Енді көшеде шемішке шаққандар 10 күнге қамалады
Қоғамдық орында темекі қалдығын лақтырып, отырған орнын ластап кететіндер саны азаймай тұр. Жергілікті полиция мұндай бұзақылармен белсене күреспек.
Шемішке шағып, айналасын ластайтындар заңға құлақ аспаса, он күнге дейін темір торға тоғытылып, үстінен әкімшілік хаттама толтырылады. Қарапайым қағиданы сақтамай темекі қалдығын лақтырған үшін он мыңнан жиырма бір мың теңге аралығында айыппұл салынады. Бұндай құқық бұзушылыққа тыйым салу жергілікті полицияның құзырында. Жаңа жылдан бері жұмысқа кіріскен жергілікті полицияның бөлімшелері қазір хаттамалардан босар емес.
"Көбінесе қазір жастар, студенттер осындай құқық бұзушылық жасайды. Қоғамдық орындарда өзінен кейін қалдықтарды тастап кету, темекіні лақтыру. Басқа қаладан келген тұрғындарда қаланың мәдениетіне қарсы әрекет жасайды",- деді Алматы қаласы ІІД Бостандық ауданын ЖПҚ учаскелік полициясы Нұрбол ЕЛУБАЕВ.
Жергілікті полиция қызметкерлері азаматтардың да белсенді болуын сұрап отыр. Өткен жылы бір ғана Бостандық ауданында осындай тұрғындармен тәртіп сақшыларының бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде 1500 қылмыстың беті ашылып, он мыңнан астам адамға әкімшілік айыппұл салыныпты
almaty.tv