Cаптағы сарбаз кісі өлтірді
Жуырда Жамбыл облысын шулатқан қанды оқиғаның басты кейіпкері қатардағы жауынгер болып шықты. Қорғаныс министрлігінің бір әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет атқарып жүрген 20 жастағы жауынгер әскери қарауылды тастап кетіп, адам өлтірген. Оқиға былайша өрбіген.
Т.Рысқұлов атындағы аудандық ішкі істер бөліміне Жаңатұрмыс ауылында жол-көлік оқиғасынан бір адамның қайтыс болғандығы жайлы жайсыз хабар түседі. Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары ес-түссіз жатқан тағы бір адамды аудандық ауруханаға жөнелтеді. Қанды оқиғаның орын алуына түрткі болған ұялы телефон екен. Түнгі клубта көңіл көтеріп отырған төрт жігіт телефонға таласып төбелес шығарады. Мәселені көпшілік орнында емес, тасалау жерде шешпек болған олар автокөлікке мініп, Луговой бағытындағы жолға түседі. Жарты жолға барғанда, әскер қатарындағы сарбаз рульде отырған жігітке пышақ ұрып, дене жарақатын салады. Сол жерде көлікті тоқтатып, екі жігітті әбден соққының астына алады. Іздерін жасыру үшін жол-көлік оқиғасы болғанға ұқсастырып, көлікпен жерде жатқан екі жігіттің үстінен бірнеше рет басып өтеді. Луговой стансысынан алты шақырым жерде автокөлікті өртеп, іздерін жасырып кетеді. Алайда Т.Рұсқұлов аудандық ІІБ-нің учаскелік полиция инспекторларының тынымсыз еңбектерінің арқасында оқиға ізі суымай ашылды. Қазір жауынгердің қасындағы сыбайласы іздестірілу үстінде. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас жігіттің әскери бөлімді тастап кеткендігін командирлерінің білмегендігі түсініксіз. Тіпті оның сол күні кезекшілікті тастап кеткенін ешкім байқамаған да.
Роза Қалдыбекова, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы:
– Жамбыл облысында соңғы кезде кісі өлімі мен ауыр қылмыстар саны артып отыр. Өз учаскесінде 10 жылдан астам жұмыс атқарған инспекторлар өз аймақтарындағы барлық «қиын» адамдармен қарқынды жұмыс істеуде. Өңірімізде кісі өлтіру мен ауыр қылмыстардың ашылуы 96 пайызды құрап отыр. Қатардағы жауынгердің кісі өліміне қатысты болуын тез арада әшкерелеу де – учаскелік инспекторларының жемісті еңбектерінің бірі.