Бауыржан Байбек: Ел қауіпсіздігін қорғауда ерлік көрсеткен бауырларымыздың өмір жолы - кейінгі ұрпаққа үлгі
Бүгін Алматы жұртшылығы ҚР ІІМ «Күзет» Мамандандырылған күзет қызметі Басқармасының екінші батальонының қызметкері, полиция старшинасы, 42 жастағы Аян Ғалиев пен отставкадағы полиция подполковнигі Ғани Нұримановты ақтық сапарға шығарып салды.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан қаралы жиынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қалалық ІІД, ТЖД, Ұлттық ұлан және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, марқұмдардың достары мен әріптестері және қала жұртшылығы келіп, марқұмның отбасы мен туған туыстарына қайғырып көңіл айтты.
«Ардақты ағайын, құрметті қауым. Туған халқына бергенінен берері мол, еліміз үшін жасағанынан жасары артық арыстай азаматтарымыз күтпеген жерден бақилыққа аттанды. Орны толмас бұл қаза баршамызды күйзелтті. Қабырғамызды қайыстырды. Ел қауіпсіздігін қорғап жүрген бірнеше тұлғаның бейбіт күнде айналасы 25 минут ішінде мезгілсіз кетуі, өмір өзегінің үзілуінің қас қағымдай екендігін, жалғанда тыныштық пен татулықтан асқан құндылық жоқ екенін тағы да бір еске салды. Бүгін ақтық сапарға аттанып бара жатқан азаматтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындар тыныштығын қорғау жолында, яғни бабамыз айтқандай құл болмау, керісінше ел болу жолында мерт болды. Осында тұрған әрбіріміздің бейбіт ғұмырымыз үшін өздерінің өмірлерін қиып, жандарын пида етті. Бұл оқиға, Ішкі істер органы қызметкерлерінің әр күні, әр сағаты болжаусыз екенін, сондықтан да ерлікке пара-пар болатынын тағы бір дәлелдеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда халқына адал еңбек етіп, ерен ерлік көрсеткен бауырларымыздың жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталмақ. Олардың өмір жолы - кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Олардың есімдері ел мен қала тарихында қашанда алтын әріппен жазылады», -деді өз сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Қаралы жиынға жиналған халықтың саны шамамен 2000-ға жуықтайды. Олардың ішінде ішкі істер органдарында істейтін қызметкерлердің саны 1000-нан асады.