Балалардың жол-көлік апатына ұшырауы жиілеп барады
Алматыда жыл басынан бері балаларға қатысы бар 160 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Төрт жасөспірім көлік апаты құрбаны болып, 163-і түрлі деңгейдегі жарақат алды. Өткен демалыс күндері оңтүстік астанада тағы екі бала жол оқиғасынан қаза тапты.
Қайғылы оқиғалардың бірі «Ұлжан» елді мекенінің Центральная көшесінде болды. Он екі жастағы жеткіншек «Мерседес» автокөлігінің астына түсіп қалған. Бірнеше жерінен соққы алған жасөспірім ауруханаға жеткізілгеннен кейін алты сағаттан соң көз жұмды. «Көлік жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытып кетті. Алайда куәгерлер көліктің нөмірін жаттап қалған. Бір жарым сағаттан кейін көлік иесі табылды. Ол 22 жастағы «Өжет» елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Оның көлік игеруге ешқандай құқы болмаған», – дейді Алматы қаласы ІІД Жол полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұқан Досымбаев. Ал алты жастағы екінші жасөспірімді «ДЭУ» маркалы автобус басып кеткен. Бұл оқиға жексенбі күні Түрксіб ауданындағы Шереметьев пен Бехтерев көшелерінің қиылысында орын алды. Өз үйінің жанында велосипед теуіп жүрген бала оқиға болған жерде көз жұмды. Көлік иесі оны байқамай қалған. «Қоғамдық көлік жүргізушілері басқалардан да өте сақ болуы керек. Болған оқиғаға қарап мынадай пікірге келуге болады: қазір жол-көлік оқиғаларының көбі қоғамдық көліктердің қатысуымен болады. Олардың жүргізушілері рульге ішімдік ішіп немесе наша шегіп отыра беретін жағдайлар кездеседі»,– деді М.Досымбаев. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері Алматыда қоғамдық көліктердің қатысуымен 72 жол-көлік оқиғасы тіркелген, одан сегіз адам қайтыс болып, 84-і түрлі жарақат алған.