"Бәйшешектер жойылып барады": Алматылық ғалым қала аумағындағы құрылыстардың өсімдіктерге әсеріне алаңдаулы
ҚазҰҒЗИ биологиялық қорғау және өсімдіктер карантині басқармасының басшысы Нұржан Мұхамадиев Алматыдағы қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін, ерекше бәйшешектердің жойылып кетудің алдында тұрғанын мәлімдеді. Басты себеп жаңа құрылыс орындарының көбеюі деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ғалым қала тұрғындарын табиғат аясына шыққанда өсімдіктерді жұлмауға шақырды. Сөзінше, алматылықтар көбіне енді гүлдеп келе жатқан бәйшешектерді жұлады екен. Ал бұл өсімдік тұқым арқылы ұзақ уақыт көбейетіндіктен олар жойылып кетуі мүмкін. Ғалым тұрғындарды қалалық флора мен фаунаны бұзбай, эстетикалық ләззат алуға шақырды.
"Бәйшешектерден бөлек, крокус пен ирис жойылудың аз-ақ алдында. Қалада Қызыл кітапқа енген емен ағаштары, бөктерінде эндемикалық қылқан жапырақты, Шренк шыршасы өседі. Ол тек біздің тауларда бар. Барлығы қорғауды қажет етеді”, - деді Нұржан Мұхамадиев.
Ғалым сонымен қатар қала кеңейіп, шаруашылық және құрылыс жұмыстары дамыған сайын алматылық бәйшешектердің таралу аймағы азая бастағанын айтады. Ал бұл іс жүзінде жойылуға әкеләп соғады.
2016 жылы бәйшешектер Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Сирек кездесетін гүлді терген адам 3000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылады немесе үш жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Нұржан Мұхамадиев бұған дейін базарларда құмыраға отырғызылған бәйшешектер сатылғанын атап өтті.Ал қазір ол мүлде сатылмайды. Себебі көптеген түрлері жойылып, кейбірі тіпті бір данадан қалған. Ғалым сирек кездесетін гүлдерді құмыраларға отырғызып сатуға болатынын жеткізді. Ең бастысы үзуге тыйым салынған.