Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі
Мемлекет басшысының «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ата-аналардың республикалық форумына қатысушыларға арналған құттықтау сөзі
15 мамыр, 2023 жыл
Құрметті форумға қатысушылар!
Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады.
Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.
Отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті. Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі.
Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер.
Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін!
Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын!
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
баспасөз қызметі