Емхана «жыры» бітер емес
Өткен жылдың 15 сәуірінде «Алаш айнасы» газетінде «Бес қабатты емхана құлағалы тұр» деген мақала жарияланған еді. Онда Қызылорда қаласындағы бес қабатты №5 емхананың апатты жағдайда тұрғаны тілге тиек етілді. Дімкас күйге түскен емхананы «емдеу» мақсатында ол уақытша жабылды. Жергілікті атқамінерлер жыл соңына дейін аталмыш мекеменің толық қалпына келетініне уәде берген-ді. Алайда бұл мәселенің әлі күнге дейін соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бүгінгі күндері емхана өзіне келетін жұртты бұрынғы шаңырағында қабылдай алмай отыр.
Қазіргі күні осы аумақтағы дертіне дәру іздеген жандар қаланың шеткі аймағында қоныс тепкен теміржол емханасына сабылып жүр. Себебі – сол ғимаратта №6 емхананың дәрігерлері көпшілікті қабылдауға мәжбүр. Онда да көптеген проблемалар көлденеңдейді. Аталған ғимарат өте тар. Ол бар-жоғы 10 мыңнан астам адамға ем көрсете алады. Ал №6 емхана мамандары 70 мыңнан асатын адамға қызмет көрсетеді. Сондықтан емделуге келген қалың қауым күнұзақ кезек күтуден өзге амалы жоқ. Қаладағы ең іргелі медициналық орынның бірі саналатын №6 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Жұмагүл Рысмаханованың айтуынша, бұл жерде санитарлық талаптар сақталмай отыр. Жұрттың дертіне дәру іздейтін бөлмелер аздық етеді. Осының салдарынан жұрттың барлығын дер мезгілінде қабылдау қиынға соғады.
Жергілікті басшылар қазіргі күні басқа ғимаратты паналап отырған емхананың есігі халыққа таяу уақытта қайта ашылатынын айтады. Дегенмен дәл уақытын ешкім тап басып айта алмайды. Ғимаратты жөндеуден өткізуге жергілікті қазына қоржынынан 240 млн теңге бөлінген. Алайда емхананың жөндеу жұмысы неліктен ұзаққа созылғаны қалың жұртқа түсініксіз болып отыр.
Сапар РАХМЕНШЕЕВ, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Ғимараттың қабырғасы жарылып кеткен. Осы мақсатта ауқымды жұмыстар жасалды. Әрине, жұмыс өте күрделі болды. Сондықтан оны екі кезеңде атқаруға мәжбүр болдық. Ғимарат биылғы жылдың күз мезгіліне дейін қайтадан іске қосылады деп күтіп отырмыз.