Бейнеклиптер бәйгеден келді
Жақында еліміздің Ақпарат және байланыс министрлігінің, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің және «Жас Отан» Жастар қанатының, «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Отаным – жүрегімде» атты республикалық бейнеклиптер байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздардың есімдері анықталды.
Жобаның ұйымдастырушылары алдымен осы байқау аясында еліміздің рухани дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген бірқатар отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін Ақпарат және байланыс министрлігінің арнайы алғысхаттарымен марапаттады. Сондай-ақ байқауға қатысушы өнерпаздар мен журналистер Алматыдағы Оқушылар сарайы алдында жаңа ашылған «Отаным – жүрегімде» саябағына ағаштар отырғызды.
Бейнеклиптерді бәйгеге салған бұл байқаудың басты мақсаты – отансүйгіштік рухтағы музыкалық шығармаларды көбейту арқылы бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге атсалысу. Жалпы, байқауға Астана, Алматы, Өскемен, Қызылжар, Қостанай, Түркістан, Көкшетау және Қызылорда қалаларынан 30-дан астам жұмыстар келіп түскен. Осынау ерекше жобаға қазіргі жастар арасында кеңінен танымал «Ұлытау» тобы, «Жігіттер» квартеті, Мәдина Сәдуақасова, Ақылбек Жеменей сынды белгілі өнер жұлдыздары мен республикамыздың түкпір-түкпірінен өзге де жас өнерпаздар патриоттық тақырыпта түсірілген туған жер, салт-дәстүр туралы бейнеклиптерін ұсынып, таланттарын таразыға салды.
Арнайы мамандардан жасақталған әділқазылардың шешімімен және ел ішіндегі жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде төмендегі өнерпаздар байқаудың жеңімпаздары ретінде танылды:
Бірінші орын – Қанат Айтбаев, «Астана вальсі»;
Екінші орын – Әсем Құдайбергенова, «Көкпар»,
Ескендір Хасанғалиев, «Жасай бер, Қазақстан!»;
Үшінші орын – Сәния Ғаниқызы, «Нұр-Астана»,
Асыл Жандәулет, «Ардагер, асыл ағалар».
Сыннан сүрінбей өткен осы орындаушылардың бейнеклиптері енді республикалық телеарналардан тегін жарнамаланатын болады.