Діни ақпараттық үгіт-насихат тобы келді
Соңғы уақыттары ел бірлігіне кері әсерін тигізіп, мемлекет тыныштығына қауіп төндіре бастаған оқиғалардың жиілеп кеткені рас. Еліміздің бірқатар аймағында бой көрсеткен мұндай келеңсіздіктердің түпкі себепкері діннің атын жамылған секталардың халықты (әсіресе жастарды) адастырып, лаңкестікке апаратын әрекеттерінен шығатыны шындық. Сондықтан жұрттың діни нанымына көлеңке түсіретін мұндай жағдайды дер кезінде тезге салып, танымын күшейткен жөн.
Сол мақсатта Семейге жалпы діни сауаттылық жайлы кең ақпар беретін ҚР Дін істері агенттігінің ақпараттық үгіт-насихат тобы арнайы келді. ШҚО ішкі саясат басқармасының саяси партиялармен және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Жақыпов, Өскемен қаласындағы облыстық орталық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов қалалық әкімдікте Семейдегі білім мекемелерінің басшыларымен кездесу өткізді.
Ерлан ЖАҚЫПОВ, ШҚО ішкі саясат басқармасының саяси партиялармен және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы:
– Егер 1990 жылдары елімізде 700-ге жуық тіркелген діни ұйым бар болған болса, бүгінде олардың саны 4,5 мыңға жуықтап отыр. Әрине, діни ұйымдардың көбеюі ел азаматтарының дінге деген сенімі артып келе жатқандығын көрсетеді. Алайда біз «сол діни ұйымдар мен бірлестіктердің артында кім тұр, олар нені мақсат тұтады?» деген сияқты негізгі сұрақтарды ұмытпауымыз керек. Бұл үшін еліміздің әр тұрғыны діни сауатты болғаны жөн. Біз сонда ғана өзімізді жат ағымды діни секталардан қорғай аламыз.
Ерлан Жұмашұлының айтуынша, халыққа діни ақпарат таратып, мәселенің ақ-қарасын айыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін үш топ құрылып, қазіргі күнде шығыс өңірдегі қала, аудандарда өз жұмыстарын жүргізу үстінде.
Жалпы айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты. Арнайы сауалнама жүргізу арқылы белгілі болған жайт, өңір тұрғындарының 70 пайыздан астамы дәстүрлі діни нанымды қолдайды.