Елімізде халықтың өмір сүру жасын ұзарту – ең маңызды міндеттердің бірі
Бүгінде Қазақстанда экономикалықсаланы ғана емес, демографиялық ахуалды шешубағытында да бірталай жұмыс атқарылып жатыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, жөргекпұл мен жәрдемақыны көтеру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, көші-қон жағдайын реттеу секілді мәселелер де ерекше назарда. Бұл туралы Президенттің Жолдаулары мен үндеулерінде үнемі айтылады және осыған байланысты көптеген бағдарлама да қолға алынған, деп жазады egemen.kz.
Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың 1 қаңтардағы есебі бойынша, қазіргі таңда ел халқының саны – 18 млн 877,1 мың. Оның 59%-ы қалалық жерде тұрса, 41%-ы ауылды мекен етеді.
Халық саны көбейсе, дербес ел ретіндегі тұғырымыз да беки түседі.
Ал 0-17 жас аралығындағы балалар саны жалпыхалықтың үштен бірін құрайды. Айталық, 2011 жылы осы жас аралығындағы жеткіншектер қатары 4 млн 851 мың538 болса, былтыр 6 млн 11 мың 156-ға жеткен. Еңбекжәне халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам сәбидүниеге келеді. Ал 2020 жылы 425 625 бала өмірге келген. Осылайша, былтыр дүние есігін ашқан сәбилер осыдан 33 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Демограф-ғалым Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, әр отыз жылда бэби-бум көрсеткішінің жаңарып отыруы – қалыпты көрсеткіш.
«Демографиялық ауысудың индустрияға дейінгі бірінші кезеңінде туу көрсеткіші де, өлім көрсеткіші де жоғары болды. Сондықтан халық санының өсуі баяу жылжыды. Ал екінші кезеңде медицина дамып, антибиотиктер жасалып, вакциналар шығарыла бастағанкезде өлім-жітім күрт азайып, туу көрсеткіші сол жоғары деңгейде қалды. Демографиялық статистикаға сырттан көшіп келушілер мен елден кеткендердің саны да әсеретеді. Мысалы, 1991 жылдың басында қазақстандықтар саны 16,4 млн болды, ал 2000 жылдың басында 14,9 млн адамға дейін кеміді. Бұл – кейбір этностардың тарихи Отанына оралуымен байланысты болған құбылыс. Алайда 2003 жылдан бастап, елімізде халық саны тұрақты көбейе бастады және бұл табиғи өсім есебінен болды» дейді ол.
Ал былтыр нәрестенің көптеп дүниеге келу себебін қоғам мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтан деп біледі. Үкіметтің ана мен баланы, көпбалалы отбасын қолдауға арналған әлеуметтіккөмектеріне көз жүгіртсек, бұл мақсатқа 2020 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 635,3 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның ішінде 430,7 мың адам бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны алды. Оның жалпы сомасы 52,3 млрд теңгені құрайды.
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын берілетін жәрдемақыны былтыр орта есеппен 120,9 мыңадам алған. Жалпы сомасы – 31,7 млрд теңге.
Қазақстанда «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» иеленген немесе бұрын «Батыр ана» атанған және I,IIдәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға да тағайындалған арнайы жәрдемақы бар. Былтыр мұндай көмек ақшаны 232,3 мың әйел алған. Мұндай қолдау түріне 49,1 млрд теңге жұмсалған.
Бұған қоса, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасылар да назардан тыс қалғанжоқ: ай сайынғы бұл жәрдемақы республика бойынша 428 290 мың отбасыға берілді, жалпы сомасы – 236,2 млрд теңге.
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған 89,5 мың адамға жалпы сомасы 49,6 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал 18 жастан асқан мүгедек баланың күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 14,5 мың адам алды, оларға жалпы көлемі 8 млрд теңге төленді.
Жұмыс істейтін аналарды қорғау мақсатында 2008 жылдан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен жүктілікке және бала тууға байланысты біржолғы төлем жүйесі енгізілгені белгілі. Министрліктің мәліметі бойынша, 2020 жылы бұл ақшалай көмекті 203,1 мың адам алған. Жаңадан босанған әйелдер де баласы бір жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы алады. Былтыр осы бағытта бөлінген қаржының жалпы көлемі 106,4 млрд теңгеге жетіп, әлеуметтік төлем 501,6 мың адамға берілген.
Ел Үкіметі балалы отбасыларды қолдау шараларын одан әрі жалғастырып, биыл әлеуметтік төлемдерге бөлінген қаражат көлемін былтырғымен салыстырғанда 120 млрд теңгеге өсіріп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықтыәлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Биыл айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңгені құрағаны белгілі. Осыған байланысты жөргекпұл көлемі, көпбалалы отбасылар мен аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да көбейді. Айталық, әйелдерге бірінші, екінші, үшінші баланы дүниеге әкелгені үшін берілетін біржолғы жәрдемақы – 38 АЕК немесе 110 846 теңгеболды. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге. Егер егіз, үшем, төртемдер дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жекетөленеді.
