Бір-бірімен жауласатын – діндер емес, адамдар...

Бір-бірімен жауласатын – діндер емес, адамдар...

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Арқа төскейінде осымен төртінші рет бас қосып отыр. Биылғы басқосуға 40 елден 85 делегация келіпті. Бұл алғашқы съезге келген делегаттар санынан әжептәуір көп. Ол кезде 17 елден 17 делегат қана келгені есімізде. Ендеше, Елбасы айтпақшы, мұның өзі форумның жаһандық маңызының жыл сайын артып, салмағының сапалы түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Съезд кеше ғана құрылған Діни лидерлер кеңесінің бірінші оты­ры­сымен басталды. Мұндай орган Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылғанын еске сала кетуіміз керек. Бұл ұсыныс осыдан үш жыл бұрын өткен съезде қолдау тапқан еді. Кеңестің құрамына әлем­дегі жетекші конфессиялардың, яғни ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, зороастризм діндерінің өкілдері кірді. «Кеңестің құрылуы конфессияаралық диалогті жаңа дең­гейге шығарады», ­– деді Пре­зи­дент.
Нұрсұлтан Әбішұлының айтуын­ша, кеңес өзге де халықаралық диа­логтық құрылымдармен өзара әрекет етпек. Кеңес аясында үлкен әлеуетке ие болатын жаңа тұрақты орган құ­ры­лады. Уақыт өте келе бұл орган жаһандық бітімгерліктің маңызды құралына айналады деген сенім бар. Ол сондай-ақ діндарлардың бос­тан­ды­ғы мен құқығын сақтаудың жаһан­дық мониторингін де жүзеге асы­ра­тын болады.
ҚАЗАҚСТАН – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ТИІМДІ МОДЕЛІ
Осы уақытқа дейін өткен әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі күрделі жаһандық үрдістер кезеңдерінде ұйымдастырылды. Ең бірін­ші съезд діндердің «қақ­ты­ғысына», яғни дінді терроризм мен экс­тремизмге пайдаланғысы кел­ген­дерге жауап ретінде өтсе, осының алдындағы үшінші съезд әлемдік қаржылық-экономикалық дағ­да­рыс­тың қайнап тұрған кезінде болды. Бұл адамзат рухани дағдарысты бастан кешіп жатқан кез еді. Міне, биылғы съезд те әлем үшін күрделі саналатын кезеңге тап келді. «Әлем­дік тәртіптің жаһандық транс­фор­ма­циясы басталды. Адамзат шын мә­нін­де жүйелі дағдарыстың кезеңін кешу­де. Жаһандық рецессия көпте­ген қоғамға ауқымды әлеуметтік жа­ры­лысымен қатер төндіруде», – деді Президент осынау алмағайып за­ман­да болып жатқан жайттарға тоқ­талып. Осы дағдарыстың кесірінен бүгінде әлемде 1 миллиардтан астам жұмыссыз жүр. Оның жартысына жуы­ғы – жастар. Оның ішінде көбі – жақ­сы білімге қол жеткізгендер. Мүм­кіндігі бола тұра, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің көбеюі себе­бінен жастар арасындағы ради­ка­лизм мен криминализм өсіп келе­ді. Сонымен қатар моральдық және ада­ми құндылықтардың жаһандық дағ­дарысы да етек жайып келеді.
Киелі кітаптарды, мешіттерді, храмдар­ды, синагогаларды және басқа да ғибадат­ханаларды өртеу, діни қызметкерлерді кемсіту, қоғамнан шеттету, ұрып-соғу, өлтіру секілді азғындық әрекеттердің бәрі соның айғағы. Ал дін мұндай келеңсіз дүниелерге тосқауыл бола алады. Тіпті ұлттық құндылықтарды, асыл мұраларды, мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаушы да – осы дін. Қазақ жұртының көзі бұған сталиндік қуғын-сүргін мен құдайсыз кеңестік режимде-ақ жеткен. Сондықтан да Елбасы осы мәселелерді талқылау үшін дінбасылардың басын қосу бүгінгі күні ауадай қажет екендігін атап айтты.
