Елімізде 1 миллионнан астам адам көлік салығын төлемеген
Елімізде 1 миллионнан астам адам көлік салығын төлемеген. Олардың берешегі 33 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, 33 миллард теңгенің 4 млрд теңгеге жуығы өсімпұл қарызы.
«Бүгінгі күні елімізде 1 084 988 жеке тұлға көлік салығын төлемеген. Олардың берешегі 33 млрд 362 млн 813 мың теңге. Оның ішінде өсімпұл құны 3 млрд 866 млн 396 мың теңге», - делінген ведомство ақпаратында.
Мәселен, бір ғана Талдықорған қаласы бойынша көлік салығын 9 мыңнан астам адам төлемеген. Олардың берешегі 245 млн теңге. Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Бауыржан Бекежанов борышкерлер берешекті төлемесе мәжбүрлі түрде өндіретін боламыз дейді.
«Төлеуі тиіс қарызына байланысты күнделікті өсімпұл жүріп отырады. Сот орындаушыларына өткеннен кейін белгілі бір кезеңнен кейін банктегі шоттары бұғатталады. Хабарламалар жіберіледі. Көліктері тәркіленіп, айып тұрағына қойылады. Қарызды төлегеннен кейін ғана көліктерін алуға құқы бар», - деді Бауыржан Бекежанов.