Бас мүфти Түркия елшілігіне көңіл айтты
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасының еліміздегі елшілігіне арнайы барып, бауырлас мемлекетте болған жер сілкінісіне байланысты көңіл айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасай отырып.
"ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлағандай, Бас мүфти алдымен көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Түркия – түбі бір туысқан ел. Біз байырғы баба-батыр түркінің кіндігінен тараған ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Бауырлас елдің басына келген қайғы – біздің де қайғымыз. Қазақ халқы жүрегімен сіздермен бірге. Алла Тағала табиғи апаттан қаза тапқан жандардың дәрежесін арттырып, жәннатын нәсіп еткей. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", - деп жазды Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұдан кейін ҚМДБ төрағасы Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи мырзамен және оның дін істері жөніндегі кеңесшісі Нешет Будурмен кездесіп, көңіл айтты. Сондай-ақ табиғи апаттан қаза тапқандардың рухына арнайы Құран бағыштап, қиналып жатқан тұрғындарға Алла Тағаладан жеңілдік сұрады.