Білімнен гөрі, грант қуған түлектен қандай инженер шығады?
Ел Үкіметінің индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алғанына біраз уақыт болды. Осыған орай, мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттардың саны да артты. Алайда осы гранттарға түсетін жастардың білім сапасы көп жағдайда сын көтермейді. Себебі мектеп түлектері және олардың ата-аналары әлі күнге дейін техникалық факультеттерді «қосымша аэродром», яғни «жеңіл» грант алып, жоғары білім алып шығудың бір жолы ретінде қарастырады.
Иә, ондай ата-аналар көп. Астанадағы іргелі оқу орындарының қабылдау комиссияларын аралап шыққан біздер осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ондай жерде: «Басқасына ұпайымыз жетпейді. Сондықтан техникалық мамандықтарға тапсырайық. Оның грантын алу үшін көп ұпайдың қажеті жоқ», – деген ақыл-кеңестерді жиі естисің. Сосын төрт бірдей мамандыққа құжат тапсырып қояды да, «әйтеуір, біреуіне түсеміз» деп кете береді. Қоғам ішінде белең алып бара жатқан мұндай үрдістің кесірі көп. Біріншіден, мектеп түлегі өзі оқимын деген мамандықты таңдамаса, төрт жыл бойы өзін-өзі қинап шығады. Ал оқуды әупірімдеп бітірген соң, бәрібір басқа мамандықтың иегері атанып жүреді. Екіншіден, техникалық мамандықтарға еріксіз келіп түсетін мектеп түлектерінің білім деңгейі көп жағдайда 70 ұпайдан аспай жатады. Осы санаттағы мамандыққа 50 (!) ұпаймен де түсіп, грантқа ие болған жастар бар. Демек, техникалық факультеттер сияқты «қосымша аэродромға» тек білімі төмен жастар келіп «қонады». Түптің-түбінде осының барлығы техникалық білім беру сапасына кері әсерін тигізетінін жасырмау қажет. Ал, ең бастысы, біз ел индустриясына қажетті мамандарды даярлай алмай, кәсіби мамандарды бұрынғыдай тек шетелден ғана шақыра береміз.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Саяхат НӨКЕШЕВ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті техникалық факультетінің деканы:
– Шыны керек, бүгінде техникалық мамандықтарға түсіп жатқан мектеп түлектерінің білімі тиісті дәрежеге сай деп айта алмаймыз. Олардың басым бөлігі тек грант алу үшін ғана келеді. «Диплом алсақ болды, жұмыстың жайын оқуды бітірген соң қарастырып жатармыз», – деп түседі. Ондай проблема бар. Грантты іздеп келетіндердің ұпайы да төмен болады. Бізге түсетін барлық талапкерлердің тек 30 пайызында ғана жоғары ұпай болса, қалғандардың білімі 50-70 ұпайдан аспайды.
Әлбетте, бүгінде жоғары оқу орнындағы төртжылдық оқудың ақшасын кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Оны да түсінуге болады. Әсіресе ауылда тұратын көпбалалы отбасылар үшін ондай гранттардың көмегі зор. Негізі, сол техникалық мамандықтарды ауылдың жастары жиі жағалап жүреді. Оқытушылардың айтуынша, нақты қай мамандыққа түсерін біле алмай, «адасып» жүретіндер де солар. Қала жастары үшін ондай проблема жоқ. Олар, көп жағдайда, қай мамандық бойынша оқитындарын біледі. Соған қарай ыңғайланады. Ал түспей қалса, әке-шешесі өз ақшасына оқытады. Дегенмен олардың арасында да техникалық мамандықтарға «адасып» келетіндер кездеседі. Өкінішке қарай, олардың барлығы бір-екі жылдан кейін оқудан шығып кетеді.
Ашығын айту қажет, бүгінде баланың болашақ мамандықты таңдау мәселесіне келген кезде, ата-аналар мектеп мұғалімдеріне сілтеп жатады. Әрине, баланың өмірлік жолы сол кезде анықталады. Алайда үйдегі тәрбиенің, баланы компьютерге емес, еңбекке баулудың да әсерін ұмытпау қажет. Еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында білім беріп жүрген белді ғалымдар да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек деп отыр. Әсіресе мектеп жасындағы баланы сан алуан үйірмелерге қатыстырып, техникалық құрастыру алаңдарына апарудың маңызы зор. Мектепке университет ғалымдарын шақырып, дәріс оқытуға да болады. Себебі ондай кездесулер кезінде балалардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артады.
Әбдіраш АҚЫЛБЕКОВ, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің деканы, профессор:
– Қазір мектептің білім беру деңгейі Ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткішімен өлшенеді ғой. Сол себепті бұрын мұғалімдер оқушыларға жеңіл пәндерді таңдатқызатын. Қазір де сондай үрдіс бар. Әрине, көп нәрсе мектеп дайындығына байланысты. Сондықтан мектеп түзелмей, ел экономикасына қажетті маман даярлау да қиын. Жасыратыны жоқ, бізге физика пәні бойынша жастар ең төмен ұпаймен түсіп жатады. Неге? Себебі мектептің дайындығы төмен. Балаларға мектеп жасынан бастап дұрыс бағыт беретін мұғалім болуы қажет қой.