Дәрігерлер көз қылилығын емдеудің операциясыз әдісін ойлап тапты
Украиналық дәрігерлер көз қылилығын емдеудің әлемде жоқ әдісін ойлап тапты. Енді әрбір үшінші баланың көз жанарындағы ақауын операциясыз жоюға болады. Мамандар қазір бұл инновацияны Қытайда да енгізуді жоспарлар отыр. Украинада көз қылилығынан жарты миллионға жуық адам азаптанып жүр. Мамандар бұл ауруды емдеудің әлемде жоқ әдісін ойлап тапты. Тіпті, әрбір үшінші науқас пышақ астына жатпай-ақ ем ала алады. Көз жанарындағы ақауды операциясыз жоюдың бар сыры микропризмалық көзілдірікте. Марина Шевколенко, Көз микрохирургиясы орталығының дәрігер-офтальмологы: - Әдетте баланың көзіндегі ақауын жою үшін кейде алты операция жасау керек. Өйткені көз қылилығының бұрышын есептегенде, көп жағдайда қате кетіп жатады. Себебі, біздің елдегі барлық емханалар мен ауруханалардағы қондырғылар қылилық бұрышын нақты есептеп бере алмайды. Енді жаңа призманы қолданудың арқасында бұл мәселе оң шешімін тапты. Ал көзі тіптен қыли адамға операция жасауға тура келеді. Бірақ бұрынғыдай үш-төрт мәрте емес. «Алғашқы операцияда-ақ кінәратты жоюға мүмкіндік бар», - деп сендіреді дәрігерлер. Вячеслав Петров, Ақпаратты тіркеу проблемалары институтының директоры: - Бұл технологиялар әлемде алғаш рет Украинада пайда болып отыр. Олардың тиімділігі өте жоғары. Көз қылилығын операциясыз жасау деген офтальмология саласындағы эволюция десем, асыра айтқаным емес. Қазір украиналық дәрігерлер бұл инновацияны Қытайда да енгізіп көрмекші. Бүгінде бұл елде 50 млн жуық бала көз қылилығынан зардап шегеді. Авторлары: Ж.Біркенов, М.Мищенко