Байбектің байлығы қанша?
Таяуда «Youtube» әлеуметтік желісіндегі «Политические будни» каналы «Total.kz» және «Kazday.kz» сайттарына сілтеме жасай отырып 2015 жылдан күні кешеге дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып келген Бауыржан Байбек туралы ақпарат жариялады. Онда Байбектің төрт жыл қала әкімі болған уақытта оның отбасының қаржылық жағдайы миллиард доллардан асқаны туралы «Страшный Жуз» «Telegram» каналының хабарлағанын айтады. Сондай-ақ бұл видеода:
«Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының тең құрылтайшысы және құрметті мүшесі. «Болашақ» бағдарламасының бюджеті жылдан жылға өсуде. 2008-2015 жылдары бұл қоғамдық бірлестіктің жобаларына 670 миллион теңге тартылған. Оның 226 миллион теңгесі әлеуметтік жобаларға, 160 миллион теңге 10 голливудтық фильмнің дубляжына жұмсалған.
Байбектің әпкесі Айгүл Байбек фильмдер мен мультфильмдерді қазақша дубляждап қана қоймай, сериалдар мен жарнамалық бейнероликтер де түсіретін «Aray Medіa Group» компаниясын басқарады. Қазақша аңыз-ертегілерді жариялайтын «Жұлдызды аңыз-ертегілер» сайты да аталған компанияның көмегімен іске асқан. Сондай-ақ Айгүл ханым мейрамхана бизнесінде де табысқа жетті. Ол «Aray Fіne Dіnіng Group» ЖШС-нің құрылтайшысы және бөтелкеленген ауыз су өндіретін Нұр-Сұлтан қаласындағы ірі компаниялардың бірі «Roshіnka Bіo»-ның жарғылық капиталының үлесінің иесі. Сонымен қатар 2015 жылы Айгүл Байбек кешенді әкімшілік-басқару қызметімен айналысатын «NAK Management» ЖШС-і құрылтайшыларының құрамына кірді.
Байбектің бұрынғы әйелі Жанар Рахметова ғылыми және тәжірибелік сараптамалар жасайтын «Консалтинговая группа Болашак» ЖШС-нің тең құрылтайшысы. Компания 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Компанияның Лондон қаласында да өкілдігі бар.
Бауыржан Байбектің ата-анасы – зейнеткерлер, бірақ 2013 жылдан бастап олар да кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Әкесі Қыдырғали Мұқаметәмірұлы Н.Назарбаевпен бір сыныпта оқыған, Алматы облысының тумасы. Ол жылжымайтын мүліктерді жалға берумен айналысатын «Нұр Тау» бизнес орталығы және 2015 жылы құрылған «Wood Art» ЖШС-терінің жарғылық капиталының үлесіне ие.
Ал экс-әкімнің анасы, Атырау өңірінің тумасы Алтынай Күнғалиқызы «Ecovіllage» ЖШС-нің жарғылық капиталының үлесіне иелік етіп отыр. Бұл компания 2014 жылы Ақмола облысының Бурабай ауданының Сарыбұлақ ауылында тіркелген. Сонымен қатар Алтынай Күнғалиқызы 2015 жылы қызы Айгүл Байбек басқаратын «Нұрлы-БИ» ЖШС-нің құрылтайшысы болды. Бұл компанияның да негізгі қызметі – жылжымайтын мүлікті жалға және уақытша пайдалануға беру.
...Байбектің байлығы туралы осылай дейді. Алайда оның рас не жалған екенін әзірге дөп басып айта алмаймыз.
М. ШУАҚ.