Бразилиялықтар Елбасының артынан қуып жүріп арқасынан қақты
Кеше елімізге ресми сапармен Бразилия федеративті республикасының Президенті Луис Инасиу Лула да Силва келді. Мәртебелі қонақтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада ерекше ықыласпен қарсы алды. Бір қызығы, қарсы алу рәсімінде бразилиялық меймандардың бәрі дерлік өздерін қарсы алушылардың арқаларынан қағып жатқанын байқадық. Тіпті мейман министрлердің бірі келесі мейманның қолын алмаққа бұрылып бара жатқан Елбасының арқасынан ұмтылып келіп қаққаны тіптен тосын көрінді бізге. Оның себебін көп ұзамай-ақ түсіндік. Бразилия халқының салты бойынша, олар ерекше құрмет тұтатын адамдарының арқасынан қағады екен. Осылайша, Орталық Азияға, соның ішінде қазақ даласына алғаш рет табан тіреп отырған Бразилия басшысы Лула да Силва қазақ еліне деген ерекше құрметін білдіріп жатқаны екен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва алдымен шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Онда екіжақты саяси, әлеуметтік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. «Қазақстан мен Бразилия арасында бүгінгі таңда жоғары деңгейдегі белсенді диалог қалыптасып отыр. Сондай-ақ түрлі саладағы қарым-қатынастар қарқын алып келеді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге молайып, 270 млн АҚШ долларынан асып отырғаны осының дәлелі», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Картаға көз салсаңыз, Бразилия мен Қазақстан арасындағы қашықтық бас айналдырардай. Екеуі әлемнің екі жарты шарында жатыр. Солай бола тұра, көрші елдердің қол-аяғын тұсап отырған дағдарысқа қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымының екі есеге өсуі – даусыз жетістік. Сондай-ақ Президент бұл бағыттағы Қазақстан мен Бразилия мемлекеттерінің экономикалық әлеуеті бұдан да жоғары екендігін ескертіп өтті. «Сіздің Қазақстанға сапарыңыз сауда-экономикалық, саяси ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, тың қарым-қатынастың бастамасы болады деп айтуға болады», – деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде, Бразилия Президенті екі елдің қарым-қатынасына тоқталып, саяси, экономикалық, мәдени және коммерциялық салалардағы байланыстарды одан әрі жетілдіру керектігін айтты. Оның айтуынша, биылғы жылдың қыркүйек айында Қазақстанға осы мақсатта Бразилияның индустрия және коммерция министрі бастаған ірі бизнес өкілдері арнайы сапармен келетін болады. «Біз екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға аса маңызды қадам жасадық деп ойлаймын», – деді Бразилия Президенті Лула да Силва.
Осыдан кейін өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі тараптың қатысуымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі қаралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай жасалып отыр. «Елге тартылған инвестиция көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Дүниежүзілік банктің де Қазақстанды әлемдегі барынша тартымды инвестициялық ахуалы бар 20 елдің қатарына қосуы осының айғағы», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондай-ақ екіжақты кездесуде өзара ынтымақтастық энергетика, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, авиация мен ғарыштық зерттеулер, туризм және спорт салалары сияқты басым бағыттар сөз болды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде халықаралық саясат мәселелеріне тоқталып өтті. Мәртебелі мейман да еліміздің аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық лаңкестікпен күрес, әлемдік деңгейдегі қаржылық-экономикалық тұрақтылықты қалыптастыру мәселелеріне ерекше ден қойып отырғанын жоғары бағалайтынын білдіріп өтті. Бразилияны Қазақстанға еріксіз жақындататын бір саяси мәселе бар. Ол – Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне қатысты ұстанымы. Луис Инасиу Лула да Силваның айтуынша, Қазақстан осы бағытта оң жұмыстар атқарып отыр. «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін қайта құрудың маңызы өте зор. Ол осы Кеңеске мүше болуға талпынып отырған елдер үшін тиімді. Оның үстіне, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпауды және халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде өз ұстанымы бар», – деді Бразилия Президенті. Ол Бразилияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болуға талпынысына қолдау білдірген Қазақстан Президентіне өз ризашылығын білдірді.
Бүгінде Бразилияда ұшақ шығару өндірісі жақсы жолға қойылғанына тоқталған қонақ: «Бұл салада да екі елдің байланысын өркендетуге әбден болады», – деп атап өтті. «Біз ұшақ жасау саласындағы серіктестікке ниеттіміз. Қазақстанның инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыс істегіміз келеді. Мұнымен қоса, бізді биоотын саласында да бірлесіп жұмыс жасау қызықтырып отыр», – деген ол осы салада өткен жылы қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Осыдан бір жыл бұрын Көлік және коммуникация министрлігінің шақыруымен елімізге «Эмбраер» бразилиялық авиақұрылыс компаниясының Еуропада ұшақ сату жөніндегі директоры Клаудио Шейнкер сапармен келіп, келіссөздер нәтижесі бойынша «Эйр Астана» әуе компаниясына «Эмбраер» ұшақтарын лизингке алу мәселесі қарастырылған болатын.
«Біз бүгін екі ел арасында көп нәрсеге қол жеткізіп отырмыз. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатысты келісімдер жемісті болды деп айта аламын. Бұл елмен биоэтонол өндірісі жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Соның ішінде Қазақстан мен Бразилия арасындағы энергетика, ауыл шаруашылығы, машина құрылысы, металлургия, авиация, биология, ғарыштық зерттеулер, туризм және спорт салалары секілді болашағы бар бағыттар одан әрі дами түседі деп сенемін.
Дағдарыста Бразилия мен Қазақстанның өзара ұстанымы бір жерден шығып отыр», – деді Елбасы. Елбасы сөз арасында Пеленің елін күллі дүниені баурап алған футбол ойынының қыр-сырын меңгеруге кеткен 26 жас жеткіншектің жағдайын сұрауды ұмытпады. Бразилия мемлекет басшысы оған: «Бұл спортшыларыңызға ештеңе үйретудің қажеті жоқ. Онсыз да бізден кем ойнамайды екен», – деп жауап беріп жатты. Соған қарағанда, ол аталған 26 жеткіншектен құралған Ole Kazakhstan командасының Сан Паулодағы жеңісінен хабардар болса керек.
Президенттің қабылдауынан кейін Бразилия мемлекетінің басшысы Луис Инасиу Лула да Силвамен Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов кездесті. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үкімет үйінде өткен кездесуде Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі туралы әңгіме өрбіген. Тараптар экономиканың түрлі салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуда екі жақ та мүдделі болып отырғанын жеткізді. Қазақстан мен Бразилия арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті жаңа үлгідегі қарым-қатынасқа – жүйелі инвестициялық жобаларды іске асыруға ауысуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Л.И.Лула да Силва екі елдің даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға да мүдделі екендіктерін жеткізді. Кездесу соңында тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың әрі қарай сәтті дамитынына сенім білдірді.