Елімізде тұңғыш балалар хосписі ашылады
Биыл оңтүстік астанада қатерлі ісік ауруларына шалдыққан сәбилерді емдеуге арналған республика бойынша алғашқы хоспис мекемесі ашылады. Бұл туралы кеше Алматыда Бүкіләлемдік ісік ауруларына қарсы күрес күніне орай өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Бұл мекемені ашу үшін обыр ауруына шалдыққандарды қолдауға бағытталған «Дені сау Азия» қоғамдық қоры «Мен сенімен біргемін: Хоспис – балаларға» атты қозғалыс ұйымдастырып, оған мемлекеттік және коммерциялық мекеме, ұйымдарды тартпақ. Олар медициналық әрі моральдық қолдауға мұқтаж бүлдіршіндерге қажетті мекемені дер кезінде ашуға атсалысады. Аталған қордың президенті Нағима Плохихтің айтуынша, қазіргі уақытта емдеу мекемесінің ғимараты дайын. Жақын уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қондырғылар сатып алынады.
Нағима ПЛОХИХ, «Здоровая Азия» қоғамдық қорының президенті:
– Біздің емделушілердің қорғансызы әрі әлсізі – қатерлі ісік ауруының емделмейтін түріне ұшыраған балалар. Олардың кеселмен күресуіне, аурудан арылуына көмектесуіміз керек. Еліміздегі алғашқы хосписті алдымен Алматыда, кейін республиканың басқа да өңірлерінде ашуды көздеп отырмыз.
Баспасөз мәслихатына жиналған дәрігерлердің айтуынша, бұл емдеу орнында ең алдымен тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға қызмет көрсетіледі. Айта кетейік, бір ғана оңтүстік астананың өзінде хоспистің көмегіне зәру 200-ден астам бүлдіршін бар. Жалпы, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде онкологиялық аурулардың 10 миллионнан астам жаңа дерегі анықталса, қатерлі дерттен 8 миллион адам көз жұмады екен. Ал біздің мемлекетте ісік ауруына шалдыққан 28-30 мың адам тіркеледі. Олардың үштен бірі айықпас дерттің салдарынан жарық дүниемен қоштасатын көрінеді.