«Болашақ» студентінің болашағы беймәлім
Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектесуі үнемі «тосын сыйларын» алға тартады. Шекара бекетінде, әсіресе, есірткі заттарымен ұсталып жатқандар көп.
Жуырда тағы да шекара бекетінде 16 жастағы тараздық контрабандашы қолға түсті. Ол облыс орталығындағы «Болашақ» колледжінің студенті болып шықты. Сөйтіп, «болашақтық» студент өз болашағына нүкте қойды. Ол «Айша Бибі» бақылау-өткізу бекетінде құрыққа іліккен. Кеден қызметкерлері есірткіге еліткен жасөспірімді бірден байқапты.
Нұржан ҚАЛМЕТОВ, Жамбыл облысы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Есірткінің уытына масайған жеткіншекті тінту кезінде одан Қырғызстаннан заңсыз алып шыққан 80 грамм марихуана тәркіленді. Шекара бекетінен өту кезінде есірткіні «тойғанынша» пайдаланған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалуда.