«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізі Қазақстан мен Беларусь еліне жаңа көкжиектер ашады

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізі Қазақстан мен Беларусь еліне жаңа көкжиектер ашады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаев Беларусь астанасы Минскіге ресми сапармен барды. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың Беларуське үшінші ресми сапары. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бері Қазақстан мен Беларусьтің арасындағы байланыс өзара түсіністік пен сенім негізінде дамып келеді.
Беларусь Республикасы Президентінің резиденциясындағы кездесудің салтанатты рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Беларусь Президенті екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард АҚШ долларына жақындап қалғанын және Қазақстан Беларусь елімен сауда көлемі бойынша ТМД-да Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынды иеленетінін атап өтті.
– Егер Қазақстан бізге жақын болғанда, тауар айналымы едәуір арта түсетініне сенемін. Бізде Қазақстанға деген қажеттілік бар, біз бір-бірімізді өзара толықтыра аламыз. Бізде шешілмеген саяси мәселелер жоқ. Біз экономикалық ынтымақтастықта жетістіктерге жеттік. Мен сондай-ақ Сізге бізді машина жасау кешеніне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің қазақстандық даму бағдарламасына қосқаныңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл, әрине, бізге тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндіктер береді. Ол, әсіресе, Бір­ыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуымен артуда. Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыту мәселесіне қатысты біздің  көзқарасымыз өте ұқсас. Мен Сіздің бұдан 20 жыл бұрын айтқан жақсы идеяңыз жай долбар емес, мазмұны бойынша да орындалатын сәті алыс емес деп ойлаймын, – деді Александр Лукашенко.
Өз кезегінде, Мемлекет басшысы бірлескен кездесудің оң динамикасын атап өтті. «Бізде өзара іс-қимылдың өте орасан бағдарламасы бар. Беларусь біз үшін стратегиялық әріптес, жақын дос және одақтас болып саналады. Оның үстіне, біз Бірыңғай экономикалық кеңістік және Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құрамындамыз. Бұл бізді барлық қатынастар бойынша одан әрі жақындастыра түседі. Мен бұл сапар біздің өзара қарым-қатынасымызды, әсіресе сауда саласындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деп айта аламын. Тауар айналымының көлемі миллиард доллардан асуы керек. Мемлекетаралық және халықаралық жоспарлардағы біздің екіжақты қатынастарымызға қатысты Қазақстан мен Беларусь бірыңғай позиция ұстанады. Мен біздің экономикалық ынтымақтастығымыз барлық бағыттары бойынша жаңа деңгейге көтерілсе деген үлкен тілеумен келдім. Біздің Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағынан күтетініміз көп. Бүгінде посткеңестік кеңістікте Қазақстан, Ресей және Беларусь секілді бір-біріне жақын одақтастар жоқ», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселесін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылады.
Мемлекет басшысы 2011 жылдың қо­ры­тындысы бойынша тауар айналымы 730 миллион долларды құрағанын атап өтті. Жыл басынан бері оның орнықты өсуі бай­қалуда. Тек қаңтар-ақпан айларында та­уар айналымы өткен жылдың осы кез­е­ңі­мен салыстырғанда 70 пайызға ұлғай­ды.
Кеден одағының құрылуы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуы, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкі­метаралық комиссиясы екі елдің эконо­микалық кооперациясы үшін жаңа мүм­­кін­­діктер ашты. Қазақстан нарығында «МТЗ», «БелАЗ», «МАЗ», «Атлант» тәрізді бел­гілі өнеркәсіп алыптары мен өзге 23 сер­вистік орталық белсенді жұмыс істейді. Олар сомасы жүз миллион долларға жуық қа­ра­жатты құрайтын Қазақстанның Индус­трия­ландыру картасының 5 ірі жобасына қа­тысуда. Сонымен бірге бүгінде 103 бір­лескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өз тара­пы­нан Қазақстан – Беларусь компанияла­рын жекешелендіру үдерісіне белсене қа­тысу ниетінде. Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай бағы­ты бойынша Еуразиялық көлік дә­лізінің құрылуымен транзит-көлік сала­сын­дағы ынтымақтастық үшін жақсы перс­пек­тивалар ашылуда. Қазақстан Беларусь ау­мағында логистикалық орталықтың құ­ры­лысына қатысуға дайын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Беларусьтің ғылыми әлеуетін жоғары бағалайтынын атап көр­сет­ті. Осыған байланысты бірлес­кен ғылы­ми-зерттеулер жүргізу, өндіріске ғы­лыми әзір­лемелер мен технологияны ен­гізу өзара мүдделестік туғызады. Қа­зақ­стан Бе­ла­русьтің Ислам ынтымақтастық ұйымына ба­қылаушы болу ниетіне көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.

