Балаға вакцина ата-ана рұқсатынсыз салына ма?
Әлеуметтік желіде тағы бір жалған ақпарат желдей есті. Бұл жолы оқушыларды ата-аналардың келісімінсіз вакциналау туралы бұйрық шықты деген хабарлама тарады.
Бұл ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай бұйрық ешқашан болмаған. Мектептерде мәжбүрлі вакцина салу жүргізіліп жатқан жоқ.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі: - Осы жарияланымға қатысты кез келген профилактикалық егу, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакциналау ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін хабарлаймыз. Осыған байланысты алдын ала жасалған тізім бойынша вакциналауға ата-анасы қол қойған келісімі бар балалар және ата-анасының қатысуымен ғана екпе салдыруға шақырылады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырамыз.