Балаларға бабалардың соғыс тактикасын үйретпейінше, патриоттық тәрбие тамырлы бола ма?
Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр даланың тіпті бір пұшпағына да жау табанын тигізбей, көгімізден жау жебесін ұшырмай, ата-бабаларымыз бізге бүгінгі Тәуелсіздікті тарту етті. Тарту етті дей салу бізге оңай болғанымен, шын мәнінде, ол найзаның ұшымен, білектің күшімен, яғни ата-бабамыздың жаугершілік замандарда әскери өнерді жан-жақты дамытып, шеберлікпен шыңдай алғандығының арқасында қол жеткізген баға жетпес құндылық екенін ұғынуымыз шарт. Біз, әлдекімдер үйреткендей, әскердің әліппесін кешегі Кутузов, Суворов, Чапаев немесе тағы сол сияқты шенділерден бастаған халық емеспіз, одан әлдеқайда тереңіректе, сонау Еуропаны тітіренткен Еділ мен Едіге, Мысырды билеген Бейбарыс сынды патшалар мен сұлтандардың, қыл аяғы кешегі Кенесары, Исатай мен Махамбеттей қас батырлардың ұрпағымыз.
Әлқиссамызды әріден бастасақ...
Қазақ өз тамырын сақтардан, ғұндардан, көк түріктерден тарататынына көз жеткіземіз. «Күндіз күлмедім, түн ұйықтамадым» дейтін Күлтегін сынды көк түрік тұсындағы қағанымыз бен ғұн тұсындағы Еділ патшамыздың өзі түгіл, атын естігеннен қарақұрттай қаптаған қытай императорлары, тіпті Еуропаны жайлаған, қару-жарағын сайлаған христиан әлемінің өзі де өлердей қорыққаны жайлы басқа емес, Қытайдың көне жылнамаларында жазулы тұр. Император Чин Шыхуаньди Қытай тарихында аса жаужүректігімен, батылдығымен қоса, сондай қатыгез, зұлымдығымен аты мәшһүр болған. Бірақ сөйте тұра, сол ержүрек император түн ұйқысын төртке бөлуге мәжбүр болған, себеп – солтүстігін жайлаған көшпенділер. Олардың ешбір жаудан тізе бүгу былай тұрсын, тіпті тайсалмай, жолдағыны жапыра шабатынын ести-ести, күндердің күнінде император түс көрсе керек. Түсінде Чин мырзаның рухы кеудесінен көкке қырық кез ұшып шығып, өз мемлекетіне көз салады. Аядай ғана аумақта отырғанына, жер бетінің ол ойлағаннан әлдеқайда кең екеніне көз жеткізген ол елінің солтүстік беткейінде жын-жыбыр, ұсақ жәндіктердің көптігін, олардың оңтүстікке қарай беттеп келе жатқанын көріп, түсінен шошып ояныпты. Сөйтіпті де, мен дереу елімді қоршап алмасам, түбінде олар бізге тыныштық бермейді деп шешіпті. Бірақ тарихқа жүгінсек, бұл қорған қытайларды қорғай алмағаны мәлім. Жаужүрек көшпенділер қорғанды талай рет бұзып өткен.
Сондай бір кезде ғұндардың қолбасыларының бірі айтқан деседі: «Бұл қытайлардай ақылсыз халық болар ма? Біз қорғаннан өттік те кеттік, енді кері қайтуға ерінеміз де, қытайларды қыра береміз» деп.
Тақырыпқа тұздық
Тәңірқұты Аттилаға ол еш кедергі болмап еді, яғни Атилла атамыз 441-447 жылдары солтүстік Рим империясына екі мәрте жорыққа аттанып, Балқан түбегін басып алып, астанасы Константинопольдың төрінен туын бір-ақ тігеді. Ел мен жер былай тұрсын, шыбын жанын арашалап қалудың амалын іздеген шығыс Рим империясының ІІ Феодосий патшасы мәмілегерлік тәсілмен ғұн билеушісіне жыл сайын 7000 фунт алтын, яғни қазіргі өлшеммен 232 келідей алтын төлеуге уәде беріп, оның үстіне, Дунайдың төменгі сағасында орналасқан Даки өлкесін тарту етеді.
«Ай қораланды»...
«Құйрық жеу»... «Ашамай»...
Біз бұл тұста ата-бабаларымыздың әскери стратегиясы мен жаугершілік заманда ел мен жерді қорғап қалуда қолданған түрлі амал-тәсілдеріне мән берсек. Ғұн қолбасшысы Еділ, жалпы, ғұн әскері тегіс әскери тактикаға шебер, ат үстінен артқа-алға бірдей садақ ата алатын мерген, аттары да иелерінің бұйрығын орындауға әбден үйретілген, тоқта десе, тоқтайтын, тіпті жалынан қағып қалып, белгі берсе, жата қалатын есті еді. Арнайы жабдықталған қосындар жүйрік күймемен, жауынгерлер қосар атпен жүйткіп жүретіндіктен, ғұн әскерлерінің қозғалысы жай оғындай жылдам еді. Жауды қос бүйірден қысу, маңлайсүбе, үркерше қоралау, барысша құсу секілді көптеген әскери тактикалар шебер қолданылатын. Қадірлі оқырман, біз осы ретте барысша құсу деген тәсілді тәптіштей түсіндіре кетсек, бұл айла аңшылық кәсіпке байланысты пайда болған: таудың ең ұшар басы, қарлы шыңын мекендейтін аш барыс қыстыгүні өз олжасын қиналмай аулау үшін асқазанындағы қоректің қалдығын түлкі, қарсақ мол жүретін етекке әкеп құсып отырады да, соны жеп дәніккен дәмегөй аңды ініне таяп келгенде бас салатын. Жолбарысты жалаң қолмен алатын ғұн батырының қай-қайсысына болсын бұл тәсіл әбден таныс. Ендеше, неге әскерді де сол әдіске бейімдемеске? Ол үшін ғұн қолының азғана тобы шаһарға бекінген қалың жауға шабуыл жасап, олардан жеңілген сыңай танытып қашып, жолға олжа төгіп дәндетіп, біртіндеп оларды далаға шығарып алған соң, жасырын тұрған негізгі қол екі жақтан тап беріп талқандайтын болса керек. Ал ең қорқыныштысы, ғұн сардарлары жауды өлтірген соң қанына туының ұшын батырып қандау рәсімін жасайтын болған. Ал ең қаһармандары жаудың қанын уысына толтырып ұрттап та жіберетін, тіпті дұшпаны қас батыр болса, өлтірген соң кеудесінен жүрегін жұлып алып, шайнап жіберіп, жаудың қайсарлығы маған жұғады деп ырым жасайтын оқиғалар да кездесетін. Бүгінде «жүрек жұтқан батыр» тіркесі, шын мәнінде, жүректі жұтқан бабаларымыздан қалса керек. Қазақтардың жаужүрек көшпенділердің ұрпағы екенін тіпті сол әскери әдіс-айланы күні кешегі жоңғар мен қалмақтарға қарсы соғыста пайдаланғанынан-ақ аңғару қиын емес. Айталық, Аңырақай шайқасын зерттеген тарихшылар еңбегіне көз жүгіртсек, жоңғарлардың қару-жарағы басым еді, мылтығы, өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған зеңбіректеріне дейін болғаны айтылады. Бірақ таңғаларлық жайт, халық тағдыры шешілген сол соғыста оның ешқайсысы да қазақ жасағын жасыта алмаған, себебі баһадүр қолбасшылардың бастауымен қазақ жасағы Дешті Қыпшақ даласында ежелден қалыптасқан «Ай қораланды», «Құйрық жеу», «Ашамай» тәрізді ұрыс тәсілдерін жан-жақты пайдалана білген. Осы шайқастарда сіргелі Елшібек батыр өз тобымен жойқын шабуылдаған күйі жау зеңбіректерін жарып жіберсе, Тілеулі батырдың жылжымалы қамалына тап болған жоңғарлардың талай атты әскері көзді ашып-жұмғанша жоқ болған. Ашық майданда шайқасудан гөрі қамал бұзу күрделі болғандықтан, қамал алу және оған алғашқы болып кіру батырлар үшін аса мәртебе, құрметті дәреже саналған. Шаған бойындағы шайқаста жау қамалын бұзғаны үшін Қабанбай батыр «Дарабоз» атанған, ал Көкалажар қамалын алғаны үшін Иман батырды Кенесары «Аяке» деп атаған. Көшпенділер әскери тактикасының ең ерекше тәсілі – жекпе-жек. Батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда ХІХ ғасырға дейін сақталып келді. Жекпе-жекке шығу батырлардың жауынгерлік борышы еді. Жеңген батыр қарсыласының атын, қару-жарағын олжалаған. Батыры өлген жақ оның денесін жауға бермеуге тырысып, «сүйекке шапқан», яғни батырдың денесін бермей алып қалу ерлікке саналған. Жорыққа шыққанда көшпенділер әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін байқатпай, жау жағын қапыда қалдыру айласы еді. 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған.
Білуші ме едіңіз?
Көшпелі халықтар әскер бөліктерін мінген аттарының түсімен де айырған. Мысалы, Шыңғыс ханның кешіктері кілең қара түсті арғымақтар мінген, ал Ақсақ Темірдің жеке гвардиясы да біркелкі атқа мініп, сауыттарына жолбарыс терілерін жапқан.
Ерлік қазақ үшін ертегі емес, ел ертеңіне айналса...
Көшпенділердің дәстүрлі әскери өнері – өте күрделі өнер. Алайда бүгін Алаш баласы әскерге барғанда өз даласын қасық қаны қалғанша қорғаған сол бір қаһарман тұлғаларының ерлігін емес, кеңес Үкіметі кезінде әзірленген оқулықтардағы есімдер мен ерліктер жайлы оқып, тіпті әлі күнге маршал, генерал, майор, полковник секілді сол тұста қабылданған шен-шекпенде жүр. Сондай-ақ кейбір фильмдерге қарасаңыз, қазақта соғыс өнері болмағандай күйге түсесіз: әйтеуір, жауға бет-бетімен жапатармағай шаба бергендей. Қазақ қолы әскери стратегия дегеннен, қазақ жауынгері әскери тактика дегеннен мақұрым болғандай... оған тек көзсіз ерлік қана тән болғандай. Ал ақиқатында, Алаш жұрты әскери тактикасы өз дәуірінде ең озық тәсіл болып саналған көшпенділердің ұрпағы емес пе? Бірақ оны бүгінгіміз қайдан білсін, егер оған кешегіні көрген аға ұрпақ жөн сілтеп, сонау Еділ, Едіге, Бейбарыс, Абылай сынды хандар мен бектер, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек батыр сынды бабаларымыздың ерлігін жатқа айтып, киноға айналдырып көрсетпесе, оқулыққа енгізбесе? Сонау жаугершілік замандағы соғысу тәсілдері, қала берді кешегі Ұлы Отан соғысында 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, әскери ғалымдардың айтуынша, 27 рет соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасаған қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының трактаттары әскери оқу орындарында, тіпті мектептер мен жоғары оқу орындарындағы әскери оқыту мен жаттықтыру барысында кеңінен қолданылмаса... Қазақтың өз қаһармандары атындағы орден, медальдар көптеп тағайындалмаса... Әскерімізге ұлттық сипат береміз десек, әлі де кеш емес!
Соғыс-сөздік
Көшпенділердің шекара қорғайтын, қала күзететін, елшілік, жаушылық қызметтерді атқаратын тұрақты әскері болған. Оларға бөлінетін азық «улафа», ал аттарына берілетін жем «алафа» деп аталған. Жауынгерлердің ақшалай жалақысы «нафак» делінген. Кейіннен қазақтар «алафаны» – алапа, «нафаканы» нәпақа атап кеткен. Нәпақаның алғашқы мағынасы өзгеріп, күнделікті қаржы, күнкөріс мағынасында қолданыла бастаған.