Адамзат тарихында бейбітшілік пен келісімнен асқан құндылық болған емес. Бүгінгі әлемде әлемдік құрылымның жағымды тұжырымдамасы тапшы екені жасырын емес. Адамзат өзіне берілген ақылын ылғи игілік үшін жұмсай бермейді. Халықты бірлікке шақыру үшін құрылған ең жоғарғы ақпараттық технологиялар мен жаңа коммуникациялар керісінше халықты алауыздыққа әкеп соқтырып жатыр. Желілік ресурстар да білімге шақырғанның орнына көргенсіздікті, жалғандықты, жауыздықты насихаттауда. Осының бәрі – қоғамның ащы да болса шындығы. Президент мұндай жағдайдан шығудың жолы – ұлттардың бірлік күші деп есептейді. «Сол үшін мен бір апта бұрын Астаналық экономикалық форумда ХХІ ғасырдағы әлемдік өзара қарым-қатынастың тиімді моделін жасап, оны жүзеге асыру туралы ұсыныс тастадым. Оны «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» деп атадым», – деді Елбасы. Мемлекет басшы­сының айтуынша, бұл – дағдарыстан сенімді түрде сақтанған, тиімді әлемдік валютасы бар, сауда және ынтымақтас­тықтың әділетті жүйесі бар гүлденген жаһандық экономика. Сондай-ақ жоғарғы технологиясы адамдардың қолайлы әрі бақытты өмір сүруі үшін қызмет ететін, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке берік негізделген халықтар мен мемле­кеттер арасындағы келісім мен адалдық салтанат құрған әлем. «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» дегеніміз – барлық проблема келісім мен сыйластық негізіне шешілетін толерантты ұлттар қауымдастығы және ядролық қару қаупінен құтылған, жаппай қырып-жоятын қарудан ада планета. Қазақстан Президенті мұндай модель құруға адамзаттың ақылы мен тәжірибесі жететініне сенімді.
Елбасының есептеуінше, полимәде­ниет­тілік, этникалық және діни әр алуан­дылық қоғам үшін қауіпті емес. Керісінше, зор артықшылық. «ХХІ ғасырда толерант­тылық инновациялық экономиканың да­муы мен өсуіне сеп болатын басты фактор. Соңғы 30 жылда этномәдениеттің көптігі­мен ерекшеленген елдер зор жетістікке жетіп жатқандығы көрер көзге айқын ақиқат. Бүгінгі әлем осындай тәжірибені жинақтап, дамытуды қажет етіп отыр», – дейді Елбасы. Бұл мәселеде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі алдыңғы қатарлы диалогтық платформа ретінде өз үндерін қоса алады. Сондай-ақ Президент Қазақстан ұсынған G-GLOBAL идеясы мен форматы жаһандық өзара түсіністік пен толеранттылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғандығын да айтты. «Сондықтан да жаһандық толерант­тылық пен сенімді қалыптастыру мен ны­ғайту мәселелеріне арналған интернет ресурс құруды ұсынамын. Ол G-GLOBAL жалпы электрондық порталының бір бөлігі болуы мүмкін. Оның аясында діни көшбасшылар кеңесінің және біздің съез­дің хатшылығының интерактивті отырыс­тарын өткізуді қарастыру маңызды», – деп тоқталды Президент. Ол аталған жоба арқылы интернет пайдаланушылардың кең ортасы үшін тұрақты онлайн форум­дарды өткізу керектігін жеткізді. Бұл ұсыныс дін лидерлері тарапынан қолдау табаты­нына сенім бар.
Президент бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін жасауда Қазақстан үлгі бола алатынын да тілге тиек етті. «Біз өзіміздің төл этникааралық келісім моделін құр­дық», – деген Нұрсұлтан Назарбаев елі­мізде бүгінгі таңда 140 этностың бейбітші­лік және келісімде өмір сүріп жатқанын жеткізді. Көпұлтты бола тұра ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында қарқын­ды экономикасы бар елдердің үштігіне кіргендігімізді де атап өтті.
Президент «діндер арасындағы бейымыраластық пен алауыздық – бар болғаны елес» дейді. Оған Астанада өтіп жүрген әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі дәлел. «Діндер емес бір-бірімен жауласатын, адам мен мемлекет бір-бірлеріне қастық қылатын», – дейді Президент. Сөзін «Әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деген хәкім Абайдың қара сөзімен қорытқан Президент кез келген діни ілім адамды және адамзатты кемел­дікке жетелейтінін айтты. «Форумымыздың мақсаты осыған саяды», – деді Елбасы.

