Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Алтын Орда
Алтын Орда мемлекеті туралы білу арқылы бүгінгі ұрпақ кешегі тарих толқынына сапар шегеді. Осы орайда Қызылорда облысы, Арал ауданындағы қалалық №1 кітапханасы оқырмандарға «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Алтын Орда» тақырыбындағы тарихи сағатын ұсынды. Онда Алтын Орда тарихы туралы құнды мәліметтер айтылды.
«Ел тарихын насихаттап, болашақ ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру – әрбір Қазақстан азаматының абыройлы парызы. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алтын орданың 750 жылдығы біздің тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өтілуін, сонымен қатар Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның саяси қайраткер ретіндегі мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы маңыздылығын ұмытпау керектігін атап өтті. Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы болған Алтын Орда тарихына көз жүгіртсек, қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының аумағында құрылған мемлекетті көреміз. Талас өзенінің бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада нояндары жиналып құрылтай өткізген еді. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қара қылды қақ жарып, ынтымақ пен бірлікке бекем болды. Хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Соның арқасында қазақтың қайсар халық екендігі бүкіл дүниеге мәлім болды. Өскелең ұрпақ ата-бабамыздан мұра болып қалған тұлпар мініп, ту алған Ұлытау жеріне хан ордасы қазақ жерінің кіндігі деп ерекше құрметпен қарауы тиіс», - деді кітапхана қызметкерлері.
Тамырлы тарихымыздан сыр шерткен бейнематериалда тарихи еңбектер жөнінде де мәліметтер берілді. Ата тегінің тарихымен танысқысы келетін озық ойлы оқырмандары үшін ұтымды ұсыныс ретінде кітапхана қызметкерлері бірнеше кітаптарға шолу жасап өтті.
«Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романында қазақ халқының шығу тарихы толық баяндалған. Қайрат Бегалиннің «Алтын Орда хандары» атты көлемді еңбегінде хандар есімі, олар хандық құрған кезеңдердің жылнамасы айқын жазылған. Тұрсын Сұлтановтың «Алтын Орда» жинағында Әмір-Темірдің Орыс ханы мен Тоқтамыс хан арасындағы күрес, Алтын Орданың ыдырауы, жаңа мемлекеттің құрылуы туралы айтылған. Тарих дөңгелегі тоқтауды білмейді. Кешегі Алтын Орда болған негізгі далада бүгінгі күні жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тұр», - делінген фейсбук әлеуметтік желісі арқылы жарияланған бейнематериалда.