Eр адам әйелін кетпенмен ұрып өлтіріп, қашып кеткен
Самарқанд облысының Пайарык ауданында әйелін кетпенмен өлгенше ұрған тұрғын 18 жылға сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Өзбекстанның жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді. Ақпаратқа қарағанда, ерлі-зайыпты үйдің жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткеніне байланысты жанжалдасып қалған. Ұрыс кезінде әйелі кетпеннің сабымен күйеуінің иығынан итеріп жіберген. Оған намыстанған күйеуі кетпенді тартып алып, әйелін есінен танғанша ұрған.
Осыдан кейін қайын атасының үйінде тұрып жатқан 30 жастағы тұрғын қашып кеткен. Әйелдің туыстары оны ауруханаға жеткізген. Бірақ ол есін жимастан қаза болған. Көп уақыт өтпей марқұмның күйеуі ішкі істер бөліміне өзі барып, әйелін сабағанын мойнына алған. Аудандық сот оны әйелінің өліміне кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырды.