«Ересек адамдар»: Гүлзира Айдарбекова кенже ұлы Заңғардың ажырасып кеткені туралы қауесетке пікір білдірді
Әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың інісі Заңғар жұбайымен ажырасып кетті деген қауесет тарап жүр. Осы ретте продюсер Гүлзира Айдарбекова KAZ.NUR.KZ тілшісіне ұлы мен келінінің қазіргі қарым-қатынасы туралы пікір білдірді.
Продюсерге тиісті сауалды портал тілшісі үлкен келіні Жұлдыздың алғашқы фильмінің жабық көрсетілімі кезінде қойған болатын. Гүлзира Айдарбекованың сөзінше, ол балаларының отбасына араласпайды.
"Керек кезде кеңесімді айтамын. Ұрысатын кезде ұрысамын. Тоқтатын кезде тоқтатамын. Бірақ олардың отбасында болып жатқан мәселелерді сыртқа айтпаймын. Олар - ересек азаматтар. Өздеріне хабарлассаңыздар, өздері жауап береді. Ал жалпы мен үш келінімді де жақсы көремін. Ешқайсысын бөліп-жармаймын, мен үшін үшеуінің де орны бөлек", - дейді ол.
Сондай-ақ продюсер үлкен келінінің тырнақалды туындысына қатысты да өз ойын бөлісті.
"Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады" деген керемет сөз бар ғой. Бұл Жұлдыздың үлкен арманы екенін білемін. Осы арманын іске асыру үшін қанша еңбектенгенін де көрдім. Сондықтан келінім үшін үнемі тілекші болып жүрдім. Менің қолдауым - аналық батамды беріп, дұғасын тілеп жүргенім деп білемін", - дейді ол.