Ел экономикасының бас бағыты – индустрияландыру
Желтоқсанның аяғына таман Үкіметтік дәстүрге айналған шараның бірі ‑ Индустрияландыру күні. Мұны атқарушы биліктің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы алдындағы елдегі индустрияландыру саясаты бойынша беретін ресми де бейресми есебі деп бағаласа да болады. Байтақ бағдарлама аясындағы төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан шара елдік дамудың келбеті ғана емес, келешегіне деген нық сенімді айқындай түсетіндей. Өйткені дәл осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір арқылы ел аймақтарымен байланысып, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы дүниеге келтірген инвестициялық жобалардың тұсауын салтанатты жағдайда кеседі. Биыл да осы дәстүр жалғасын тапты.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында индустрияландырудың аяқалысы сараланды. Сонымен қатар Индустрияландыру күнінің және бір ерекшелігі ел дамуында ерен еңбегімен ерекшеленген үздіктер де еленеді, мұнда. Нақтырақ айтсақ, кеше ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының дипломаттары, сонымен қатар ҚР Президентінің «Парыз» сыйлығының лауреаттары салтанатты түрде марапатталды.
Айта кетейік, «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарының өзі үшдеңгейлі. Ең жоғарғысын Мемлекет басшысы өз қолымен Гран-при ретінде табыстайды. Ал мұның алдында еңбек пен өнім сапасы һәм әлеумет алдындағы парызы бойынша ерлегендерді алдымен Үкімет басшысы Серік Ахметов, сосын осы индустрияландырудың басы-қасында жүріп, соған нөмірі бірінші жауапты ретінде белгіленген вице-премьер – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев марапаттаған болатын.
Атап айтқанда, Премьер-министр қолынан «Парыз» сыйлығының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында Қостанай облысының «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ марапат алып, лауреат атанды. Бұдан бөлек, «Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Зенит» Орал зауыты» АҚ (БҚО) лауреат болды. «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» ретінде KEGOC АҚ танылды, ал «Экологияға салған үлесі» аталымында «СолтүстікҚазЭнерго» АҚ марапатталды. Сонымен қатар «Алтын сапа» лауреаттары да сыяпатқа ие болды.
Соның ішінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аясында ірі кәсіпкерлік субъектісі «Компания Нефтехим LTD» ЖШС (Павлодар облысы), «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында «ҚазТрансГаз Аймақ», «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» бойынша «Химфарм» ЖШС (ОҚО) аталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Қобда ауылында 150 орындық «Нұрлы болашақ» атты көпфункционалды балабақшаны салып, мемлекет меншігіне тегін беруіне байланысты «Алтын Қыран» компаниялар тобы «Үздік әлеуметтік жоба» аталымында «Парыз-2013» сыйлығының жеңімпазы атанды. Сыйлықты индустрияландырудың майталман министрі Әсет Исекешев аталған компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановқа табыс етті. Бұдан бөлек, биылғы жылы еңбегімен ғана емес, ерлігімен, жігерімен де ел ықыласына бөленгендер марапаттан кенде қалмады. Олардың арасында ұлт мақтанышы, Қазақстан һәм Еуразия барысы Бейбіт Ыстыбаев, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров та та болды.