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

НАНЫМ-СЕНІМІ ӘР АЛУАН ӨКІЛДЕР БІРІКСЕ, АЛЫНБАЙТЫН ҚАМАЛ ЖОҚ
Съезде БҰҰ Бас хатшысының орынба­сары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз алып, БҰҰ өкілі ретінде съезд жұмы­сына атсалысуды жоғары мәртебе санай­тынын айтты. «БҰҰ Қазақстан лидері, Елбасы Н.На­зарбаевтың бұл бас­та­масын то­лығы­мен қолдайды. Қазақстан елорда­сындағы дәстүрлі саммит маңызы бойын­ша діндер мен конфессиялар және өрке­ниеттер арасындағы ғаламдық диалогтің елеулі һәм ықпалды факторына айналды. Қазақ­стан Президенті аса көрнекті саясаткер және ұлы реформатор ретінде бүкіл дүние­жүзінің құрметіне ие болып отыр. Осыған орай БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Н. На­зар­баев пен съезд делегатта­рының атына өз жолдауын жіберді», – деген ол Пан Ги Мунның сәлемін оқып берді.
Пан Ги Мун өз сөзінде дін көшбасшыла­рын кедейлік, аштық, ауру, шиеленістер секілді қатерлі проблемаларды шешуге шақырады. «Біз адамның наным-сеніміне қарамастан, түрлі дін өкілдерінің күшін біріктіру арқылы үлкен күшке ие екенімізді көр­сетуіміз қажет», – депті ол.
Айтпақшы, съезде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақша сөйледі. Шетелде жүрген азаматымыздың тілге деген құрметін осылай көрсеткеніне риза болдық.
Назарбаев діндердің «Біріккен ұлттар ұйымын» құрды Съездің өтуіне БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО секілді басқа да халықаралық ұйымдар қол­дау көрсетіп, шашбауын көтеріп отыр­ғандығын да айта кетпеске болмайды. Өйт­кені адами құндылықтың насихатталуы мен рухани кемелдіктің паш етілуі бәріне ортақ дүние. Ал Қазақ елінің ұйытқы болуымен осыған дейінгі съездердің қай-қайсысы да діндер мен мәдениеттер ара­сын­дағы диалогты нығайтуға сеп болатын өзекті мәселелерді қаузап, әлем назарын ізгіліктің қайнар көзі қайда жатқанына аударғаны ақиқат. Сол себептен де болар, съезд барысында сөз алған түрлі діндердің бүгінгі рухани көшбасшылары Астана мұ­рын­дық болып жүрген осынау халықаралық диалог алаңының мән-маңызын айрықша бағалап жатты. Мәселен, Израиль раввині Шло­мо Амар дүниежүзі халықтары Бірік­кен Ұлттар Ұйымын құрса, Нұрсұлтан На­зар­баев бүкіл діндердің «Біріккен ұлттар Ұйымын» құрып отырғанын ерекше атап айтты.

Дін көшбасшыларының көзқарасы


Шломо АМАР, Израиль раввині:
Назарбаев «Діни БҰҰ-ны» қалыптастырды
– «Қазақстан осынау игілікті шараға мұрындық болып қана қоймай, әлем халықтарына үлгі боларлық батыл қа­дам­­дарымен таңғалдырып келеді. Әлем бейбітшілігі мен тыныштығы үшін сыйы­на­тын халықтар Астанаға келіп, рухани-діни диалогті қалай жүргізу керектігін үйренсе екен. Осы арқылы жер-жаһанға сүйіспен­шілік шапағын қалай тарату керектігін үй­рен­се екен. Бұл – зор ғала­матты шара. Мә­селен, дүние халықтары Біріккен Ұлттар Ұйы­мын құрды, ал біздің Нұрсұлтан Назар­ба­ев бүкіл діндердің біріккен ұлттар ұйы­мын құрып отыр. Осылайша, түрлі көзқ­а­рас­тағы дін өкіл­дері Астанаға келіп, өзара ашық, бүкпесіз сөйлесуге мүмкіндік алды. Мұн­дай ғажап дүние үшін Назарбаев қан­дай да алғысқа лайық.


Абдалла бен Мухсин ат-Турки, Әлемдік Ислам Лигасынының бас хатшысы:
«Жаратушы алаламайтындарды сүйеді!»
– Қасиетті Құранда: «Аллаһ сендерге дін үшін сендермен соғыспағандармен, дін­де­рің үшін сендерді қуғынға ұшыратпа­ған­дардың барлығымен мейірімді әрі әділ болуға тыйым салмайды». Расында да, Жа­ра­тушы ала­ламай­­тын­дар­ды сүйеді» деп айтылады. Ал мұның өзі діни институттар­дың дінді адамдардың төзімсіздігін қоз­ды­ра­тын, құқын бұзатын теріс құрал ретінде пай­дала­нудан қашық болуын талап етеді. Дін қан­дай жағдай болсын зорлықты қоз­ды­ру­ға, те­р­роризмді тудыруға, жазықсыз адам­­дарға шабуылдауға түрткі болмауы шарт. Ал діндер арасындағы диалог ар­қылы бей­­бітшілікке үндеу – бұл адамзаттың игілі­кті қада­мы. Мұндай қолдауға тұрар­лық жол­дың бір мысалы – бүгінгі форум. Осы тұр­ғы­дан алғанда, Бүкіләлемдік ис­лам лигасы әр­­қашанда Қазақстанмен рес­ми әрі халық­тық деңгейде ынты­мақ­тастықты қол­дайды. Съезд арқылы Мем­лекет басшысы Н.Назар­ба­ев адамзаттық қатынастар диа­логін орнату мәселесінде ерекше жоғары құ­рмет иеленіп отыр.


Мазхабтарды жақындастыру дүние­жүзілік ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Мухаммад Әли Тасхири:
Әлемдік дін көшбасшылары әйелдер құқықтарына баса назар аударуы тиіс
– Бүгін мен өз сөзімде әйелдер рөліне қатысты мәселені қозғағым келеді. Бүгінде әйелдер басынан көптеген азапты өт­керуде, әсіресе бұл соғыс және қақтығыс бо­лып жатқан жерлерде орын алуда. Әйел­дер құқықтары тапталуда. Осы тұрғы­да әлемдік көшбасшылар мен діндер көш­басшылары міндетті түрде осы мәселені зерт­теуі тиіс. Аналардың өлімі, олардың медициналық тұрғыда көмек алуы мен дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету тұрғысын­дағы, сондай-ақ нәзікжандылар­дың сау­да­сына байланысты проб­лемалар бар. Осы мәселелердің бар­лы­ғы тыңғы­лық­ты зерделеуді қажет етеді.


Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы КИРИЛЛ:
Мемлекет дін атын жамылатын агрессияшыл фанаттардың көзін құртуға құқылы
– Жалған діни экстремизм проблема­ла­ры туралы айтпай кетуге де болмас. Адам­дық сана қылығынан ада қадамдарға бару­шылардың кесірінен бейбіт тұрғындар опат болуда. Бұл – біз барынша сөгетін бас­ке­серлердің арамниетті шаруасының нәти­жесі ғана емес, діни дәстүр туралы дұрыс тү­сіні­гі бос діни ваккумның салдары. Тәр­бие­нің дәстүрлі тетігінен құр қалған адам­д­ар­дың өзі дінаралық салада агрессияның көзі болып шыға келеді. Егер мемлекет тер­роризммен күресіп, агрессия­шыл фанат­тар­дың көзін құртса, оның бұл қада­мы дұ­рыс. Өйткені қоғам да өзін-өзі қорғауға әб­ден құқылы.


Ирина БОКОВА, ЮНЕСКО бас директоры:
«G-Global»-ға қатысты Назарбаев идеясы РИО+20 саммитінде талқылауға лайықты
– G-Global жаһандық форумын құру туралы идеяны мен адамзаттың келешекке қатысты стратегиялық дүниетанымы ре­тін­де қарастырамын. Сондықтан да мұндай озық идеяны Рио-де-Жанейрода өтетін орнықты дамудың әлемдік самми­тінде талқылауға әбден болады. Тіпті ма­ған болашақтың орнықты дамуына қа­тыс­ты осы идеяны міндетті түрде енгізу қажеттігі сезілетіндей. Өйткені бұл орнық­ты даму­дың барлық элементін, оның ішін­де эконо­мика, әлеуметтік даму мен әділдік, мәдени алуандықтың бәрін қам­тып кете алады. Бұл – жаһандық бастамаға лайық үндеу.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста