Биыл Отпан тауда Амал мерекесі өтпейді
Биыл Отпан тауда Амал мейрамына орай шаралар өтпейді. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пәния Сармурзина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин талаптарын сақтай отырып, шағын топпен ресми шара өткізіледі. Шараға Сегіз Арыс Адай ұрпақтарының өкілдері қатысады. «Ескіше жыл санауда Амал мерекесінің айрықша орны бар. Бұл мейрам жыл сайын «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде бірліктің отын жағумен өткізіліп келді. Былтыр пандемияға байланысты барлық шаралар тоқтатылған болатын.
Биыл ресми шара карантин талаптарына сәйкес, «Сегіз Арыс» қоғамдық қоры азаматтарымен келісе отырып шағын топпен өткізуді жоспарлап отырмыз. Дастархан жаю, дәм тату, жәрмеңке ұйымдастыру шаралары болмайды. Ал Амал мерекесін ұлықтау облыс бойынша онлайн формада өткізіледі. Оған қала, аудан бойынша 40 мәдениет үйі, 62 кітапхана мен 6 музей мекемесі тыңғылықты ат салысады. Сонымен қатар 14-наурыз күні Әбіш Кекілбаев атындағы алаңда концерт беріледі. Өңір тұрғындары үшін облыстық телеарнадан жас ұрпаққа өнеге беретін ұлттық нақыштағы танымдық бағдарламалар тікелей эфирден шығады. Ең бірінші байлық – денcаулық. Сондықтан сақтық шараларын ұстануға міндеттіміз»,- деді Пәния Сармурзина.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Бердібек Саралтаев қатысты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бас санитар дәрігері мен облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, Маңғыстауда биыл Амал мейрамы мен Наурыз мерекесі тойланбайды. Өйткені өңірдегі карантиндік шектеулерге байланысты адамдардың көптеп шоғырлануына рұқсат жоқ. Сондай-ақ халықтың тығыз байланыста болуы қауіпті індеттің өршуіне әкеледі.
«Көрісу күні қол алысып, төс қағыстырады. Бірақ эпидемиологиялық тұрғысынан айтатын болсам, осындай қауіпті кезеңде қол алысу дұрыс емес. Сондықтан барша маңғыстаулықтарды амал мерекесінде үйде, өз отбасымен отырып, қоғамдық орындарға бармауға шақырамын. Өйткені қол беріп, құшақтасу – инфекцияның тарауына себеп», - деді Бердібек Саралтаев.