Елбасы Каспийге түсірілген екі кемені «Түркістан» мен «Бекет Ата» деп атады
Үздік озғандардың біразы ұлықталып болғаннан соң, думанды-салтанатты жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы келіп жайғасқан еді. Иә, айтпақшы, Президент жиынға бас сұқпас бұрын Тәуелсіздік сарайындағы көрмені аралап, Қазақстанның соны жетістіктерімен де танысып шықты. Сосын әдеттегі дәстүр бойынша аймақтармен жалпыұлттық телекөпір қосылды. Ең бірінші болып тікелей байланысқа Маңғыстаудың Ақтау теңіз порты қосылған болатын. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қазақстан теміржолы» компаниясы Көк Туымыздың астында жұмыс істейтін, әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын екі кеме сатып алған екен. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Ақтау портына келіп жеткен ұлттық флотымыздың тұңғыш құрғақ жүк тасымалдау кемесіне атау беруіңізді сұраймыз», – деді байланысқа шыққан компания өкілі. Елбасы мұны құп көрді. Алдымен мұның еліміздің өміріндегі өте маңызды оқиға екенін, Қазақстан теміржол, автомобиль жолдары арқылы Батыс Қытайды қазақ даласы арқылы Каспий теңізімен Еуропаға жалғайтын мемлекетке айналып отырғанын айтты Елбасы. «Сондықтан да құрғақ жүк тасымалдау мәселесі біз үшін маңызды. Қазір біз суға қазақстандық кемелерді түсірдік. Мен барлық теңізшілерді және маңғыстаулықтарды осы зор оқиғамен құттықтаймын. Жалпы, ат беру қарапайым іс емес. Оның зор жауапкершілігі бар. Сондықтан да, егер қарсылық болмаса, кемелердің бірін мен «Түркістан», ал екіншісін «Бекет Ата» деп атар едім», – деді Президент. Екі есім де қаймана қазақ үшін киелі. Сондықтан да Елбасы «Ата-бабалар аруағы қолдай жүрсін!» дегенді сөз аяғында айтып қалды. Осыдан кейінгі байланыс кезегі оңтүстік өңірге тиді. Онда Елбасының «батасымен» «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесінде жол қозғалысы жанданды. Нұрсұлтан Назарбаев осыған орай барша оңтүстікқазақстандықтарды айтулы шарамен құттықтай келе: «Жол құтты болсын! Жаңа ғана Каспийге түсірілген екі кемеге ат бердік. Біреуінің аты – «Түркістан», Қожа Ахмет Ясауи - біздің рухани қазынамыз. Екіншісінің аты – «Бекет Ата». Солардың аруағы бізді қолдап жүрсін дегім келеді. Рұқсат», - деді Мемлекет басшысы. Айтпақшы, Индустрияландыру күнін оңтүстіктегі жұртшылық үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деуге де болады. Өйткені ендігіде Түркістан халқы отандық көгілдір отынның рақатын көре бастайтын болады. «Шымкент-Түркістан арқылы автокөлік дәлізі салынды. Теміржол бар. Енді газ келді. Мұнан артық не істеуіміз керек сіздерге? Жақсылап жұмыс істеңіздер, табысты болыңыздар. Елімізге қызмет етіп, өз жағдайларыңызды, елдің жағдайын ойлайтын болыңыздар. Газ құбырын ағытуға рұқсат», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, таяуда ғана қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстігіне отандық газ келе бастады. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам халқы, 40 мың тұрғын үйі бар Түркістан қаласы экологиялық отынға қол жеткізіп отыр.
Бұдан бөлек, Президент «стартымен» тағы бірқатар нысандарға жан бітті. Айталық, жалпыұлттық телекөпір арқылы Қапшағай күн электр стансысы салтанатты жағдайда іске қосылды. Күн электр стансысының қуаты 2 МВт құрайды. Бұл 600 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. Елбасы бұл нысанды еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі ретінде атап өттті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы облысы Панфилов ауданындағы Жаркент крахмал-сірне зауытына да іске сәттілік тіледі. Айтпақшы, Елбасы дәл осы Жаркент зауытының өнім өңдеудегі орнын ерекше атап, бұрнағы жылдары Қазақстандағы «жүгерінің Отаны» саналатын өңірге айрықша маңыз арта сөйледі. «Панфилов ауданы өзінің жүгері сұрыптары арқылы бүкіл Одаққа аты шыққан, мақтанышқа ие өңір-ді. Алайда бұл дәрежеден соңғы уақытта айырылып қалдық. Оны қайтадан қалпына келтіруге тиіспіз. Сондықтан да жүгеріні терең өңдеуге кіріскендеріңіз қуантады», – деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының батасымен Қарағандыдағы темір-бетон бұйымдарын өндіретін нысан, Қостанайдағы мұрыпты прокат зауыты, «Химфарм» АҚ жаңа өндірістік қуаты, Маңғыстау жол битумын өндіру зауыты, «Номад» автокөлік өндірістері жұмысқа кірісті. Индустрияландыру шарапатымен осындай жобаларға «іске сәт» деп рұқсатын берген Елбасы, нысандардың өңірлер экономикасына қан жүгіртетіне сенімді екенін айтты.
