінде төрт жатын бөлме және бір ас бөлме бар. Жатын бөлменің әрқайсысына жылыту пештері мен кереует қаланған. Кереует тастан қаланып, іші сазбен толтырылды. Екі жаққа қарай кететін пеш түтіндіктерінің ортасына тандыр орнатылған. Пешті әртүрлі мақсатта пайдаланған. Бірінші, пеш биік болған, яғни жылы кереует ретінде пайдаланған (суфа), екінші, бұл пеш екі жақтағы бөлмені жылытып тұрады және тандырға нан пісіруге мүмкіндік болған. Қазба жұмыстары кезінде керуен сарайдан шаруашылықтың әр түріне арналған керамикалық ыдыстардың көптеген түрлері жинақталды. Оның ішінде сұр және қызыл қыштан жасалған үлкен көлемдегі хумдардың фрагменттері, құмыралар, тәрелкелер, әртүрлі түспен сырланып, безендірілген шыңылтырлы пиала т.б ыдыстар, сонымен бірге қыштан жасалған шырақ сынықтары, шығырлар да бар. Ыдыстар алуан түрлі өрнектерімен, соғылған штамптарымен ерекшеленеді. Хорезм, Иран т.б елдерден алып келінгендері де аз емес. Бұл керуен-сарайдың үлкен сауда орталығы болған қалалармен, көрші елдермен байланысы болғандығын дәлелдейді. Қазба жұмыстары кезінде бұл жерден жез бұйымдар, темір, мыс бұйымдар да анықталды. Табылған жәдігерлердің ішінде мыс тиындар бар. Тиындар Алтын Орданың билеушілері Өзбек хан (1313-1341 жж.) және Жәнібек хан (1341-1357 жж.) тұсында соғылған. Өзбек хан тұсында соғылған бір тиынды мысалға алсақ, тиынның бір бетінде арқасына күн арқалаған барыс бейнесі, екінші бетінде «Жоғарғы жарлықпен, Заң бәріне бірдей» деген сөз жазылған. Керуен сарайда үлкен сауда қатынасының, ақша айналысының жақсы дамығандығын дәлелдейтін тағы бір фактінің бірі осы болмақ. Деректерге сүйенсек, керуен-сарайдың батысында өтіп жатырған Сағыз өзеніндегі өткел күйдірілген қыш кірпіштен су астына төселініп салынған. Өткен дәуірдің соңында осы жерде мал айдаған халық өткелді көргендіктерін айтады. Бірақ бүгінгі күні бұл жердегі өткелдің орны табылмай отыр», – дейді ол.
Ақтөбе-лаэтиге – лайықты көзқарас
Облыс орталығынан 10-ақ шақырым қашықтықта орналасқан тағы бір көне шаһар – Ақтөбе-Лаэти қалашығы деп аталады. Бұл жерді алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдары мұнайшы-геолог Сапар Қарымсақов пен өлкетанушы ғалым Вячеслав Афанасьевтер анықтап еді.
Ақтөбе-Лаэти тарихта «шеберлер қалашығы» деген ұғыммен белгілі. Бұл жерде көптеген қолөнер шеберханалары жұмыс істеген. Ал жергілікті халық сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы сүйек жүзіктер мен тарақтар, жез жүзіктер, білезіктер, ыдыстар, шыны тұмарлар, моншақтар ежелгі ақтөбеліктердің қолөнерге қаншалықты мән бергенін әйгілейді. Шеберлер қаласын XIV ғасырдың аяғында Темірдің әскері қиратып кеткен. Бір кездері Каспий теңізі мен Жайық өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан су астында қалған қалашық өткен ғасырдың 50-жылдары жер бетіне қайта шыққан еді. Ескі қаланың орнын зерттеу жұмыстары 90-жылдары тоқтап қалды. Араға 20 жыл үзіліс салып барып атыраулық археологтер бұл мекенге назар аударды. Мемлекет қорғауына алынған қалашықтың тұтастай бір бөлігі телестансы салу кезінде қиратылған. Қойнауына ғасырлар ғаламатын бүгіп жатқан бұл жердің жанынан қазір «Жұлдыз» деген ықшамаудан бой көтерді, жергілікті халық жарыса үй салып жатыр.
Ақтөбе-Лаэтиге лайықты көңіл бөлу қажеттілігі туындап отыр. Әзірге бұл орынға тек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері ғана қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. «Шыны керек, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге құлшынысымыз зор болғанымен, қаражаттың жетіспеуі қолымызды байлайды», – дейді университеттің тарих кафедрасының меңгерушісі Серік Қуаныш.
Р.S.
Мәдени мұраларға, елдік ескерткіштерге «Бұл жер мемлекет қамқорлығына алынған» деген жалқы сөйлемі бар темір белгі қойып қана қамқорлық көрсеткеннің рөлін ойнауға болмайтынын түсінетін кез жеткен сынды. Облыс аумағында орналасқан тарихи нысандарға сараптама жасау кезінде мұражай қызметкерлері 605 көне ескерткіш, қорғандар мен қорымдар, сағанатамдар, қалашықтарды тексеріпті. Олардың көпшілігі жөндеуді, қалпына келтіруді қажет етуде.