Damumed деректер қоры мемлекетке берілді
Бүгінде нарықтың 80%-дан астамын «Даму» АТО» ЖШС-іне тиесілі «Damumed» жүйесі қамтиды.
Бұл туралы Үкіметте өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жиында өзге мәселелерден бөлек денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық қызметтерді көрсету нарығында бәсекелестікті дамыту шаралары қарастырылды. Бүгінде нарықтың 80%-дан астамын «Даму» АТО» ЖШС-іне тиесілі «Damumed» жүйесі қамтиды. Республикалық деңгейде медициналық ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасудың толыққанды тетігінің болмауы нарықта бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар туғызып, салдарынан қазақстандық медициналық ұйымдар бір медициналық ақпараттық жүйеден басқасына ауысқанда қиындықтарға кезігіп отыр.
Осыған байланысты «Даму» АТО» ЖШС-і Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның биылғы жылдың 27 сәуіріндегі тапсырмасын орындау аясында «Е-Денсаулық» жүйесі базасында бірыңғай республикалық медициналық деректер қорын құру және медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу үшін «Damumed» деректер қорын Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Бұл үшінші тараптағы қызмет ұсынушылардың медициналық ұйымдарға бәсекелестік негізде тиісті қызметтер көрсетуіне мүмкіндік береді.