Индустрияландырудағы ендігі бесжылдық өңдеуші саланың нақты міндетін шешетін болады
Сонымен, биыл индустрияландыру саясатының төртінші жылы қорытындыланып отыр. Бесжылдық индустрияландырудың 2010-2013 жылдары аралығында 600-ден астам жоба іске қосылыпты. Оның 125-і ағымдағы жылы пайдалануға берілген. Индустрияландыруға қатысушы кәсіпорындар 2,5 трлн теңгенің өнімін шығарыпты. Бұның өзі Қарағанды мен Павлодар секілді индустриялық облыстардың өніміне тең көрсеткіш. Индустрияландыру картасының объектілеріне 60 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орындарымен орналасқан. Әлем алмағайып күй кешіп, дағдарыстан күйбең тірлігі кері кетіп отырған тұста қазақстандық көрсеткіш шынымен-ақ мақтанарлық. Салтанатты шара барысында осындай көрсеткіштерге мән бере сөйлеген Елбасы бұрын елімізде мүлдем болмаған өндіріс пен тауарлар іске қосылғанын да тілге тиек етті. Cосын сөз арасында Президент индустрияландыру аясындағы ілкі жобаларға тоқтала келе, мұнда ел тарихында бұрын болмаған жобалардың жүзеге асып жатқанын алға тартты. «Бұл – біздің, барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі. Сонымен қатар мұның барлығы экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қазақстандықтарды лайықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жұрттың өмірі сапасы мен тұрмысын жақсартуға бағытталып отыр. Жүзеге асып жатқан осы жобалардың арқасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде күтіледі. Әлемнің барлық мемлекеттері жапа шегіп отырған жаһандық дағдарыс жағдайында бұл аса маңызды көрсеткіш», – деді Н. Назарбаев. Президенттің айтуынша, биылғы инфляция 5 пайыздан аспайды, ал жұмыссыздық 5,2 пайыздан өспейді. Бұл да жеңіске лайық көрсеткіш. Ал ендігі міндет нешік? Президент осы тұста индустрияландыру бағдарламасының келесі бесжылдығы бірқатар өңдеуші саланың нақты міндеттерін шешуі керектігіне тоқталды. «Біздің өнімдеріміз сапалы, сұранысқа сай болғанда ғана бәсекеге төтеп бере аламыз. Біз өндірісті дамытудың 2020 жылға дейінгі екінші бесжылдығын жүзеге асыратын боламыз. Істеген жұмысымыздың барлығын сараптап, жеткен жетістігімізге риза болып, болашаққа бет бұратын шақта отырмыз», – деді Н. Назарбаев.Осыған орай, Елбасы бірінші бесжылдық тәжірибесін ескере отырып, алдағы қадамдар нақты есептеліп, екшелген болуы керектігін қаперге салды. «Екінші бесжылдықтың міндеттерін, жоспарларын даярлау барысында сапаға, тиімділікке, жоспарлардың бір-бірімен байланыстылығына баса мән беруге тиіспіз. Үкіметтің ішкі, сыртқы және мемлекеттік инвестиция тартудағы нақты жоспары болуы шарт», – деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы екінші бесжылдыққа енетін әрбір жоба барлық критерийлермен терең зерделенуі тиістігін атап өтті.
Президент бизнесті заңсыз тексеретіндерге соңғы ескерту жасады
Сөз арасында шағын және орта бизнесті дамыта түсу жайында да көп айтылды. Сосын бұл жолы да Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің қамқоршысы ретінде біраз жайттың басын ашып, біраз жайтты атқарушы биліктің бетіне басып айтты. Соның ішінде әлі де болса тыйылмай келе жатқан заңсыз тексеруге ойысып, Елбасы соңғы ескерту жасағандай болды. «Заңсыз тексеру егер де тыйылмаса, бірқатар тексеруші органдарды тарату туралы шешім қабылдауым да мүмкін. Барлық министрліктер бүгінде тексерудің қысымында жүр. Олар қайдан шығып жатыр? Бізде Парламент жанындағы Есеп палатасы бар. Оның міндеті – кеңестік анахронизммен айналысу емес, аудит жүргізу. Жасырын арыз қаралмасын. Өйткені өздері арыз жазып алады да, өздері тексереді. Мұндай жолмен кете берсек, мен Қазақстандағы бірқатар тексеруші органдарды тарату туралы шешім қабылдаймын», – деді Елбасы.
