Бұрынғы әкімдер бірауыздан сайланды
Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаевтың айтуынша, саяси науқан барысында ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген.
Мәселен, Абай ауданындағы тоғыз ауылдық округтің әкімдері атануға 27 кандидат өтініш білдірсе, оларға таңдауды аудандық мәслихаттың 11 депутаты жасаған. Нәтижесінде бұрынғы тоғыз әкім де екінші мәрте халық таңдаған депутаттардың жүз пайыз сеніміне ие болған. Ал халқының саны әлдеқайда молырақ Аягөз ауданында сайлау таңертеңгі сағат тоғызда басталған. Мұндағы 23 ауылдық округтің әкімдерін анықтауға 15 депутаттың 14-і қатысқан. Бір депутат жұмысының ауысуына орай қатыса алмаған. Аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеухан Бозтаевтың мәліметінше, Аягөздегі №3 мектептің акт залында ұйымдастырылған шараның нәтижесінде үш ауылдық округке жаңадан басшы тағайындалған.
Ауыл әкімдерін сайлау науқаны аймағымызда бүгін де жалғасын табатын болады. Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің мәлімдеуінше, ауыл әкімдерін сайлаудың нақты нәтижелері алдағы бір тәуліктің аралығында толықтай белгілі болмақ. Сайлаудың заң аясында өтуі прокуратура арқылы қадағаланады. Ал сайлау барысына көңілі толмағандар облыстық сайлау комиссиясына немесе сотқа арызбен жүгінуіне болады.