Дәрігерлердің жекеменшік емханаға кетіп жатуының сыры неде?
Соңғы кездері еліміздегі мемлекеттік аурухана мен емхана дәрігерлерінің жекеменшік медициналық мекемелерге ауысып кету жағдайы жиілей бастаған. Осының салдарынан еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Бір ғана Астана қаласын мысалға алатын болсақ, Мәжіліс депутаты Надежда Петухова биылғы жылдың қаңтар мен қыркүйек айларында елорданың денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарынан 1292 медқызметкер жекеменшік медициналық ұйымдарға ауысып кеткенін мәлімдеді. Оның 550-і дәрігерлер екен.
Бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп екені де байқалып отыр. Ал ауылдағы жағдайды айтуға ауыз бармайды. Айта кетер жайт, білікті медицина қызметкерлерінің жекеменшік медициналық орталықтарға кетуі мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда маман тапшылығының туындауына әкеліп, халықты жекеменшік, ақылы медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр етіп отыр. Мәжіліс депутаты Надежда Петухованың айтуынша, дәрігерлердің мемлекеттік медициналық мекемелерден кетіп, жекеменшік мекемелерге ауысуының басты себебі алдымен жұмыс жүктемесінің жоғарылығы, оған төленетін жалақының мардымсыздығы екен. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мырза да жақында: «Қазір Қазақстанда 16 млн халыққа 63 мыңнан астам дәрігер мен 140 мыңдай медбике қызмет көрсетеді. Бірақ бізге әлі 16 мыңға жуық дәрігер жетіспейді», – деп еліміздегі дәрігер мамандардың жетіспеушілігінің үлкен мәселе екеніне алаңдаушылығын білдірген еді. Әйтсе де қоғамдағы бүгінгі қалыптасқан ахуал осы кемшілікті жоюға емес, мәселенің одан әрі ушығуына мұрындық болып отыр.
Мемлекеттік емханада маман да, қондырғы да жоқ
Ауруы жанына батқан адам үшін ажалдың арашасындай көрінетін дәрігерлердің аздығы қоғам үшін үлкен мәселе екені анық. Бірақ, атап айта кетерлік жайт, бүгінде мемлекеттік емхана мен мемлекеттік ауруханада жоқ дәрігер маманды жекеменшік медициналық мекемеден оңай табуға болады, яғни маман тапшылығы мәселесін қолдан туындатып отырмыз. Мәселен, жақында қызымның бүйрегі ауырып, тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға апардым. №8 емхананың тіркеу бөліміндегі қызметкерлер «біздің емханамызда балалар нефрологі жоқ» деп, керек нефрологті жекеменшік медициналық орталықтардан іздеуіме кеңес берді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Шынымен балалар нефрологін жекеменшік медициналық мекемеден оңай таптым. Дәрігер қабылдауына, анализ қортындыларына, дәрігердің ем-дом жазып беруіне, дәрісіне бас-аяғы 20 мың теңгедей шығындап жүріп, қызымның бүйрегінің ахуалына көз жеткізгендей болдым.
Жалғыз нефролог маман ғана емес, бүгінде кез келген емханадан қалаған маманыңызды түгелдей табу мүмкін емес. Есесіне, кез келген жекеменшік емханадан керек маманды ақылы қызметпен оңай табуға болады. Алайда жекеменшік емханадағы дәрігер қабылдауына кірудің өзі 3000 мен 7000 теңге аралығында. Тіпті мемлекеттік емханада дәрігер қабылдауына кіргеніңмен, диагноз қоятын медициналық құрылғы үшін жекеменшік медициналық орталыққа жүгінуге тура келеді. Емхана дәрігері жекеменшік мекемеге жолдама жазып берумен ғана шектеледі. Өйткені бүгінде мемлекеттік емханалардың көбісінде тіпті аяғы ауыр әйелдерге арналған қарапайым УЗИ құрылғысы да жоқ. Жыл сайын мемлекет тарапынан емханалар мен ауруханаларды заманауи медициналық қондырғылармен жабдықтау үшін бөлініп жатқан миллиондаған қаржының қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Яғни білікті маман мен заманауи медициналық қондырғы да бүгінде жекеменшік медициналық орталықтардың үлесінде. Амал жоқ, халық та білікті маман мен заманауи медициналық қондырғының ізінен жекеменшік медициналық орталыққа ағылуға мәжбүр болып отыр.
Түлек бар, кадр жоқ!
Жалпы маман тапшылығы – бүгінде барлық өңірлерімізге тән құбылыс. Жекеменшікке жеткен дәрігердің мемлекеттік емханаға жетпей тұруының сыры белгілі. Бірақ әзірге мемлекет тарапынан осы мәселенің астарына үңіліп, күрмеуін шешуге талпыныс байқалмайды. Қайта күн өткен сайын мемлекеттік емхана мен ауруханадан жекеменшік медициналық орталықтарға ауысатын мамандар қатары көбейіп барады. Халықтың бәрінің бірдей жекеменшік мекеменің ақылы қызметін қалтасы көтере бермейтінін ескерсек, ұлтымыздың денсаулығына алаңдауға негіз бар секілді. Мәселен, кейбір облыстарымызда акушер, гинеколог, педиатр мамандары жетіспейді. Ал өңірлерімізді аталмыш мамандармен қамтамасыз ете алмай отырып, ана мен бала өлімін азайту жайлы мәселе көтеру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Елімізде маман дайындайтын бірнеше медициналық оқу орындары, жыл сайын оларды бітіріп шығатын мыңдаған түлек бар болғанымен, маман тапшылығы орын алуы – таңғаларлық жайт. Мұның сырын медициналық университеттің оқытушысы мемлекеттік мекемеде жағдай жасалмауымен түсіндіреді.
Қаншайым АМАНХАНҚЫЗЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Медицина саласындағы соңғы кездері жасалып жатқан реформаның қайсысы болса да, дәрігерлердің жалақысының көбейіп, жүктемесінің азаюына, мәселелерінің шешілуіне ықпал ете алып отырған жоқ. Керісінше, науқастарды емдеп қана қоймай, олардың уақытының елеулі бөлігін қағазбастылыққа арнауға себеп болып отыр. Бұрын дәрігерлер қағазға көміліп отырмайтын. Ал бүгінде күніне бес науқасты ғана қабылдап үлгереді де, бір папка қағаз толтырады. Ал Алматыдай халқы көп қалада бір емхана дәрігерінің күніне бес науқасты ғана қабылдауға үлгеріп отыратыны, кезектегі науқастардың санын соза түсетіні белгілі. Бұл процеске шыдамағандар, амал жоқ, жекеменшік медициналық орталықтарды жағалайды. Шыны керек, бүгінде медицина саласындағы қалыптасқан ахуал халықты жекеменшік ақылы медициналық орталықтарға баруға мәжбүрлеп отыр. Халыққа да, дәрігерге де қолайлы жекеменшік медициналық орталықтағы жағдайды мемлекеттік емханада да жасауға болар еді. Бірақ дәл қазіргі таңда оған ешкім құлықты болмай отыр.
Емханадағы айға созылған кезек кімге тиімді?
Айта кетер жайт, осы мәселелерге қарамастан, мемлекеттік емханадағы кезек үнемі таусылмайды. Ал жекеменшік емханада ондай ұзын-сонар кезек кездеспейді. Мақала жазу барысында Алматы қалалық №8 емхананың табалдырығын аттадық. Емхананың тіркеу бөліміндегі кезекке тұрғандардың көбісі кәрі-құртаңдар. Зейнет жасындағы кісілердің уақытының көп екенін, емханада да кезектің аз еместігін ескерсек, ұзын-сонар кезекке зейнетақысы аз, медицинаның ақылы қызметін қалтасы көтермейтіндердің ғана кезекке тұруға шыдамы жететінін аңғаруға болады. Менің алдымда кезекте тұрған орыс әжей жүрегінің бірнеше күннен бері ауырғанын, аяқ-қолының жансызданатынын айтып шағымданса да тіркеу бөліміндегі қызметкерлер 21 желтоқсаннан бастап қана кардиологтің қабылдауына талон бере алатынын айтты. Оған дейін дәрігер қабылдауында бос уақыт жоқ көрінеді. Ал аттай бір айдай уақыт пен кардиологті кәрі жүрек күте ала ма? Менің наразылығыма тіркеу бөліміндегі қызметкерлер: «Дәрігерлердің науқас қабылдауы шектеулі, біздің міндетіміз тіркеу ғана», – деп жауап берді. Адам денсаулығындағы негізгі рөлді атқаратын жүректі тексерту үшін бір айдай уақыт керек болса, басқа дәрігерлерді қанша уақыт күту керек деген қызығушылықпен басқа мамандарға талон сұрадым. Ортапедке – 17 желтоқсан, хирургке – 16 желтоқсан, гинекологке 20 желтоқсаннан бастап қана кіре алатынымды айтты. Емхананың негізгі міндеті – аурудың алдын алу! Ал емхана дәрігерінің қабылдауын кемі жарты ай күтіп, емханаларымыз аурудың алдын алумен күресіп жатыр дей аламыз ба?! Ауру мен ажал ешқашан күтіп тұрмайды. Асқынған ауру керісінше ажалды жақындата түсетіні белгілі. Сондықтан бүгінде әлем елдері мемлекет үшін асқынған аурумен күрескеннен гөрі, аурудың алдын алу әлдеқайда тиімді екенін ескеріп, профилактикалық шараларды барынша дамытуға тырысуда. Елімізде жыл өткен сайын халық денсаулығын жақсартуға, медициналық қызметтің сапасын арттыруға бөлінетін қаржының көлемі өскенімен, қызмет сапасының керісінше, кері кетіп бара жатқаны түсініксіз. Емханадағы ұзын-сонар кезектің тағы бір сыры бүгінде кез келген емханадағы дәрігер бір мезгіл ғана жұмыс істеп, түстен кейінгі уақытта тағы бір жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың жалақысының аздығы бір күнде екі жерге жүгіріп жұмыс істеуге итермелеп отыр. Ал емханадағы бір мезгілдік жұмыс уақытында бір күн ішінде санаулы ғана адамды қабылдап үлгеретіндіктен, кезектің айға созылуы да түсінікті. Айналып келгенде ақ халаттыларға мемлекеттік тұрғыдан қамқорлықтың жасалмауы кадр тапшылығына, аурудың асқынуына, емханаларда ұзын-сонар кезектің көбеюіне, халықты жекеменшік медициналық орталықтардағы ақылы қызметке жүгінуге мәжбүрлеп отыр.