Бесіктен бездірушілердің көздегені не?
Бесік – қазақтың аса қастерлі мүлкі. Бірақ бүгінгі күні бесікті қолдану бірте-бірте тұрмыс-салтымыздан шығып бара жатыр. Тіпті бір кездері қазақ баласын бесіксіз елестету мүмкін болмаса, бүгінгі күні бесікке шоши қарайтын аналар саны артып барады. Осылайша тұрмыс- салтымызға тиімділігімен, баланың денсаулығына пайдалылығымен еніп, жүздеген ғасыр бойы сынақтан өткен бесік бүгінгі күні күнделікті қолданыстан шығып қалып отыр.
Төріңде бесік тұрса, төре басын иеді
Иә, аналарымыздың бөпелерін бесікке бөлеуден бас тартуы ең алдымен салт-дәстүрімізге кері әсер етті. Бар байлығын баласы санайтын қазақ халқы сол баласы жататын бесікті де ерекше қадір тұтып қастерлеген. Тойшыл халықтың тойының басы да осы бесікке салу дәстүрінен, бесіктойдан басталған. Халқымыз дүние есігін енді ашқан сәбиді бесікке салуды елеулі дәстүр санап, ерекше мән берген. Бала дүниеге келгеннен кейін жеті-сегіз күн өткен соң бесікке салу ырымы жасалған. Бұл жоралғыны ауылдағы жолы үлкен немесе көпті көрген тәрбиелі, елге сыйлы, өнегелі әжелерге, кішіге үлгі болар аналарға тапсырған. Мұның өзі дүние есігін ашқан шақалақ болашақта сондай өнегелі адамдай болсын деген қазақы ырымнан шыққан. Нәрестені бесікке бөлеу құрметі сеніп тапсырылған әйел адам бесікті отпен аластап алған соң, «тыштырма» дәстүрін жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Баланы аруақтар қорғап жүрсін деп, бесіктің үстіне ата-бабадан қалған сырткиімді жапқан, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп қамшы қойған. Қайсыбір жерлерде бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар жапқан. Бесікке салған адамға «бесікке салар», яғни кәделі сый берілген. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылған. Міне, қазақтың бесіктен қол үзуі жоғарыдағы мағынасы терең, мәні зор салт-дәстүр, қазақы ырымдарынан айырып отыр.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, этнограф:
– Ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Тіпті қазақ халқының бесікті аса қасиетті мүлік санағаны соншалық, бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп отырған. Бесікке бала бөленбеген кезде ол бесікті орап, биіктеу жерге алып қойған. Бесікті кез келген жерге тастамаған. Керісінше, оның көнермей ұзақ сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа бұзылмай берілуіне аса мән берген. Бүтін бір әулет бір бесіктен тараған жағдайлар өте жиі кездескен. Ондай бесіктерді барынша сақтап, одан әрі қадірін арттырған. Ұрпағы көбейіп, әулет саны артқан сайын оны әлгі атадан балаға берілген бесіктің қасиеті деп санаған. Қазақ бос бесікті тербетпеген, бос бесіктің бетін ашық қалдырмаған. Сондай-ақ әжелеріміз бөбекті пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қойған. Негізі, бесікті қызға нағашы жұрты жасатып, сыйға тартқан. Мұның себебі, қазақ қызды – өріс, жиенді жекжат, ұрпақ санаған. «Өрісіміз кеңейіп, ұрпақ – жұрағатымыз көбейсін» деген ырыммен қыз артынан бесік апаруға жауапкершілікпен қараған. Ал бүгінгі күні ауылдардың өзінде бесікке деген құрмет қалмаған. Бұл бесіктің қасиетін терең түсінбегендік деп ойлаймын.
Бесіктен қол үзу ұрпағымыздың денсаулығына да кері әсер етті
Қазақ бесікті бекерден-бекер қолданбаған. Оның артықшылығына көз жеткізіп, пайдасын түсінгеннен кейін өмір сүру салтының бөлінбес бөлшегіне айналдырған, яғни бесік – тұрмыстық бұйым ғана емес, дені сау, санасы сара ұрпақ өсірудің маңызды құралы. Халқымыз қастерлеген бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығы, аяқ-қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор. Бесіктің түбегі мен шүмегі баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы екені айтпаса да түсінікті. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымай, құрғақ болуы – мықты денсаулық кепілі. Бесік күн ыстықта салқын болса, ал күн суықта жылы болады. Жас бала ыстықтап көрпесін теуіп тастайтыны белгілі. Ал бесікке бөленгендіктен ол қимылдай алмайды. Бесікте күн ұзақ құндақтаулы жатқан балаға салқын да тимейді, яғни салқын тиіп ауырмайды. Ал «памперс» киіп, емін-еркін жатқан бала ербеңдеген қол-аяғынан шошып, жиі оянады. Ұйқысы тыныш болмаған соң, ол бала мазасыз болады. Дұрыс демалмаған мұндай балалардың зердесі толық жетілмейтіндігі медицинада әлдеқашан дәлелденген. Шошынып, дұрыс ұйықтамаған баланың жүйкесі де жұқа болып өседі. Сондай-ақ бесік суық пен ыстықтан қорғап қана қоймай, бесіктің жақтаулары кездейсоқ құлаған заттан балаға қорғаныш қызметін атқарады. Көп уақытын бесікте өткізетін бала сырт көзден таса болады. Ал бұл сәбидің тіл-көзден аулақ болуына септігін тигізеді. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетіледі. Бұл баланың жүйке жүйесінің бір жүйе, тәртіпке түсуіне әсер етеді. Ал бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Бұлар – бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана.
Ақмарал ӘБДІМАНАПҚЫЗЫ, педиатр дәрігер:
– Қазір көптеген ата-ана бесік орнына заманауи жөргекті пайдаланады. Бірақ ол қазақтың бесігін бәрібір ауыстыра алмайды. Бесікті ойлап тапқан ата-бабаларымыздың даналығына таңғаламын. Олар осы бір қарапайым жабдық арқылы баланың жатын орнымен қоса, оның тазалығы мен демалысын да ойластырып қойған. Дәрет қабылдағышты үнемі киіп жүретін бала соған сеніп алып, астына жібере салуға үйреніп кетеді. Ал бұл әдеттің бала тазалығына нұқсан келтіретіні өз алдына, сәбиді ауру қылатыны тағы бар. Оның үстіне, «памперс» балалардың жыныс мүшесінің жетілуіне кері әсерін тигізеді. Оны сәбиге 2-2,5 сағаттан артық кигізуге болмайды. Бесікте жатқан бала таза болып қана қоймай, жұқпалы аурудан да сақ болады. Мысалы, ертедегі балалар осы себептен де коньюктивит, тұмау, ішек-құрт ауруларымен қазіргі балалар секілді көп ауырмаған. Сондықтан ата-аналар уақытша жан тыныштығынан гөрі балаларының болашағын ойлап, бірыңғай «памперс» пен балалар кереуетіне сеніп алмағандары дұрыс.
Барымызды бағаламау бесіктің түбіне жетті
Егер бесіктің осынша пайдасын ғалымдарымыз ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, бесікке басқалар да құмартар еді. Осынша пайдасы бола тұра, бесіктен жерінуіміздің сыры неде? Мамандар мұның сырын кешегi кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушыларына бесікті жамандап оқытатын арнайы тапсырма берілуімен түсіндіреді. Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ. Бәрі жерініп шыға келетін. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпегенде жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады?
Оқуы жоқ болғанымен, тоқығаны көп бабаларымыз бесіктің пайдасын айтқызбай-ақ түсінген. Бірақ оның пайдасын, баланың денсаулығына тиімділігін бүгінгі ұрпаққа түсіндіру бүгінгі күні маңызды болып отыр. Осы орайда айта кетер жайт, ата-бабамыз шала туған балаларды бабаларының бөркіне тегіннен-тегін салмаған екен. Олардың тымағы сол кезеңдерде қазіргі заманның медициналық кювезінің рөлін атқарған. Қазақтардың кәдімгі тымағы мен медициналық кювездің температурасы жатыр ішіндегі температурамен бірдей болатындығын бүгінгі таңда медицина дәлелдеп отыр. Осының өзі-ақ – ата-бабамыздың данышпандығының, көрегендігінің дәлелі. Ендеше, ғалымдарымыз да бесікті жан-жақты зерттеп, қайтадан халқымыздың арасында кеңінен қолданысқа енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ, этнограф:
– Шыны керек, бүгінде барымызды бағалауға келгенде кежегеміз кейін тартып тұр. Мәселен, ғалымдарымыз бесіктің пайдасын медициналық жағынан, санитарлық тұрғыдан дәлелдеп, жарнамасын арттырса, бесік халық арасында кеңінен қолданысқа түсіп, салт-дәтүрлеріміз де жаңғырар еді. Қазір, керісінше, бесіктен гөрі «памперстің» жарнамасы жер жарып тұр. Осыдан кейін халық бесікке емес, «памперске» жүгірмегенде қайтеді. Оның үстіне, еліктегіш халықпыз, орыстардың балаларын балалар кереуетіне жатқызатынын көрдік те, бесіктен жерініп, кереуетке ұмтылдық. Бірақ әрбір ұлт ұлттық ерекшеліктері сақталғанда ғана ұлт ретінде ерекшелене түседі. Сондықтан бесіктің насихатын арттырып, халыққа қайтаруымыз керек.