Ең көп пайда тапқан қазақстандық 10 фильм
Қазақстандық кинопрокат жүйесінің проблемасы ең бір күрделі мәселеге айналды. Режиссерлер мен продюсерлер картинаға жұмсалған шығынның егер фильм шет елдерге шықпаса қайтарылмайтынын немесе тіпті мүмкін еместігін айтады. Бұл мәселені кинематографистердің жыл сайын өтіп тұратын жиынында көтеріп, Үкіметке ұсыныстар айтса да әзірше кино арқылы ақша табу - қиынның қиыны. Өзін-өзі ақтап қана қоймай, оның үстіне мол табыс та тапқан отандық 10 фильмнің топтамасын Tengrinews.kz редакциясы назарларыңызға ұсынады.
Айта кетейік, таяуда ғана фильмдері ең көп көрермен жинайтын қазақстандық 10 режиссердің тізімі жарияланған еді. Сонда бұл тізімді Ақан Сатаев бастап тұрған. Ал енді ең көп пайда тапқан 10 фильм тізіміне оның үш бірдей картинасы кірді - "Жаужүрек мың бала", "Ликвидатор" және "Рэкетир". "Жаужүрек мың бала" тарихи картинасы бүгінге дейін елде ең көп табыс тапқан фильм ретінде рекордшы болып отыр. Фильм кинотеатрлардан көрсетіле бастаған бірінші аптасында-ақ миллион доллар табыс тапты. Мұнымен бірге, "Жаужүрек мың бала" 2012 жылы DVD нұсқасында сатылған фильмдердің арасында көш бастады, ал "Ликвидатор" - 2011 жылы бірінші орыннан көрінді.
Ермек Тұрсыновтың "Шал" лентасы да жақсы пайда тапты. Ол 2013 жылы "Оскар" сыйлығына ұсынылған еді. Кино премьерасынан бір ай өткенде 53,5 миллион теңге қаржы жинады.
Ең көп пайда тапқан фильмдер тізіміне Баян Есентаеваның продюсерлік орталығын да батыл түрде қоса беруге болады - "Ғашық жүрек" және "Абайлаңыз, сиыр!". Олар шығынын ақтап қана қоймай, компанияға табыс та әкелді.
Фархат Шәріповтің "Қызғылт қоян туралы ертегі" фильмі шыққан кезде оның көп табыс табатынына сенім болмаған еді. Бірақ прокатқа шыққан бірінші аптаның өзінде қазақстандық кинематографияның ең бір табысты фильмдері қатарына кірді. "Қызғылт қоян туралы ертегі" Интернетте де көп көріледі.
Қазақстандық белгілі әнші Қайрат Нұртастың өмірі жайлы фильмнің сәтті болатынына ешкімнің де күмәні жоқ болатын. Әншінің мыңдаған тыңдарманының арқасында "Өкініш" картинасы бір аптаның ішінде 34 миллион теңге табыс әкелді. Лентаның 46 көшірмесі шықты, бұл көрсеткіш қазақстандық картиналардың ішінде рекорд саналады.
2013 жылы сәтті болған фильмдердің бірі 27 жастағы режиссер Сәкен Жолдасовтың "Қыз бен жігіт" фильмі болды. Бірінші уикендте 40 миллион (220 мың доллардан астам) теңге табыс тапты. Ал картинаның бюджеті 300 мың доллар ғана.
Қазақстандық прокатта 3D форматпен шыққан бірінші фильм - "А-ға оралу". Егор Кончаловскийдің фильмі прокатқа шыққан соң бір аптада 60 миллион теңге жинап алды (406 мың доллар).