Бұл ғана емес, енді бизнесті заңсыз тексерген шенеуніктерге жаза қатаңдатылады. «Бизнесті заңсыз тексергені үшін шенеуніктерге жазаны қатаңдату бойынша шаралар қабылдау маңызды болып табылады. Бұл мәселеде Бас прокуратура өз міндетін әлі де болса аяғына дейін орындап отырған жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың тоғыз айының ішінде ғана 140 мың заңсыз тексеру жүргізілсе, соның жартысынан астамы жоспардан тыс, яғни мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған ақпараты негізінде орын алған екен. «Біз нарықтық экономика құрушы елміз. Бізде іс жүргізіп, адамдарға жұмыс, жалақы беретін бизнес пен бизнесмендерді қолдау өткір назарда болуы тиіс. Мен Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болатын нормаларды алып тастау үшін біздің заңнамаға тез арада ауқымды тексеру жүргізу қажет деп санаймын. Бұл тұрғыда, жетекші рөл Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Елбасы құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға тез арада заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуді тапсырды. Онда өзгерістерді Парламент те созбақтатпай қарап шығуы керек. «Жалған негіздерге сүйеніп, заңсыз тексеруді жүзеге асыратындар сыбайлас құқық бұзушылықпен теңестірілсін. Менің білуімше, заңсыз тексеруге келгендер қандай да бір пайда көруді тіміскілеп отырады. Олар тым болмағанда мейрамханаға отырып, тегін тамақтануды жөн көреді екен. Ұят. Мемлекеттік қызметшінің жалақысы жеткілікті емес пе? Мемлекеттік қызметте істегің келмесе, бизнеске барып еңбектен», – деді Н. Назарбаев.
Түйіндей айтқанда, Елбасы шағын және орта бизнесті «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттерді алға сүйрейтін басты мәселе ретінде қарайтынын жеткізді. «Әлемнің дамыған мемлекеттерінің экономикасында шағын және орта бизнес тұтас ұлттық өнімінің тең жартысын немесе басым бөлігін өндіреді. Германияда орта және шағын бизнес саласында еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы жұмыс істейді. Бұл сектор ұлттық табыстың 50%-ын қамтамасыз етіп отыр. Шағын кәсіпкерлік саласында Ұлыбританияның ересек тұрғындарының 48%-ы еңбек етсе, Жапонияда бұл көрсеткіш 70%-дан асып жығылады. Шағын және орта бизнес Канаданың ЖІӨ-нің 46%-ын құрайды, ал Италияда ол – 70%-дан астамы. АҚШ-та олардың үлесі 97%-ды құрайды. Біздегі көрсеткіш – шамамен 25%. Әрине, бұл соншама аз болмағанымен, дегенмен біз алдымызға 30 дамыған ел қатарына кіру мақсатын қойып отырмыз. Мен жаңа атаған мемлекеттер осы озық отыз ел қатарында. Ендеше, соларға қарай ұмтылу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Үздіктер өз марапаттарын тапты
Думанды салтанатты жиынның шарықтау шегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрге сай «Алтын сапа», «Қазақстанның ең үздік тауары» және «Парыз» конкурстарының Гран-при жүлдесін иеленгендерді құттықтауымен жалғасын тапты. «Сіздердің марапаттарыңыз отандық кәсіпкерлер үшін үлгі боларлықтай жоғары жетістік. Бұл Сіздердің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестеріңіз, халықтың әл-ауқатын арттыруға жасаған септіктеріңіз. Мен баршаларыңызды осындай лидерлікке ұмтылуға шақырамын. Көшбасшы деп танылғандар да жетістікпен тоқтап қалмасын. Біздің Отанымызды бірге гүлдендірейік!» деген Елбасы өз миссиясын орындап, жүлдегерлерге марапаттарды табыс етті.
Айтпақшы, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» атты республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ға бұйырды. Ал Президенттің арнайы сыйлығы «2013 жылдың өндiрiстегi үздiк инновациялары» атты «Алтын сапа» жүлдесін Ақтөбе облысындағы «ҚазХром» АҚ» трансұлттық компаниясы еншіледі. «2013 жылдың үздiк индустриялық жобасы» атты ҚР Президентiнiң екiншi арнайы сыйлығымен Қостанай облысындағы «Номад» автокөліктерін шығара бастаған «Сарыарқа АвтоӨнеркәсiбi» ЖШС марапатталды.