Ұлт саулығы ең бірінші ана мен бала денсаулығынатікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан қай мемлекет те осы мәселені әлеуметтік-экономикалық саясаттың басым бағыты ретінде қарастырады. Елімізде анамен баланың денсаулығын сақтау, бала тууды ынталандыру, халықтың өмір сүру жасын ұзарту – ең маңызды міндеттердің бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қолға алынған шаралар ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге септігін тигізген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеген және 2019 жылы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 болса, 2020 жылы – 7,79. Ал Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес балалар өлім-жітімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 болуы тиіс.
«Бұл салада оң динамиканың байқалуы көптеген факторға байланысты. Атап айтқанда, аналардың денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстар, перинаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін қалыптастыру – жақсы көрсеткіштерге әкелді», дейді Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғиният.
Енді министрлік медицина қызметкерлерінің біліктілігімен кәсіби білім деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, балалар мамандарының тапшылығын шешу, оның ішінде педиатр, бала реаниматологы мен анестезиолог, пульмонолог мамандықтары бойыншакадрмен қамтуды 100%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен босандыру ұйымдары мен балалар стационарларын заманауи жабдықтармен толық жарақтандыруды қарастырмақ.
Әлбетте, егер адам өзі денсаулығына жауапкершілікпен қарамаса, мемлекет қандай шараны қолға алса да оданпайда болмайды. Біздің халық өзіне-өзі салғырт қарайды. Жыл сайын тегін өткізілетін, ауруды ерте сатыда анықтауға болатын скринингтік тексерулерге де бара бермейді. Көбі әбден ауру меңдегенде ғана емхананы іздеп табады. Әсілінде денсаулықтың 55%-ы – адамныңөзіне, 25%-ы ата-анадан алынған генетикалық кодқа, тек 20%-ы ғана медицинаға байланысты екені дәлелденген қағидат. Бірақ денсаулыққа немқұрайлы қарағаннан, дәрігерге уақтылы бармағаннан ауруды асқындырып алып жатамыз. Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты акушер-гинеколог Жұпар Наханова бала туу жасындағы әйелдердің репродуктивтік денсаулығын жақсарту, ауруларды ерте анықтау, диспансерлік бақылау және оларды сауықтыру бойынша кешенді шаралар қолға алынғанымен әйелдердің өздері денсаулығына немкетті қарайтынын айтады. Жоғары санатты дәрігердің айтуынша, дені сау анадан ғана дені сау бала туады.
«Әйелдердің өлімі жүктілік пен жүктіліктен кейінгі және босану кезіндегі аурудың асқынуларынан болып жатады. Жүктілікке дейін болған сырқаттар ағзаға түскенжүктемеге байланысты сыр беріп, асқынуы мүмкін. Оны болдырмауға болады. Ол үшін әйел жүктілікті жоспарламас бұрын дәрігерге қаралып, арнайы тағайындалған сараптамаларды тапсырып, тексеруден өтуі керек. Дер кезінде емделген сырқат жүктіліктің асқынусыз өтуіне, өмірге дені сау бала әкелуге ықпалетеді» дейді дәрігер.
Ж.Наханованың сөзінше, бүгіндеәйелдер арасында қаназдық, бүйрек аурулары жиікездеседі. Соңғы кезде туа бітті даму ақауымен туатын балалардың жиілеуі де алаңдатып отыр. Сондықтан ерлі-зайыптылар дені сау ұрпақ сүйгісі келсе, уақтылы дәрігерге қаралып, алдын ала тексеруден өткені жөн. Ал ана құрсағына бала бітісімен, неғұрлым тез арада әйелдер кеңесіне тіркеуге тұрғаны абзал, дейді ол.
Ана мен баланың өлімін азайту жөніндегі ойыменбөліскен акушер-гинеколог перзентханалар мен балалар ауруханаларын білікті кадрлармен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – кезек күттірмес мәселе екенін алға тартты. Әсіресе, алғашқы медициналық көмек беретін емханалардың жағдайын жақсартып, ондағы медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жасауға ден қою керек. Өйткені ана мен баланың ең бірінші қаралатын мекемесі – жергілікті емханалар. Олар әу бастан дұрыс емдеп, жоғары білікті медициналық қызмет көрсетсе, көптеген асқынулардың алдын алуға болады.
Ұлтты құраушы халықтың саны да, сапасы да маңызды. Сондықтан мемлекет қана емес, жеке адам да ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезініп, денсаулықты нығайтуға ерекше мән бергені жөн.