Ерке Ертіс есеңгіреп тұр
«Ертіс өзенінің су деңгейі жыл сайын төмендеп барады. Бүгіннен бастап бұл мәселемен айналыспасақ, арыққа айналған Ертісті адымдап-ақ аттап өте береріміз анық. Яғни өзен де, ондағы балық та зым-зия жоғалады деген сөз».
Бұл жайды балық шаруашылығының инспекциялары да, облыстағы экологтар да, табиғат жанашырлары да, тіпті қала берді ау салып жүрген қарапайым балықшылар да шырылдап айтумен келеді. Алайда мәселеге жоғары деңгейде ден қойған ешкім жоқ. Себебі Ертіске тек сол өзен бойындағы облыстардың ғана емес, Үкіметтің назар аударғаны керек.
Мамандар өзен суының азаюына бір ғана емес, бірнеше фактор әсер етіп жатқандығын айтады. Бірінші проблема Қытайда жатыр. Ол ел суды тым көп бұрған. Екіншіден, өзіміздегі су электр стансалары су мөлшерін үнемдеп қалуды ойламайды, оған тырыспайды да. Бар кезде ағызып жібере береді, керек кезге үнемдемейді. Одан соң табиғи жағдай, яғни жаңбырдың аз болуы да су көлемінің азаюына өзіндік әсерін тигізіп жатыр.
Су көлемі туралы айтқанда, алдымен Қытай ауызға түсетіні әдеттегі жағдайға айналды. «Қытай елінің Ертістен алатын үлесі мемлекетаралық келісімшартта 30 пайыз деп көрсетілген» деген ақпарат таптық. Алайда бұл тек қағаз жүзінде қатып тұрған көрсеткіш екенін барлық мамандар білгенмен, «ләм» дей алмай отыр. Еркінсіген көршіміз не болса да соңғы жылдары Ертісті аямай жұтуға бекініпті. Өзен суының жыл сайын тартылып келе жатқанын өлшеп-пішіп дәлелдеудің қажеті шамалы. Оны көзбен-ақ байқайсыз. Тіпті балықтар уылдырық шашатын судың шетіндегі қалың қамыстар қазір айдалада қалған. Ал аймақта балық аулаумен айналысатын 23 мекеме бар. Барлығының ісі балыққа қарап тұр.
«Жығылған үстіне – жұдырық» дегендей, қайдан пайда болғаны белгісіз, соңғы жылдары өзен суында шаяндар да көбейіп кетті. Ол жәндіктер шашылған уылдырықты да, кішкене шабақтарды да құртып жатыр. Ал сол шаянды жәндік жейтін Қытайдың өзіне ме, әлде басқа бір оны кәдеге жарататын елге экспорттау турасында да талпыныс таныта алмай отырмыз.
Қысқасы, жағдай дәл осы қалыптан өзгермесе, көп ұзамай-ақ Ертіс өзені де, сол өзенмен толығып жатқан Зайсан көлі тәріздес көптеген су айдыны да құрақ-құрақ көлшіктерге айналады. Сонда көресіз, бұрынғы бұрынғы ма, бүгінгі Ертістің өзіне зар болып қаламыз-ау...
Ертіс өзенінің тек су ғана емес, тұтас алып жүйе, тынысы ашылмаса, тұншығатын тірі ағза екенін ескерелік.
Мират ҚАБДЫҒАЛИЕВ, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының бастығы:
– Біз қолдан келгеннің барлығын жасап-ақ жатырмыз. Өйткені су азайды деп айғайлап отыра бергеннен түк шықпайды. Өңірдегі суды босатуға байланысты ережелерді екі-үш айда бір реттеп тұруды шештік. Өйткені су көлемі өзгеріп тұрады, соған сәйкес ыңғайлы шешімдерді дер кезінде қабылдау үшін ережеге өзгерістер енгізген жөн. Әрине, бұл өзгерістерді қабылдауға мен ғана емес, осы балық шаруашылығына, су шаруашылығына қатысы бар мамандардың барлығы да қатысады. Балықтарды құтқару жұмысын да жанталаса атқарып жатырмыз. Бір ғана Бұқтырма су қоймасында балық аулау мекемелері 1,5 млн дана балықты құтқарып, суға жіберді. Яғни көлшіктерде, аздаған су қоймаларында қалып қойған балықтарды да ескеріп жатырмыз.
Евгений КУЛИКОВ, «Балық шаруашылығы қазақстандық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Алтайдағы филиалының директоры:
– Зайсан көлінің ауданы 25 пайызға тарылды. Ал ондағы судың көлемі соңғы екі жылдың ішінде үш есеге азайды. Уылдырықтар судан шығып қалды. Осылай жалғаса берсе, балықтан балық қалмасы анық...