"Ертөстік" балабақшасы ашылды
Елбасы Н.Назарбаев "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол" атты Жолдауында: «Бұл - біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі - басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс», - деп атап өткен болатын. Президенттің Жолдауда көрсетілген айқын мақсаттарын орындау үшін елімізде "Нұрлы жол" бағдарламасы енгізілгені белгілі. Бағдарлама аясында бүгінде Оңтүстік өңірінде бірқатар игі бастамалар орындалуда, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" rgmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Мәселен Кентау қаласының жас тұрғындары білім күнінде қуанышқа кенелді. Яғни, 200 орындық мектеп пен 100 орындық балабақша ашылып, ел игілігіне тапсырылды. Байылдыр ауылында орналасқан №9 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектеп заманауи үлгіде салынған. Мұнда балалардың кедергісіз білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, салқын, ыстық су, интерактивті тақталар, ұл-қыздарға арналған еңбекке баулу құрылғылары мен бақылау видеокамералары орнатылған. Мереке қарсаңында тұрғындарды қуанышқа бөлеген екінші нысан - 100 орындық «Ертөстік» балабақшасы. Қаланың ішінде бос тұрған ғимарат мектепке дейінгі білім беру мекемесіне ыңғайластырып, пайдалануға берілді. Айта кетейік, биыл Кентау қаласында өткен жылмен салыстырғанда мектепке келуші бала саны 20 пайызға өскен.