Бектұр Аймауытовтың басына белгітас қойылды
Кеше Алматыда Алаштың ардақты ұлдарының бірі, қазақ прозасы бастауында тұрған ұлт мақтанышы Жүсіпбек Аймауытұлының баласы Бектұр Аймауытовтың басына белгітас орнатылды. Б.Жүсіпбекұлы Боралдай орталық зиратының батыс бөлігіне жерленген. Белгітас орнату рәсіміне қазақтың бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жүсіпбек Аймауытовтың тұңғыш ұлы Бектұр Аймауытов 1916-2008 жылдар аралығында өмір сүрген. Әкесі тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, атылып кеткеннен кейін Қазақстаннан көшуге мәжбүр болған. 1930 жылдан бастап Ресейде тұрған ол зұлмат жылдары «халық жауының» баласы ретінде сотталып, Сталин лагерьлерінде кесімді он жыл өмірін өткізеді. Итжеккенде өндірісте жұмыс істеген. Бар қияметті бастан өткергеннен кейін, 2004 жылы ғана атамекенге оралады. «Бектұр Аймауытов қанша жыл Ресей жерінде жүрсе де, туған топырағын ұмытпаған. Туған жерге деген сағыныш оған осы топырақты бұйыртып отыр», – деді белгітас қою рәсімінде саяси құғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.
2006 жылы Бектұр Жүсіпбекұлы Алматыға келіп, ардагерлер үйіне орналасады. Өз отанында әкесі мен Алашорда өкіметі туралы құнды естеліктер қалдырды. Белгітаста «Ескерткішті қойған қазақ жастары» деген жазу бар. «Біз ұлт тұлғаларын тарих бетінен өшіріп алмауымыз қажет. Енді жастар болып атамыздың басына келіп тұруды мақсат етіп отырмыз», – деді мемлекеттік тілді дамыту қорының өкілі Еренғайып Қуатайұлы.