Еліміз Оңтүстік Кореямен медицина саласында да әріптестік құрмақ
Жуырда Алматыға Корея республикасының бір топ дәрігері келіп, отандық денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесті. Басқосу барысында қазақстандық дәрігерлерді аталған елге тәжірибе жинақтауға жіберу мәселесі қаралды. Сондай-ақ жиында екі елдің осы салада жеткен жетістіктері сөз етілді.
Кенги-до провинциясы губернаторының денсаулық сақтау саласы жөніндегі арнайы кеңесшісі Бэ Кисудың айтуынша, Корея медициналық қызмет сапасы жағынан көп мемлекеттерден озық тұр. Мәселен, Батыс Еуропа елдері және Израильмен салыстырғанда бұл елде ем алу әлдеқайда тиімді. Оған бірнеше себеп те бар. біріншіден, Оңтүстік Кореяда медициналық қызмет көрсету құны анағұрлым төмен. Мәселен, Кореяда жүрекке жасалатын операция құны Германиямен салыстырғанда екі-үш есеге арзан. Екіншіден, медициналық мекемелері ең озық технологиялармен жабдықталған. Үшіншіден, жаңа технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Төртіншіден, аталған мемлекеттің үкіметі сырттан келіп ем алатын адамдарға үлкен жеңілдіктер қарастырған. «Кореяда онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар бірінші орында тұр. Бірақ біз озық технология, сапалы мамандар арқылы оларды дер кезінде емдеп отырамыз. Біз барлық тәжірибемізбен Қазақстанмен бөлісуге әзірміз», – дейді Бэ Кису. Аталған елге баратындардың тізімінде туберкулезді емдейтін дәрігерлер де бар.
Тоқтасын Мұқанұлы, Әуезов аудандық туберкулезге қарсы диспансердің аға дәрігері:
– Оңтүстік Корея медицинаны орталықтандыру, компьютерлендіру, ақпараттандыру жағынан көп елдің алдына шықты. Бұл сапардың біздің дәрігерлерге беретіні көп. Мәселен, кәріс елінде туберкулезбен ауыратын барлық ауруды бір жерде емдейді. Біз бұған әлі жете алмай отырмыз, – дейді.