Келіссөздер барысында сондай-ақ Қа­зақстан мен Беларусь арасындағы ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтас­тық­тың қарқынды дамығаны атап өтілді. Таяу уақытта Беларусь Ұлттық техникалық уни­верситетінің жанынан Абай атындағы қа­зақ тілі, тарих және мәдениет орталы­ғы­ның ашылатыны оның жарқын мысалы бо­ла алады. Өз кезегінде, Қазақстанда биыл­ғы күзде Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің жанынан бе­лорус тілі, тарих және мәдениет орта­лы­ғы ашылады.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін екіжақ­ты құжаттарға қол қою рәсімі болып өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшылары екі­жақ­ты байланыстар мен көпжақты фор­мат­тағы өзара іс-қимылды одан әрі терең­де­тудің жолдарын айқындаған Қазақстан Рес­публикасы Президенті мен Беларусь Рес­публикасы Президентінің бірлескен мәлім­демесіне қол қойды. Сонымен қатар Қа­зақстан Республикасы Үкіметі мен Бе­ларусь Республикасы Үкіметі арасындағы дип­ломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін ұсыну жөніндегі келісімге және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы мен Беларусь Респуб­ли­касы Ауыл шаруашылығы мен азық-тү­лік министрлігі арасындағы ауыл шаруа­шы­лығы мен азық-түлік саласындағы ын­ты­мақтастық туралы келісімге қол қо­йыл­ды. Бұдан басқа, «АГАТ» ААҚ – басқару жү­йесі» – «Геоақпараттық басқару жүйесі» хол­дингінің басқарушы компаниясы мен «Қа­зақ­стан инжиниринг» ҰК» АҚ арасын­да­ғы ынтымақтастық туралы меморандум­ға, мұнай мен химия жөніндегі Беларусь мем­лекеттік концерні «Белмұнайхимия» АҚ пен «ҚазМұнайГаз» АҚ арасындағы өза­ра түсіністік пен стратегиялық әріптестік ту­ралы меморандумға қол қойылды. Са­пар барысында барлығы 8 ресми үкі­метаралық және ведомствоаралық құ­жатқа қол қойылды.
Бағдарламаның ресми бөлімі аяқтал­ғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко брифинг өткізді.
Беларусь Республикасының Президенті соңғы бірнеше жылда 12 Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорны құрылғанын атап өтті. «Тек 2011 жылдың өзінде осын­дай 4 бірлескен кәсіпорын ашылды. Қазіргі уақытта 13 бірлескен жобаны әзірлеуде бел­сенді жұмыстар жүргізілуде. Оның же­теуі бүгінде Қазақстан Республикасы дамуы жө­ніндегі мемлекеттік бағдарламаға ен­гізіл­ген. Бүгін қол қойылған құжаттарды іске асыру біздің халқымыздың игілігі жолындағы стратегиялық әріптестікті ны­ғай­тады. Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, зор ден­саулық және ұзақ өмір, ал Қазақстан хал­қына даналық пен табыстар тілеймін», – деді Беларусь Президенті.
Өз тарапынан Қазақстан Президенті Алек­сандр Лукашенкоға дәстүрлі белорус қонақжайлығы мен жайдары көңілдері үшін ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан На­зар­баев Беларусь Қазақстанның маңыз­ды саяси және экономикалық әріптесі бо­лып табылатынына назар аударды. «Біздің ел­деріміз арасындағы ғылыми-гумани­тар­лық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қазақстанда тұрып жатқан 100 мың бе­лорус біздің қарым-қатынастарымыздың ны­ғаюын байланыстыратын звено қызме­тін атқарады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай кө­лік дәлізінің құрылуымен, Беларусьтың Қа­зақстан арқылы Қытаймен шекарасы бо­луы мүмкін. Өз кезегінде біздің еліміз Бе­ларусь арқылы Еуропамен шекарала­са­тын болады. Мен біздің өзара іс-қи­мы­лы­мыздың барлық спектрі бойынша қарым-қа­тынасымызды нығайтуға бірдей ұм­­ты­­лы­сымызды білдірген бүгін өткен ке­ліс­­сөздердің қорытындысын жоғары ба­ғалаймын. Стратегиялық әріп­тес­тікке ба­ғыт­талған, бізді байла­ныс­ты­ратын достық дәнекері мен өзара құр­метіміз Қазақстан мен Беларусь халық­та­рының игілігі жо­лын­дағы біздің қарым-қаты­на­сымыздың бас­ты қағи­даттары болып са­налады және ал­да да солай бола беретініне сенемін», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назар­баев жур­на­лис­терге арналған брифингіде. Түстен ке­йін Мемлекет бас­шысы Минс­кі­дегі Же­ңіс монументіне гүл шоғын қой­ды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста